Фараби университетіне бет алған адамның көзіне ең алдымен Алатаудың ақ қарлы шыңдары және оның аясында ойға шомып тұрған әл-Фарабидің бейнесі шалынады. Мен үшін олардың бірі – табиғаттың, екіншісі – парасаттың символ-бернесі. Ал табиғат пен парасат, біздің ұғымымызда, бұл ғұмырдағы баянды да сәулелі, мәңгі ұғымдар... Осынау бейнелердің ғажап үйлесімі тек қана Қазақ университетіне, тек менің туған университетіме тән үйлесім екенін ойлағанда, кеудемді мақтаныш пен алғыс, жауапкершілік сезімі қат-қабат кернейді. Осы сезіммен пендешілік тірлікті артқа ысырып тастап, рухани ордама қарай ентелей ұмтыламын... Шын мәнінде осы бір ғажап мекенде білім мен ғылым атты қасиетті де баянды ұғымдар өсіп-өнуде.
УНИВЕРСИТЕТ – ПАРАСАТ МЕКТЕБІ
Асқар таудың бөктеріндегі мәңгі жас көркем қалашық – «КазГУградқа» 1988 жылы, он сегізге толар-толмас балғын шағымда тұңғыш рет аяқ басқан едім. Кеудемде үміттен гөрі күдік басым еді, «мынадай салтанатты да еңселі білім ордасы мен үшін есігін аша ма, мен оған лайықпын ба...» деген тәрізді ой көкейімде тұрды. Ол кезде қазіргідей тест тапсыру деген атымен жоқ, үш рет емтиханға кіріп, шығарма жазып, ауызша жауаптар беріп, конкурсқа түсіп, түрлі жеңілдіктері бар абитуриенттерден кейін әзер дегенде 30-орынға іліндім-ау... Осы бір сәттіліктің тағдырдың өзіме сыйлаған үлкен бақыты екенін сол кезде пайымдай алмаған да болармын...
ҚазҰУ-дағы бес жыл, университет пен ол кезде А.С.Пушкин атындағы кітапхана мен жатақхананың арасын жол қылған, ұстаздарымның берген тізіміндегі бұрын атын естіп те көрмеген ғалымдардың кітабын көз майын тауысып оқып, талай қалың дәптерлерді толтырып, конспект жазған, ақыл-қиялыма қанат біткен, танымым өскен қайталанбас студенттік күндерім өмірімдегі ең саналы, ең өнімді, мағыналы жылдар болғанын қазір түсінгендеймін...
Әбу Насыр әл-Фараби «Ақыл-парасат – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнердің қыр-сырын ұғынуына, жақсы қылық пен жаман қылықтың аражігін ашуына көмектесетін күш» деген екен. Шығыс данышпанының бұл сөздері қандай дәл айтылған. Университет мен үшін ақыл-парасат мектебі болды, ол мені ойлау-ойланудан – пайымдауға – ұғынуға – ұғымның аражігін ажыратуға үйретіп, өмір атты академияға дайындап шығарды...
ФИЛОЛОГИЯ – СӨЗДІ СҮЮ ФАКУЛЬТЕТІ
...Университеттен факультет таңдау да он сегіз жастағы маған оңай болмап еді. Шығыстану, философия, заң, тарих ғылымдары да қызықтырып, қол бұлғады. Дегенмен «Өнер алды – қызыл тіл» деген мақалды жаттап өскен қазақ баласы ретінде филологияға бүйрегім бұра берді. «Қазақ тілі мен әдебиеті» атты қанымызға сіңген қастерлі де қасиетті атауы бар мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін, себебі жоғарыда аталған өзге ғылымдардың бәрі де тілмен сипатталады, сөзбен баяндалады, ал әдебиетте ұлттың болмысы мен жаны тірі қалпында сақталады деп ұқтым. Бұл мамандық мені ешқашан өз ұлтымнан алыстатқан емес, керісінше, туған халқымның рухани болмысына бойлата берді...
Міне, мен оқыған факультет те тарихы терең, мұраты биік факультет еді... Осы бағытта білім тереңіне жетелеген, дәрістерімен ойымды өсірген ардақты ұстаздарымды қалай ұмытайын...
КЕУДЕСІ ЖАҚСЫЛАРДЫҢ – АЛТЫН САНДЫҚ
«Кеудесі жақсылардың – алтын сандық» деген мақалдың мағынасын университетте дәріс берген ұстаздарымның ұлағатын ұғынған сайын пайымдай түсемін. Филология факультетінде бес жыл (1988-93 жылдар) бойына әдебиет пен тілді оқытқан аяулы ұстаздарымның жарқын да асыл бейнелері көз алдыма келіп тұра қалады: Ханғали Сүйіншәлиев, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Мархабат Томанов, Алма Қыраубаева, Сапархан Мырзабеков, Берікбай Сағындықов, Хасан Каримов, Айтбай Айғабылов, Талғат Сайранбаев, Мырзатай Серғалиев, Әуез Бейсебаев, Ерлан Ахмаев, Салтанат Белтенов т.б. Осы ұстаздарымның әрқайсысымен жүрегіміз қан жылап қоштасқанда, қай-қайсысының да берген өнегесі мен ұлағаты алдымен есімізге келді. Ұлт рухының қайнар көзі – ана тіл мен әдебиеттің қыр-сырын, құпиясы мен қасиетін жас ұрпақтың бойына сіңіруге, теориясы мен тарихын танытуға саналы ғұмырларын сарп еткен ұстаздарымның әрбірі құрмет пен алғысқа лайық.
Әлі күнге дейін ақылы мен қамқорлығын аямай алдымызда асқар тауымыздай болып жүрген Жанғара Дәдебаев, Қансейіт Әбдезұлы, Жансейіт Түймебаев, Зинол-Ғабден Бисенғали, Өмірхан Әбдиманұлы, Мүбәрак Үмбетаев, Светлана Әшімханова, Аслан Жақсылықов, Темірғали Есембеков т.б. ұстаздарыма Алла ұзақ ғұмыр бергей деп тілеймін, ҚазҰУ-дың қазынасына айналған ардагерлерімізден үйренеріміз әлі де көп.
Мен үшін факультетте оқытушылық қызметті бірге атқарып жүрген Фазыл Бисенбаев, Нұрлан Сағындықов, Шоқан Шортанбай, Самал Дәрібаев, Гүлмира Қазыбек, Аяужан Таусоғарова, Ерхан Карбозов т.б. сынды қатарлас, қанаттас әріптестерімнің өзі де бір-бір тұлға, себебі біз бәріміз де ұстаздықты қызмет те, міндет те емес, парызымыз, мұратымыз ретінде атқарып жүрміз деп санаймын. Өйткені біздің бәрімізді аяулы ұстаздарымыз, Әл-Фарабидің атындағы қасиетті университетіміз осындай өнегемен тәрбиелеген.
ҚАЗҰУ-ДЫҢ СӘНІ МЕН МӘНІ – СТУДЕНТ ЖАСТАР
Ақыл-парасат салтанат құрған осындай қастерлі мекенде, шыршамен, гүлмен көмкерілген ертегідей қалашықта білім алып жүрген жастар қандай бақытты еді... Ғылым мен білімнің әр саласынан түрлі мамандықты таңдап, оқып жүрген білімгерлер арасында тіл мен әдебиетті таңдап, ізімізді қуып келе жатқан филолог студенттеріміздің орны мен үшін ерекше. Филология факультеті – туған тілі ананың сүті, әкенің қанымен бойына сіңген, тілмен бірге халықтың бүкіл ұлттық болмысын бойына жинаған ізетті, ибалы қыздар мен ұлтжанды, саналы, қайсар жігіттер оқитын қасиетті орта. Болашақ тілшілер мен әдебиетшілер халқымыздың қасиеттерін өз бойында жинақтап қана қоймай, келер ұрпақтарға жалғастыратын, рухани сабақтастықтың үзілмеуіне қызмет ететін келешек зиялылар десек артық емес. «Өнер алды – қызыл тіл» демекші, сөз өнерін серік еткен бұл жастардың өз замандастарынан оқ бойы озық жүретініне, адам өмірінің мәнін, білім мен ғылымның маңызын терең ұғына білетіндігіне кәміл сенемін.
ҚазҰУ-да оқып жүрген студенттерімнің жан-жүрегі де, мінезі де ҚазҰУ табиғатындай көркем болып, ақыл-парасаты мен мақсат-мұраты Алатаудай биіктей берсе, әл-Фарабидің «Ғылыммен айналысамын деген адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт. Жай ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет онда болмасқа керек» деген сөздерін жадынан шығармаса деген ұстаздық тілегім бар.
Қазіргі уақытта ҚазҰУ қалашығында студенттердің білім алуына, рухани өсуіне, денсаулығын нығайтуына өте жақсы жағдай жасалуда. Көрікті шырша, гүлзарлармен көмкерілген қалашықта заманауи тұрғыдан жасақталған Фараби кітапханасы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, күрделі жөндеуден өткен жайлы жатақханалар, обсерватория, технопарк, лабораториялар т.б ғимараттар бар. Жақында ғана халықаралық деңгейдегі ғылыми-инновациялық хаб құрылғаны туралы хабарланды. Әрине, ғылым мен білімді игерген маман болған дұрыс, дегенмен маман болумен қатар, біздің жастарымыздың адал да әділ, ізгі де қайырымды адам болып қалыптасуы өте маңызды. Бұл орайда, қалашықтағы тағы бір ерекше көріністі – әдемі аллеяның бойында ілінген «Абайдың Кісілік кодексін» арнайы атап өтсек, артық болмайды. ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында атқарылған ғылыми жоба нәтижесі болып табылатын «Абайдың Кісілік кодексі» қазіргі уақытта ҚазҰУ-дың өзіндік брендіне айналған. Кісіліктің қарапайым қағидаларынан құралған қанатты сөздер ҚазҰУ қалашығында білім нәрін жинап жүрген жас өрендердің рухани санасына оң әсер етіп, тура жолға бастайтыны кәміл. Ізгілік пен парасатқа, білім-ғылымға қарай тоқсан жылдан бері үздіксіз қадам басып, биіктеп келе жатқан мәңгі жас, мәңгі көркем Фараби университетім жасай берсін!
Ләйла МҰСАЛЫ,
филология ғылымының кандидаты, ҚазҰУ жанындағы
Абай ғылыми-зерттеу институтының доценті