Ғылыми психология мектебіне арналған дөңгелек үстел өтті
Фараби кітапханасында ҚазҰУ-дың 90 жылдығына және академик Жолмұхан Түркпенұлының мерейтойына орай ұйымдастырылған «Психология және педагогика ғылыми мектептер: ұрпақтар диалогы және сабақтастығы» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Жиынға Қазақстан, Ресей, Финляндия, Оңтүстік Корея, Польша, Өзбекстан Республикасының жоғары оқу орындарының ғалымдары, ҚР қоғам қайраткерлері, ҚазҰУ оқытушылары, профессорлар және студенттер қатысты. Шара аясында академик Жолмұхан Түркпенұлының кітаптары мен еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылып, ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы бейнеролик көрсетілді.
Дөңгелек үстелде сөз алған ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жәмила Айтжанова академик Жолмұхан Түркпенұлын мерейтойымен құттықтап, ҚазҰУ-мен замандас ғалымның отандық психология саласының дамуына сіңірген елеулі еңбегін ерекше атап өтті. «Жолмұхан Түркпенұлы – қара шаңырақ ҚазҰУ-дың ғылыми мектебінің және академик Төлеген Тәжібаев мектебінің өкілі. Көп жылдар бойы Т.Тәжібаев мұрасын зерттеген ғалым», – деді проректор.
Іс-шара аясында «Ұлағатты ұстаз. Ж.Түркпенұлы» кітабының тұсаукесері өтті.
Жолмұхан Түркпенұлы – Қазақстанда педагогика және психология ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан санаулы ғалымдардың бірі. Педагогика ғылымының кандидаты, профессор Жолмұхан Түркпенұлы 200-ге жуық еңбегін жариялады. Олардың қатарында 20 монография, 50-ден астам оқу және оқу-әдістемелік құралдар мен оқулықтар, ғылыми мақалалар жарыққа шығарылды.
Зерттеулерде автор бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған балалар мен жастар үшін кәсіби бағдар (кәсіптік бағдар) және болашақ мамандықты таңдау мәселелеріне көп көңіл бөледі. Солардың ішіндегі бірегейі – «Кәсіптік бағдар» атты еңбегі. 1995 жылы жарық көріп, 2014, 2015 жылдары Ғылым және білім министрлігінің сұранысымен қайта басылып шықты. Ғалымның «Тәрбие психологиясы» атты оқулығы (2008, 2018, 2020 жж. үш басылым) болашақ ұрпаққа тәрбие берудің түрлі әдіс-тәсілдерімен, бағыт-бағдарымен ерекшеленіп шыққан құнды дүние.
Кездесу барысында арт-жаттықтырушы, тәуелсіз зерттеуші, психолог Белолы Василий Саввовичтің (Финляндия), ҚазҰУ профессоры, Жамбыл атындағы қазақ фольклоры мен әдебиетін ғылыми-зерттеу орталығының директоры Алмасбек Мәуленовтің, психология ғылымының докторы, Вармин-Мазур университетінің профессоры Хазрат Нигораның және т.б. баяндамалары тыңдалды. Іс-шараға қатысушылар мен әріптестер дара ұстаз, ғалым Ж.Түркпенұлының ғылыми шығармашылығы және ұстаздық жолы туралы өз пікірлерімен бөлісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі