ПРАГМАТИЗМГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ҚОҒАМ ҚҰРУ

13 қыркүйек, 2024

Президенттің биылғы жолдауының басты ерекшеліктерінің бірі –  оның Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында сөйлеген сөзімен тығыз байланысты құжат екенін атап өту қажет. Ұлттық құрылтай мүшелері тарапынан келіп түскен 107 ұсынысты жинақтап, оларды жолдауға пайдаланудың демократиялық механизмі қалыптасып отыр. Бұл Орталық Азия ғана емес, постсоветтік елдердің ішінде алғаш рет қоғамдық-саяси тәжірибеге еніп отырған маңызды институт. Айта кету керек, Ұлттық құрылтай форматын кейінгі уақытта Қырғыз Республикасы да пайдалана бастады. Өзбекстан мемлекеті де қызығушылық танытып отыр. Идеологияны өндіруші – азаматтық қоғам. Бізде азаматтық қоғам толық қалыптасып үлгермеді. Дегенмен «арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін» механизм ысылып шықты. Ол – Ұлттық құрылтай. Бір сөзбен айтқанда, бұл Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының бірте-бірте іске асып жатқанының айшықты көрінісі.

Осы орайда, философия саласының маманы ретінде Президент жолдауда көтерген сұрақтардың ішінен қоғамдық консолидацияға назар аударғым келеді.

Қоғамдық консолидацияның маңыздылығы мынадай өзектілік танытып отырған сұрақтарға арналады:

Заң мен тәртіпке, білімге және прагматизмге негізделген қоғам құру.

Шын мәнінде біз қоғам құру процесіндегі ұлтпыз. Ұлттық мемлекетті құрып алғанымызбен, оны мызғымастай етіп ұстап тұратын біртұтас азаматтық қоғам құру үлкен қажыр-қайратты және уақытты қажет етеді. Осы орайда, заңға бағыну басты аксиома болуға тиіс. Қоғамда негізсіз артықшылыққа, сондай-ақ кемсітушілікке жол бермеу маңызды.

Деструктивтік мінез-құлық үлгілерінен құтылу. Вандализм мен лудоманияға тосқауыл қоюға арналған заңдардың қабылдануы қазірдің өзінде өз нәтижелерін беруде.

 Бұқара санасында «Президент көбіне іргелі дүниелермен ғана айналысуға тиіс» деген жалған тұжырым бекіп қалған. Бірақ қоғам дамуының заңдылығы сол – егер біз көзге ұсақ болып көрінетін теріс мінез-құлықты дер кезінде тыймасақ, уақыт өте келе ол ірі қылмыстарға, түрлі әлеуметтік катаклизмдерге әкеліп соқтырады. Сондықтан да ел боламыз десек, жастардың болмысын түзу жолға бағыттауға басты назар аударғанымыз жөн. Түптеп келгенде, «Таза Қазақстан» сияқты акцияның да әлеуметтік мәні – тек қоршаған ортаны ғана таза ұстау емес, ол одан да тереңірек құндылықты орнатуға – азаматтық сана мен ойдың тазалығын, рухани тазалықты, жемқорлыққа қатысты айтқанда, жымқырудан «таза қолдың» тазалығын қалыптастыруға бағытталған.

Этникалық арандатушылықты құқық қорғау органдары заң бойынша тоқтатады.

Қазақстан мемлекетқұрушы қазақ ұлтының маңайына топтасқан көпэтносты мемлекет болғандықтан, ұлтаралық татулықтың сақталуы ауадай қажет. Бұл ретте сотсыз жазалауға жол жоқ. Құқықтық тәртіпті орнықтыру арқылы мемлекетіміз бен мемлекеттілігіміздің іргесін нығайта түсетін боламыз. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, «Тәртіпке бағынған құл болмайды».

Бізде қоғамдық деңгейде де, саяси деңгейде де «фобиялар» болған емес, болмайды және ешқашан болмайды да.

Өкінішке қарай, Қазақстан халқының 97 пайызы сауатты болғанына қарамастан,  (бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіштерге жатады), қоғамда фобиялық көңіл күйді себуші және таратушы топтар бар. Біреулері оны біліп, біреулері білмей, ілесіп істейді. Сондықтан ақылдың безбеніне салып, рационал тұрғыдан қарау мәдениетін дамыта беруіміз қажет. Ғылымның рационализаторлық әлеуетін арттыруда философия мен философтардың атқаратын қызметі мен жауапкершілігі жоғары. Қазақстан аумағы ерте заманнан-ақ инклюзив ашық аймаққа жатады. Бұл біздің географиялық қана емес, сонымен бірге мәдени-дүниетанымдық болмысымызға да айналды. Әлем мемлекеттерімен ынтымақтаса араласу, жаһандық процестерге белсенді қатысу – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.

Өткен оқиғалардан пайдалы сабақ алу.

Өсетін ұлт боламыз десек, өткенге дұрыс және бұра тартпай әділ баға бере білуіміз қажет. Бұл ретте шынайы тарихтың ақиқатын көрсету үшін 200-дей ғалымның ақыл күшінің жұмылдырылуымен «Қазақстан тарихының» 7 томдығы әзірленуде. Бұған шетелдік ғалымдар да қатысуда. Постсовет кеңістігін қоспағанда, бүгінде Қазақстан тарихын АҚШ, Германия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты озық елдердің ғалымдары да зерттеуде. Мұны тарихты танып-білудегі объективтілікті қамтамасыз етудің бірден-бір шарты деген көзқарас та қалыптасып отыр. Дегенмен де негізгі ұстын деколонизацияланған ұлттық таза сана болуға тиіс деп есептейміз.

Президент сондай-ақ қоғамда өзекті болып отырған төрт мәселеге тоқталды:

Жол-көлік оқиғасы (жолдардағы апат). Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасы салдарынан 1300-ден астам адам қаза тауып, 16 мыңнан астам адам зардап шекті. Жүргізушілердің дайындық деңгейінің төмендеуі. Мектепте жүргізуші куәлігін арнайы оқымай-ақ алу бәсеңдемей отыр. Мұның түбі азаматтарымыздан бейбіт күнде айырылуға, денсаулықтарына нұқсан келтіруге әкеп отыр.

Әскер. Армия басшылығы азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін ерекше жауапкершілікке ие.

Әскер – мемлекеттің бес негізгі тұғырының бірі әрі бірегейі. Сондықтан бұл сұраққа жайбарақат қарамаған жөн. Әскерге барушылардың өлімі де жиілеп кетті. Бұл қазақстандық патриотизмге айтарлықтай көлеңке түсіріп отыр. Бабаларымыз «Отан – оттан да ыстық» дейді. Отан үшін отқа түспей, жазықсыз құрбан болып кетудің түбі қиын екенін ойланатын кез келді. Әрі қарай жалғаса берсе, мемлекеттілігіміз үшін салдары орасан ауыр болмақ. Сондай-ақ әскерге басқа ұлт өкілдерінің де баруға ынталы емес екені айтылып жүр. Бұл ретте әскери доктринаның қайта қаралуы, онда бүгінгі қоғам шындықтары ескерілуге тиіс деп санаймыз.

Ақпараттық алаңдағы популистердің өсуі. Біз талқыланып жатқан мәселелердің мән-жайын біле бермейтін, тым асыра сілтеуге бейім тұратын популистердің кейбір бастамаларын қоғамдағы қандай-да бір топтар  іліп алып, өз мүддесіне бұрып әкетіп жатыр. Мұның демократияға еш қатысы жоқ.

Популизм – өкінішке қарай, цифрлық қоғаммен бірге еріп келген әлеуметтік кеселдердің бірегейі. Мұның алдын алудың бірден-бір жолы – жергілікті демократияны және қоғамдық бақылауды дамыту. Конституцияда көрсетілгендей, әрбір азамат мемлекет басқару ісіне белсенді атсалысуы қажет. Бұған бүгінде жақсы жағдай жасалып отыр. Бұрын азаматтар қоғамдық бақылаудың субъектісі бола алмайтын. Былтыр «Қоғамдық бақылау туралы» заңы қабылданды. Енді қоғамдық бақылаумен қоғамдық кеңестер сияқты арнайы субъектілер ғана емес, сонымен қатар азаматтар да бес адамға дейін бірігіп іске асыра алады. Біз осындай механизмдерді пайдаланып үйренгенімізде популистерге деген қажеттілік өздігінен азаятын болады.

Цифрлық технологиялардың адамдардың күнделікті өміріне кеңінен енуі нәтижесінде әртүрлі алаяқтықтардың көбеюі. Қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды.

Бізге қазір цифрлық сауаттылық пен қаржылық сауаттылықты жаппай оқытатын ұлттық жоба қажет. Қаржылық сауаттылыққа қатысты «Аманат» партиясының атқарып жатқан жұмыстарына оң баға берілуде. Алайда бұл әлі жеткіліксіз. Бұларды мектеп қабырғасынан бастап оқытқан жөн. Осы арнада бағдарламалар әзірленуге тиіс. Сондай-ақ бұл проблемалардан қорқудың да қажеті жоқ, өйткені постиндустриал қоғаммен бірге ілесіп жүретін асоциал элементтер әрі біздің әлем көшінен қалмай үзеңгілесіп дамып келе жатқанымызды дәлелдейді. Демек, цифрлық сауаттылық пен қаржылық сауаттылық – бұл постиндустриал қоғамның шындығы. Қоғамдағы интенсивтендірілген  заманауи өзгерістерге бейімделуді, иммунитетті  мектептен-ақ қалыптастыру керек.

Ұлттық байлықтың барлық элементтерін эксперименттік ақшалай бағалау постиндустриал қоғамның ұлттық байлық құрылымында, қорытынды бағалаудың 2/3 бөлігін құрайтын адами капитал басым екенін көрсетті. Табиғи капиталмен қамтамасыз ету ұлттық байлықтың орта есеппен 1/5 құрайды. Озық елдердегі ұлттық байлықтың жоғары деңгейі, ең алдымен, табиғи ресурстармен қамтамасыз етудің төмен деңгейімен, ал адами капиталдың адекватты дамуына байланысты екенін көрсетіп отыр.

Дамыған елдердің экономикалық артықшылығы адами капиталды құр ұлғайта беруге емес, адамның шығармашылық қызметінің нәтижелерін өндірісте пайдалануына, қайта өндірілетін ресурстардың көлемі мен сапасына негізделген.

Демек, әлемнің дамыған елдерінің көш басын бермей келе жатқанын терең зерделейтін кез келді. Олардың жетістігінің бір негізі – ғылымды мектептегі білім беру саласына енгізуі. Мысалы, Франция сияқты елдерде заман талабынан туған пәндер мектепте оқытылады. Терең өмірмәнділік ойға жетелейтін «Философия» ғылымы да күресінге лақтырылып тасталмай, мектептен бастап оқытылып келеді.

Қазіргі кезде діни деструктив қауымдастықтардың тырнағына жастардың ілігуі толастамай отыр. Оның себебі –   жастардың сыни пайымының жоқтығы. Діни догмалардың да өршіп жатқаны осыдан. Сондықтан мектепке аталған пәндермен бірге «Сыни ойлау» пәнін де енгізу керек деп есептейміз. Ал бұл сабақтың негізі «Философия» екені дау тудырмаса керек.

Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің ғалымдары әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар бағытында, философия, саясаттану, әлеуметтану, дінтану, мәдениеттану, педагогика, психология салаларында іргелі зерттеулер жүргізіп, нәтижелерін оқу үдерісіне енгізіп келеді. Соның ішінде Философия кафедрасының профессор-оқытушылары Президент қозғаған, жолдауларында жеткізген мәселелерге үн қосып, осы бағытта да зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазіргі кезде мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге арналған «Кішкентай философ» топтамасын әзірлеп, аяқтап қалдық. Алда мектеп оқушыларына арналған «Философия» оқулығын әзірлеу жоспарымызда бар. Сондай-ақ бір топ ғалым практикалық философияны, атап айтқанда әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді оқытудағы интегралды білім беру мен дизайн-ойлау тұжырымдамалық метамоделін зерттеуге кірісіп кетті.

                                   Әсет Құранбек,

Философия кафедрасының меңгерушісі