Әділетті мемлекет және адал еңбек – қоғам дамуының басты тіректері

13 қыркүйек, 2024

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жолдауының орны да, мәні мен маңызы да ерекше, бөлек болды деп есептеймін.

Жолдау тақырыбының астарында үлкен мән жатыр. Ұзақ жылдарды қамтитын, үлкен-үлкен стратегиялық мақсаттарды көздейтін, ең бастысы, мемлекеттік тәуелсіздігіміз бен ұлттық мүддемізді, елдің бейбіт өмірі мен жеріміздің тұтастығын, адамдық, кісілік құндылықтар мен адал еңбекті бағалайтын, бірлігі мықты қоғам құруды басты орынға қоятын Президент ой-толғамдары ешқайсымызды бейжай қалдырған жоқ.

Әділетті мемлекет, әділетті қоғам орнату, осы мақсатта барлық күш-жігерімізді аямай сарқа жұмсап, ешқашан кері шегінбей, тас-түйін қолдан келгеннің барлығын жасауды осыдан бес жыл бұрын алдына басты мақсат етіп қойған Мемлекет басшысы бұл жолы да өзінің таңдап алған ұстанымына адал екенін аңғартты.

Әділет, адалдық, тазалық болмаған жерде ешқашан қоғам ілгерілемейтінін, тоқырауға ұшырайтынын, ұлттың да болашағы бұлыңғыр болатынын, ал ол өз кезегінде мемлекеттік тәуелсіздігімізге үлкен қауіп әкелетінін әрбір сөзінде анық, ашық, тарихи дәлелдермен айтып, шегелеп отырды. Мен сондықтан да биылғы жолдаудың астары терең, мәні мен маңызы ерекше бағалы, өлшеусіз болды деп осы тұсқа көбірек тоқталып отырмын.

Жолдауды үлкен мән беріп, мұқият үңіліп, асықпай, зерделеп оқып шықсаңыз, Президентіміз осы жолы көптеген құнды ой-пікірлерімен, ұсыныстарымен, алдына қойған мақсаттарымен халқының алдында ағынан жарылып, алғаусыз сөйлесті деп есептеймін.

Тоғыз тараудан тұратын, тоғыз үлкен-үлкен бағытты көздеген, осы бағыттардың әрқайсысының мазмұнын нақты ашып көрсететін, қолға ұстатып түсіндіретіндей мағынадағы жолдар әрбір қазақ азаматының, барлық қоғам мүшелерінің ой-санасына, жан-жүрегіне жетті деп ойлаймын.

«Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүріп жатыр. Соңғы бес жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Бір сөзбен айтсақ, әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалып жатыр. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз», – деп сөзін бастаған ел басшысы осынау жылдардың ішінде Қазақстан мемлекетінің қол жеткізген табыстары мен игіліктеріне біршама тоқталып алып, негізінен, алда тұрған, әлі оң шешімін таба алмай жатқан мемлекетіміздің экономикалық, өндірістік, қаржылық, салықтық саясатының осал тұстарын ортаға салып, осыған не кедергі болып жатқанына әділ бағасын берді.

Білім мен ғылым саласына, денсаулық сақтау жүйесіндегі жылдар бойы шешілмей келе жатқан түйткілдер, әсіресе экономикаға, өндіріске, ауыл шаруашылығы мен су, орман шаруашылығына қажетті білікті мамандар даярлаудағы жіберіп алған кемшіліктерімізге ашық тоқталған Президент алдымызға үлкен мақсаттар қойды.

«Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Ең алдымен су, энергетика, құрылыс пен басқа да өндірістің салаларында қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет.

Атап айтқанда, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн. Осы ретте грант құны жастарды сапалы оқытуға мүмкіндік беруге тиіс. Мемлекет қаржысын университеттің бәріне шашып, оңды-солды тарата беруге болмайды», – деді Президент.

Мен жолдаудан сөзбе-сөз цитата алып отырмын. Яғни еліміздегі жоғары білім беру саласында әлі де шешімін күтіп тұрған күрделі мәселелер бар деген сөз.

«Сонымен қатар ғалымдардың шетелдегі тағылымдамасын әншейін синекураға және «академиялық туризмге» айналдырмау керек», – деді ел басшысы. Ойландыратын сұрақ. Өмірден алып айтып отыр. Шетелге көзсіз табыну, есінен тана құмарту елімізде белең алып кетпесін деп, дер кезінде ескерту жасап отыр Президентіміз.

«2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Адал әрі табанды, еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» қағидатына толық сай келеді», – деп Президент бір түйіп өтті. Иә, бұл ұстанымын, осынау әлемдік құндылық саналатын адамдық қасиетті: адал еңбек пен адал табыс жөніндегі өз Президенттігінің бірінші күнінен бастап айтып келе жатқан құндылығын қайтара бір қоғамның ойына салды.

Жалпы, биылғы жолдау біздің алдымызға да үлкен міндеттер қойды, үлкен жол ашып отыр. Көптеген мәселелерімізді шешуімізге мүмкіндік беріп отыр. Бұл жолдауда айтылған мақсат-міндеттер тек  мемлекет алдына қойылып отырған жаңа белестер ғана емес, әрбір еңбек ұжымының, әрбір кәсіпорынның, әрбір оқу ордасының алдында тұрған белестерді де межелейді.

Осы орайда, бір ауыз сөзбен айтсам, біздің ұжым да, туған университетіміз де бүгінгі белесіне айтулы табыстармен келіп отыр. Осының алдындағы он жылдың ішінде әбден құлдырап, құлаудың, азып-тозудың сәл ғана алдында тұрған қара шаңырағымыз қайта жаңарып, қайта жасарып өз тұғырына қайта қонды. Бұл менің ғана емес, қалың елдің пікірі.

Президентіміз университетімізге осы үш жылдың ішінде екі рет келіп, осынау оң өзгерістерді өз көзімен көрді. Бішкек қаласында ашылған филиалымыздың тұсаукесеріне айыр қалпақты бәйкелеріміз қырғыз Президенті Садыр Жапаровпен бірге келіп қатысты.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының жақында ғана Астанада өткен тарихи саммитінде ҚазҰУ білім мен ғылым саласындағы барлық жетістіктерін жарқыратып көрсетті.

Бұл көтерілген белесіміз табыстарымыздың басы ғана деп ойлаймын. Университетіміз жолдауда алдымызда межеленген, белгіленген белестердің барлығын да табыспен еңсеретініне, жоспарланып отырған стратегиялық жобалардың барлығын жүзеге асыратынына сенімім мол.

Түйіндей айтқанда, Президенттің биылғы халыққа жолдауы өміріміздің барлық саласын, яғни экономикамыз, әлеуметтік мәселелер, ұлттың қауіпсіздігі мен әскери қуаты және дайындығынан бастап, білім мен ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет пен өнер, әдебиет пен руханият сияқты қоғамның қан тамырындай болған өзекті мәселелердің шешіміне жауап іздеген өте маңызды тарихи құжат, елдік дамуымыздың күре жолын айқындап берген жолдау деп есептеймін.

Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,

ҚазҰУ профессоры,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері