Қазақстан Республикасында АЭС атом электр станциясы салу мәселесіFarabi University

Қазақстан Республикасында АЭС атом электр станциясы салу мәселесі

16 қыркүйек, 2024

Қазақстан Республикасында АЭС атом электр станциясы салу мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Әрине тәуелсіз еліміздің энергетикаға деген қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында АЭС салудың бүгінгі күннің басты талабы екенін Мемлекет басшысынан қолдау тауып, энергетика саласы бойынша құзырлы органның басшылары сан мәрте көтеріп, жұртшылықтың талқысына ұсынып келді. Бірнеше мәрте АЭС салудың нақты мерзімі де белгілен болатын, дегенмен, бұл бастама әлі күнге дейін жүзеге асырылмай келеді.
Қазіргі кезде әлемнің 30-дан аса елінде 400-ден аса ядролық энергетикалық реакторлар жұмыс істеп тұр және әлемдегі электр энергиясының 10,5% өндіреді. Сонымен қатар БҰҰ-ның МАГАТЭ (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі) мәліметіне сәйкес әлемнің 17 елінде 58 АЭС құрылысы жүруде. 2022ж. Египет өзінің алғашқы АЭС- ның құрылысын бастады. Болашақта тағы да 100 АЭС салу жоспарланған.
 Қазақстандағы АЭС еліміздің энергетикалық саясатының маңызды бағыты. Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың бірнеше негізгі артықшылықтары бар:
- АЭС елді энергиямен қамтамасыз ету көздерін әртараптандыра отырып, көмір мен газға тәуелділікті азайта алады;
- Атмосфераға парниктік газдардан бөлінген қалдықтарды азайтатын экологиялық таза энергия көзі;
- АЭС үздіксіз жұмыс істейді және ауа-райына тәуелді емес;
- Заманауи технологияны енгізу АЭС-тың жоғары тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
- Атом энергетикасы еліміздің технологиялық дамуына кеңінен әсер етеді;
- АЭС-тың жұмыс істеуі ол орналасқан аймақтың экономикалық өсуіне әсер етеді;
- Заманауи АЭС энергия тиімділігін арттырып, смарт-желілік жүйелерге біріктіріледі;
- Атом энергетикасы импорттық энергия ресурсына тәуелділікті азайтып, елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтады;
- АЭС Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын дамытудың ұзақ мерзімді келешегін қамтамасыз етеді;
- АЭС сутегі және басқа да жоғары технологиялық өнімдерді өндіру үшін пайдалануға болады;
- АЭС енгізу ядролық физика мен технология саласындағы зерттеулер мен инновацияларға ықпал етеді.
Биылғы 2 қыркүйек күні болған Президенттің жолдауында «Күн өткен сайын экономикамызға мол энергия қажет болып жатыр. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады»,- деп мәлімдеді мемлекет басшысы. Президенттің АЭС салынуы туралы мәселесін көтеруі – мемлекетіміздің маңызды шешімі болмақ. «Еліміздің ұзақ мерзімді ұлттық мүдделері мен ерекшеліктерін ескере отырып, біз болашақ туралы ойлануымыз керек. Сондықтан мен АЭС құрылысы мәселесін дестратегиялық сипаттағы жоспарларды қоғам талқысынан кең көлемді талқылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдау қажеттігін үнемі айтып келе жатырмын»,- деп қоса айтты. «Бүгінде энергетиканың Қазақстан экономикасындағы рөлі зор. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі. Қазақстанда энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға артып келеді. Бірақ іске қосылып жатқан жаңа қуат көздері оған сай емес. Сұраныстан артық өндірілген электр қуаты таяу арада сарқылуы мүмкін. Шын мәнінде, еліміздің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты»,- деді Қасым-ЖомартТоқаев.
Мемлекет басшысы атап өткеніндей әлемде өнеркәсіп пен экономиканы көміртегінен ада қылудың орнықты үрдісі байқалады. ЕО-қа мүше елдерде парниктік газдардың қалдығын 2030 жылға қарай 55 пайызға азайту жоспарлануда. ЕО-та көміртегі салығы («carbontax») енгізіледі. Бұл қазақстандық өнімнің экспортын едәуір қиындатуы
мүмкін. Жаңа жағдайларға байланысты тауарларға қойылатын техникалық регламенттер, стандарттар мен талаптар өзгереді. Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанды 2050 жылға дейінгі аралықта көміртегіні аз пайдаланып, дамыту тұжырымдамасы әзірленуде. Сондай-ақ Үкімет Электр энергетикасын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны пысықтауда, еліміздің 2035 жылға дейінгі энергиялық теңгерімі дайындалуда.
Қазақстан жаңартылатын және баламалы қуат көздерін дамытуға нақты бағыт алды. Еліміз жалпы энергия теңгерімі құрылымындағы жаңартылатын қуат көздерінің сапалы өсімін 3%-ға жеткізе алды. Бұған дейін біз бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 10%-ға дейін жеткізуді мақсат еттік. Жаңа жағдайларды және қазіргі оң қарқынды ескере отырып, электр қуатын беретін станциялардағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15%-ға дейін жеткізуді міндеттеймін, – деді мемлекет басшысы.
 Жоғарыда аталған мәселелерді қорытындылай келе, АЭС салу мерзімінің барысында төмендегідіей ұсыныстарды ескеруіміз қажет:
-АЭС салу және оны жүзеге асыру бойынша нормативтік-құқықтық актілерді нақтылау; -АЭС салуда қоршаған ортаға зияны тимейтін қауіпсіздік жағдайын қадағалау керек;
-АЭС бойынша арнайы құзыреттілігі бар органды құру немесе жауапты оператор мекемесіне табыстау және сол ұйымға құқықтық мәртебе беру;
-АЭС-ке қажетті білікті мамандардың білімін жетілдіру;
-АЭС салуда еңбек нарығын реттеу барысында еліміздің мамандарын жұмысқа тарта отырып, жұмысшылардың әлеуметтік және құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету.


Исабеков Ақылбек Қашқынұлы - заң ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
Заң факультеті, "Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқығы" кафедрасының қауымдастырылған профессоры.