ҚазҰУ студенттері болашақ мәселелері жөніндегі саммитке қатысты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері мен ғылыми қызметкерлері Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының үйлестіруімен 2024 жылдың 18-23 қыркүйек аралығында «БҰҰ-ның болашақ мәселелері жөніндегі саммиті» шеңберіндегі іс-шараларға қатысты.
Ауқымды іс-шара даму практикасы бойынша магистратура бағдарламасын (MDP) іске қосуға арналған ХVІ халықаралық пре-саммиттен бастау алды. Саммитте Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты MDP бағдарламасының ҚазҰУ түлектерінің білім беру үдерісіне және жұмысқа орналасу әсеріне қатысты презентация жасады.
Жиынға MDP жаһандық қауымдастығына кіретін барлық жоғары оқу орындарының сарапшылары қатысып, серіктестермен ТДМ қағидаттарын білім беру және зерттеу жұмыстарына енгізу тәжірибесін талқылады.
MDP бағдарламасы әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан 35 серіктес университеттер арасында жұмыс істейді, олардың ішінде Колумбия университеті, Гарвард университеті, Берклидегі Калифорния университеті, Австралиядағы Монаш университеті, Миннесота университеті, Ватерлоо университеті, Цинхуа, Тайвань ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Малайзия ғылыми университеті және т.б. жоғары оқу орындары бар.
Айта кетсек, ОА-ның серіктес жоғары оқу орындарының қатарына тек ҚазҰУ кіреді. Сондай-ақ ҚазҰУ-дың MDP жаһандық қауымдастығына қосылғалы курс тыңдаушылары 50-ге жуық жобаны іске асырып, олардың 70 пайызға жуығы БҰҰ агенттіктеріне және ТДМ іске асыру саласындағы басқа да ұлттық және халықаралық компанияларға жұмысқа орналастырылды. Оған қоса, Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты Колумбия университетінің Тұрақты даму орталығы (CSD), Даму практикасы бойынша магистратура бағдарламасының жаһандық қауымдастығымен өткен тұрақты даму жөніндегі халықаралық конференция шеңберінде ҚазҰУ студенттері мен ғылыми қызметкерлеріне арналған дөңгелек үстел өткізді.
Ұйымдастырушылар –Тұрақты даму саласындағы мамандардың халықаралық қауымдастығы (ISSP), «Giti Group» корпорациясы және «Siemens Gamesa Renewable» компаниясы. Дөңгелек үстелде халықаралық сарапшылар мен ғылыми қоғамдастықтың ТДМ-ға жүзеге асыру, яғни цифрландыру, климаттық өзгерістер, қалалар мен қауымдастықтар, оның ішінде смарт-қалалар, агроазық-түлік жүйелері, тиімді ғылыми зерттеулер мен білім беруді ілгерілету, түрлі секторлардағы басқаруды жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі