АДАЛ ЕҢБЕК – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ НЕГІЗІ

13 қыркүйек, 2024

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» аталған биылғы жолдауында еліміздің алдағы уақыттағы сапалық дамуын анықтаған 9 бірдей басымдықты нақтылап берді. Өздеріңізге мәлім, 9 бағыттың ішіндегі бесінші бағыт еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыруға арналғаны анық. Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Ең алдымен су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажеттігі жолдауда баса айтылды. Сондай-ақ келешекте сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл тұрғыда жоғары білім мен зерттеу университеті ретінде әлемдік позициясын нық ұстаған Фараби университеті бүгінде заман сұранысына ие жаңа мамандықтарды ашуда көш бастаған іргелі оқу орны. Соның нақты мысалы, өзгесін айтпай-ақ, жақында 90 жылдық қара шаңырағымыздың қабырғасында криптология мамандығының ашылатыны туралы жаңалық еліміздің ғылыми қоғамдастығына қозғау салған оқиғаның бірі болды.

Жолдауда айтылғандай, еліміздің халықаралық білім кеңістігіне ықпалдасуының тағы бір жарқын мысалы – бүгінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс істей бастауын атап айтсақ болады. Шетелдік жоғары оқу орындары бізге, ал тиісінше қазақстандық оқу орындары елімізден тыс жерлерде ашылып жатқанын баяндамамның басында біздің Фараби университетінің мысалында айтып өттім. Еліміздің жоғары оқу орындарының флагманы саналатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің елімізден тыс жерлерде филиалдарының ашыла бастауы отандық жоғары білім саласының әлемдік ғылыми қоғамдастыққа дендеп кіріге бастауының айқын дәлелі десек, әсіре сөз емес. Бір тараптан әлемдік ғылыми ортаға кірігу Фараби университетінің дүниежүзілік QS World University Rankings рейтингінде көш бастағандар қатарында 163-орынға табан тіреуі еліміздің ғылыми қоғамдастығындағы тағы бір айтулы айрықша жаңалық ретінде қабылданды. Жаһандық бұл көрсеткіш өз кезегінде университетіміздің әлемдік білім-ғылым өресінде танымалдығын арттырып, беделін нығайтуға бірден-бір себепкер болды деп айтуға болады.

     Президент биылғы жолдауында: «Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту керек. Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажет. Мұндай қадам әр саладағы инновацияға серпін береді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттырады», – деген еді. Осы тұрғыда еліміздің инновациялық саясатындағы тарихи жаңалық деп айтуға лайық оқиғаның бірі – Фараби университетінде әлемдік технология ғаламаты – суперкомпьютердің орнатылуын университетіміздің ғалымдар қауымдастығы зор қуанышпен қабылдағанын байқаймыз. Суперкомпьютер Қазақстан ғалымдарына цифрлық деректің үлкен көлемімен жұмыс істеуге, мемлекеттік органдардың түрлі ахуалын модельдеуге және елдің IT-инфрақұрылымын дамытудағы жаңа кезеңіне  мүмкіндік туғызатынын біліп, зор қуанышпен қабылдадық.     

 Мемлекет басшысы жолдауында: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер аса жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады», – деген болатын. Бұл тұрғыда біз қызмет атқарып жатқан Фараби университеті ұлт сапасын арттыратын жоғары сапалы мамандар даярлап жатыр деуге толық негіз бар. 

Мемлекет басшысының балалар қауіпсіздігіне баса назар аударғаны өте құптарлық жайт. Мұның себебі ақпараттық қауіпсіздік мәселесі елімізде ғана емес, жер-жаһанның құқық қорғаушылары мен БАҚ өкілдерін де  толғандырып отыр. Оның арасында интернеттің  балалар  үшін зиянды қауіп-қатерінің күннен-күнге артып келе жатқаны тағы бар. Мұның зардабы да орасан, біріншіден, бұл – ұлттық ақпараттық қауіпсіздік, азаматтардың құқықтары мен  еркіндігін  қорғаудың мәселесі. Екінші тараптан бұл жайт сөз  бостандығы  мен  жариялылық  мәселелерімен  тығыз  байланыста қарастырылады. Қазірде интернет әлеуметтік желіде бақылаусыз немесе мақсатты түрде деструктивті ақпараттың түрлі  ағымын  таратудың  алаңына  айналып отырғаны  жасырын  емес.  Бұл тұрғыда қоғамға ізгі құндылықтарды дәріптейтін  БАҚ өкілдерін даярлайтын еліміздегі бірден-бір журналистика факультетінің маңызы арта түседі. Журналистика факультетінің ғалым-оқытушылары  әлеуметтік  медианы  қолдануда  балалардың  құқығын  қалай  қорғау керек,  қазірде  интернеттен  келер  қауіп қандай және бұл бағытта елімізде және әлемнің дамыған  мемлекеттерде  әлеуметтік  және заңдық  тұрғыдан  атқарылар кешенді  жұмыстың бір парасына зерттеу жүргізіп,  өз тұжырымымызды айтуымыз қажет. Бұл тұрғыда БАҚ өкілдерінің медиаэтикасы, этикалық кодексінің сақталуына баса назар аударуымыз керек. Бұл тұрғыда Фараби университетінің журналистика факультетінің оқытушыларына артылар жауапкершілік жүгі орасан. Журналистика факультетінің базасында жүзеге асып жатқан 27 білім беру бағдарламасы бүгінде еліміздің ақпараттық кеңістігінде ізгі құндылықтарды дәріптейтін білім бағдарламалары деп айтуға толық негіз бар.

Тағы бір ерекше жаңалық – Мемлекет басшысы биылғы жолдауында Астанада жасанды интеллектінің ұлттық орталығы құрылатыны туралы жаңалықты сүйіншілеп жеткізді. Адам жасанды интеллектіні басқара ма, жасанды интеллект адамды басқара ма делінген мәңгі өзекті сұрақ қоғамда жиі қойылып жатқан тұста жасампаз зерденің қоғамымыздың барлық саласына дендеп еніп жатқаны белгілі. Білім және ғылым саласында да жасанды интеллектінің бүгінде  жаппай енгізіліп жатқаны белгілі. Фараби университетінің АТ факультетінде бұдан бірнеше жыл бұрын Жасанды интеллект кафедрасының ашылуы да осы саланы тыңғылықты зерттеп, мұқият зерделеуге мүмкіндік туғызды. Біз де осы тарапта бұл бағыттағы жұмысты толық зерделеп, журналистика факультетінде келешекте журналистикадағы жасанды интеллект білім беру бағдарламасын ашуды көздеп отырмыз.

 

         Бабамыз әл-Фарабидің танымында кемел қоғамдық өмірдің үлгісі – қайырымды қала-тұғын. Бұл бұлжымас жайт «Қайырымды қала тұрғындары» атты әйгілі трактатында егжей-тегжейлі қамтылған. Бұл шаһарда адамгершілік пен кемелдік үстемдік құрып, әділеттілік пен парасатты мінез-құлық және адамгершілік іс-әрекет салтанат құрады. Әл-Фарабидің қайырымды қаласы – өзара көмек пен жоғары рухани құндылықтарға негізделген, адамзат дамуын биік мақсатты бақытқа апаратын қоғам.

Қайырымды қала – ізгілердің қаласы, бұл адамның рухани болмыс ретіндегі тіршілігі, ол басқа адамдармен өзара көмек аясында бірлескен рухани құндылықтарға арқа сүйеген үлкен ұжым. Ендеше, менің пайымымда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты жолдауы жүктеген міндеттерді өз басым осы қайырымды қала тұрғындарының философиясымен ұштасады деп ойлаймын. Бұл бір тараптан жоғары білім мен ғылымның көкжиегін қалыптастырып, жасампаздыққа ұмтылған бүгінгі Фараби университеті – Фараби қаласының да биік пәлсапасы. Фараби қаласының табысы мол болып, қоғамды ғылыми тұрғыда ізгілендіруге бағытталған қадамдары сәтті жүзеге аса берсін. 

Қанат ӘУЕСБАЙ,

журналистика факультетінің деканы