Сырттан білікті маман келсе,өндіріске оң ықпал етеді

Ғалым-ұстаздың көп қырының бірі – сараптама жасау. Сондықтан қоғамдағы кез келген өзекті мәселе, әсіресе саяси әлеуметтік-экономикалық түйткілдер Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ сарапшыларының назарынан тыс қалмайды. Олар ішкі-сыртқы жағдайды жіті бақылап, зерттеу-талдау жұмыстарын ғылыми ізденістерінде, дәрістерде қолданады. Сондай ғалым-сарапшының бірі – социология ғылымының докторы, Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының профессоры Мәнсия Садырова «Qazaq unіversіtetі» газетінің сауалдарына жауап береді.
– Мәнсия Сапарғалиқызы, қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – ішкі-сыртқы көші-қон жағдайы. Сіздіңше, инфрақұрылымның дамуына миграцияның кері әсері бар ма?
– Негізі, ел ішіндегі көші-қонға бірнеше фактор себеп болады. Алдымен ел аймақтарының біркелкі дамымауы, сондай-ақ түрлі өңірде табыс пен прогресс мүмкіндігінің әртүрлі болуы ықпал етеді. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы айтар болсам, ауылдық аймақта аз перспективаға байланысты және айлық жалақының жоғары болмауы себепті ондағы халық мегаполистерге, қалаларға көшіп жатыр. Өйткені Алматы, Астана, Шымкент сияқты ішкі мигранттар ең көп баратын ірі қалалардағы әлеуметтік және экономикалық саланың дамуы көші-қонға түрткі. Кәсіпті ауылға қарағанда қалада бастау әлдеқайда ыңғайлы және жылдамырақ. Ауылдан қалаға немесе бір қаладан екінші қалаға көшетін жастарды үш топқа бөлуге болады. Олар: үлкен қаладағы өмірге бейімделіп алғандар; қылмыс жолына түсіп кеткендер; қала өмірінің қарқынын көтере алмай, кері қайтқандар.
Мәселен, біздің елімізде 2020 жылы ішкі миграция мен урбанизация деңгейі төмендеді. Ал пандемия елдегі көші-қон процесіне әсер етті деуге болады. Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020 жылы бір облыстан екіншісіне қоныс аударатын қазақстандықтардың саны 20 пайызға төмендеді. Ал өз облысы аумағында мекенжай ауыстыратын ауыл және қала тұрғындары саны 26 пайызға азайды.
Жоғарыда айтқанымыздай, басқа аймақтардан көшкендердің жартысынан көбі (52 пайыз) Алматыға (72,7 мың), Астанаға (66,5 мың), Шымкентке (39,4 мың) тұрақты тұруға қоныс аударған. Осы мегаполистердің әрқайсысына қоныс аударушылар саны 2020 жылы 12-22 пайызға төмендеген. Халықтың, әсіресе, Астанаға қоныс аударуы азайған (22 пайыз). Басқа облыстарда көші-қон сальдосы теріс, яғни сол аймаққа көшіп келгендерге қарағанда ол жерден кететіндер көп. Көптеген облыста миграция тенденциясы ұқсас. Кеткендердің жартысы мегаполистерге, Ақмола және Алматы облыстарына қоныс аударады, қалғаны өзі тұрған мекенге көршілес облыстарға кетеді. Ішкі қоныс аударушылардың көбі – оңтүстік тұрғындары. 2020 жылы Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарынан, Шымкенттен 167 мың азамат көшіп кетті (бұл елдегі жалпы қоныс аударушылардың 49 пайызына тең).
Қазақстандағы облыс ішіндегі, яғни аймақтық көші-қонның ауқымы үлкенірек. Былтыр 501,6 мың адам өз аймағында қоныс аударған. Бұл көрсеткіш 2019 жылға қарағанда 178 мың азаматқа немесе 26 пайызға аз. Халық бір облыс ішінде көшіп жүрсе де, сол аймақтағы қалаға қоныс аударады, яғни аймақтық көші-қон урбанизациялық сипатқа ие. Әсіресе, 2020 жылдың қаңтары мен қарашасы арасында Түркістан облысынан көшіп кеткендер көп. Олардың саны – 14,8 мың адам. Бірақ табиғи өсім көрсеткіші 38,6 мың адам болып, облыстағы халық саны осы көрсеткіш бойынша көбейді. Қазір Түркістан облысында 2,028 миллион азамат тұрып жатыр.
Ел үкіметі 2013 жылы қабылдаған «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасында жұмыс күшіне тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбекке қабілетті отбасыларды көшіру туралы айтылған. Нәтижесінде оңтүстіктен солтүстікке көш түзегендердің саны артып келеді. Еліміздің Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген делегацияның қатысуымен Мақтаарал мен Сарыағаш аудандарында жұмыссыздарға арналған «Өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің» ұйымдастырылуы да бағдарлама шеңберінде жүзеге асуда.
Зерттеу нәтижесі бойынша қазірден бастап халықтың орналасуында дисбаланс бар. Халықтың 38 пайызы оңтүстік өңірлерде қоныстанған. Ал Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы халық саны 17 пайызды құрайды. Егер мұндай үрдіс жалғаса берсе, 2050 жылға таман оңтүстік халқының саны 5,2 млн адамға жетеді. Бұл – солтүстіктегі тұрғындар санынан төрт есе көп болады деген сөз.
Миграция процесінің инфрақұрылымға әсері бар. Бірінші орында аймақтың әлеуметтік құрылымы өзгереді. Халық санының өсуі жол қатынасын, көліктер кептелісін, тұрғындарды үймен, білім орындарымен, медициналық мекемелердің жеткілікті қызмет етуін қамтамасыз ету т.б. әлеуметтік мәселелердің туындауына алып келеді. Сонымен қатар тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету еңбек нарығындағы бәсеке деңгейіне байланысты қалыптасады.
– Жұмыссыздық салдарынан жастар Еуропаға, Корея және т.б. елдерге ағыла бастады. Мұның арты қандай қиындықтарға алып келуі мүмкін?
– Соңғы жылдары елімізден 100 мыңнан астам түлек шетелге кеткен. Олардың арасында болашақта Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосатын небір талантты жастар, ғылыми қызметкерлер, өршіл, дарынды жаңа буын өкілдері бар. Негізгі себеп – шетелде өмір сүру сапасы мен білім беру деңгейі бізден айтарлықтай жоғары. Оның үстіне шетелде білім алу жыл сайын қолжетімді бола түсті. Мәселен, Германияда жоғары білім алу тегін, басқа елдердің жоғары оқу орындары да өзге ел азаматтарына түрлі стипендиялық бағдарламалар ұсынады. Қазақстанда да сапалы білім алып, жұмыс тәжірибесінен өтуге мүмкіндік бар. Дегенмен жұмыс іздеп, тапқан табысы арқылы әл-ауқатын жақсарту мақсатында шетелге баратын азаматтар қатары аз дей алмаймыз. Бұл процестің қиындығы, салдары баршылық. Шетелге жұмысқа кеткен жастар еліміздегі жастар санының азаюына, демографиялық өсімнің төмендеуіне алып келеді. Сыртқа кеткен жастардың көбі өзінің мамандығы деңгейінен төмен жұмыстарға орналасады. Қайтадан оқуға, тест тапсыруына тура келеді. Тағы бір айтарым, шетелге жұмысқа кеткен жастар ресми ұйымдар арқылы шықпаса, олардың әлеуметтік қауіпсіздігі сақтала бермейді. Заңсыз миграцияның құрбаны болады. Жеке куәліктерінен айырылса, олардың ақысыз, мәжбүрлі жұмыс істеуіне, жоғалып кетуіне алып келетін жағдайлар болады. Сондықтан шетелге шықпас бұрын, жастар осы жағын ойлауға тиіс.
– Есесіне соңғы жағдайларға байланысты Ресейден біршама мамандар Қазақстанға келді. Сырттан келетін жұмыс күшінің экономикаға, жалпы қоғамға пайдасы қандай?
– Сыртқы геосаяси тұрақсыздыққа байланысты халықтың табысы азайып, баға өсті. Ресейден келген мигранттар еңбек нарығына, жалға берілетін пәтер нарығына салмақ салды. Алдағы уақытта Ресейдегі экономикалық-саяси жағдай нашарлай береді. Тиісінше, Қазақстанға келетін ресейліктердің де қарасы көбеюі мүмкін. Келген мигранттарға олардың отбасы қосылады. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Ресей мен Украинадан келген мигранттар легі туралы: «Мұның жақсы жағын көруіміз керек. Бiзге бiлiктi мамандар келiп, өз орнын тауып, кәсiп ашып, жұмыс орындарын құрып, салық төлесе, Қазақстан тек ұтады», – деді. Мәжіліс спикері бұл ішкі нарықтағы бәсекелестікті де дамытатынын, қазақстандық бизнес бұған дайын болуы керегін айтты. Нәтижесінде халық бұдан ұтады, өйткені тауарлар мен қызметтердің сапасы жақсарады. Себебі олардың арасында үлкен қаржылық топтар мен бизнес өкілдері бар. Мигранттардың ішінде «аласы да, құласы да» болуы заңдылық. Сондықтан, қалай болғанда да, өте абай болғанымыз жөн. Өткен жылғы дерек бойынша, Ресейден келген азаматтардың 6350-і ғана жұмыс іздеп келгенін білдіріпті. Әрине, сырттан жұмыс күші келгенде көпшілік «біздің жұмыс орнымызды өзге елдің азаматтары тартып алады» деп қорқады. Бірақ оның да оң жағы бар. Қазақстанға білікті мамандар келіп жатса, бұл – білім импорты деген сөз. Ресейден келген мигранттардың сапасы жоғары болса, біліктілігі жоғары жаңа салаларды дамытатын мамандардың келуі өндірістің дамуына қолайлы әсер етеді. Оң бәсекелік өнім беріп, қызмет сапасының жоғарылауына алып келеді.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ