Неміс зерттеу қоғамымен ғылыми ынтымақтастық

18 қыркүйек, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Орталық Азия өңірімен ғылыми ынтымақтастықты кеңейту аясында неміс зерттеу қоғамының (DFG) өкілдерімен кездесу өтті.

Кездесудің мақсаты – ғылыми және зерттеу мекемелерімен байланыс орнату, сондай-ақ Германиямен ынтымақтастық салаларын кеңейту. Неміс делегациясы екіжақты ынтымақтастық жобаларымен танысу үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да болды. Университет елдегі ең үздік және халықаралық бағдарланған жоғары оқу орны болып саналады.

Ғылымдағы іргелі зерттеулерді қаржыландыратын ұйым ретінде DFG жалпы Германияның ғылыми қауымдастығының қажеттіліктерін қанағаттандырады, атап айтқанда неміс зерттеушілеріне халықаралық бағытта бүкіл әлем бойынша серіктестермен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік беретін негіздемелік жағдайлар жасайды. DFG Германиядағы ғылым саласындағы ынтымақтастықтың жаңа әлеуетін пайдалану үшін Орталық Азиядағы қатысуын біраз уақыттан бері кеңейтіп келеді. ҚазҰУ  бұл аймақта маңызды рөл атқарады.

Кездесуге Басқарма мүшесі – ғылыми және инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова, Ғылым департаментінің, Коммерцияландыру кеңсесінің, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің өкілдері, факультет декандары, сондай-ақ DFG халықаралық байланыстар бөлімшесінің басшысы Ерг Шнайдер бастаған неміс делегациясы қатысты. Неміс делегациясы: Элиза Бреккефельт – DFG халықаралық байланыстар бөлімшесінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша маманы, Мехтильд Кёлер – DFG халықаралық байланыстар бөлімшесінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша аға көмекшісі, Козима Шустер – DFG инженерлік ғылымдар жөніндегі бағдарламалық директоры және Питер Либельт – Алматыдағы Орталық Азия тұрақты инновациялар бюросы (CASIB) кеңсесінің басшысы.

Неміс делегациясының ҚазҰУ-ға сапарының мақсаты –институционалдық деңгейде екіжақты ғылыми ынтымақтастықты нығайту. Осыған орай, университет барлық факультеттер үшін 100-ден астам мүдделі тараптардың қатысуымен гибридті ақпараттық іс-шара ұйымдастырды, онда неміс делегациясы өз институттары туралы ақпаратын баяндап, әлеуетті серіктес институттармен кездесіп, ғылыми әзірлемелерін көрсетті.

Қатысушылар сондай-ақ болашақ ынтымақтастық бағыттарын анықтады: олар БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге де қызмет етеді және «ЕО-Орталық Азия» стратегиясында (энергетикалық қауіпсіздік, климатты қорғау, қоршаған орта, денсаулық сақтау және цифрландыру) зерттеулердің басым бағыттары ретінде атап өтілді. DFG қазірдің өзінде қазақстандық серіктестермен бірлесіп осы салалардағы зерттеу жобаларын қаржыландыруда.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰ-дың Баспасөз қызметі