Құрметті қонақтар, әріптестер,
білім алушы жастар!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіздер!
Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған конгреске архив саласының мамандары, деректанушы, тарихшы ғалымдар қатысып отыр.
Биыл Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің құрылғанына 30 жыл толды.
Мемлекет басшысы ел тарихына айрықша мән беріп, «Тарихымызға шынайы көзбен қарап, оны сол қалпында қабылдауымыз керек.
Сан ғасырлық тарихымызды зерттеу, тарихи әділдікті қалпына келтіру – біздің негізгі міндетіміз», – деп атап өткен болатын.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен ҚР Президенті Архиві тығыз қарым-қатынаста бірлесіп жұмыс атқарып келеді.
ҚазҰУ – 90 жылдық тарихында архившілердің бірнеше буынын даярлаған бірегей оқу орны.
Университетте «Архивтану және деректану» білім беру бағдарламасы 1991 жылдан оқытылады.
Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасы білікті мамандарды оқытуда.
Соңғы жылдары «IT құжаттану және мұрағаттану» мамандығына сұраныс артуда.
Жыл сайын жас мұрағатшылардың халықаралық жазғы мектебі өткізіліп тұрады.
«Архивтану, құжаттану және құжаттамалық қамтамасыз ету» мамандығы 2010 жылы ашылған.
2014 жылы алғашқы түлектер бітіріп шықты.
Қазіргі таңда 400-ге жуық түлек архив ісі және құжаттама саласында қызмет атқаруда.
Университетте ұлттық архивтану ғылымының дамуындағы халықаралық әріптестік байланыстар аясы кеңейіп келеді.
Қосдипломды білім беру бағдарламалары Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетімен іске асырылуда.
Постдокторантура, түрлі тағылымдамалар мен жазғы мектептерде жас мамандар білім мен тәжірибелерін жетілдіруде.
Қазіргі уақытта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да архивтану және құжаттану бағыты бойынша 7 бағдарлама іске асырылады:
Бакалавриатта – 2; магистратурада – 3; докторантурада – 1.
2019 жылдан бастап магистратура бөлімінде жұмыс берушілермен бірлесіп «IT Архивтану және құжаттану» бағдарламасы іске қосылды.
2021 жылдан бастап бакалавриатта «Сандық архивтану және құжаттану» бағдарламасы енген.
Бұл ақпараттық технологияларға бағытталған пәнаралық бағдарламалар ақпараттық технологиялар факультетімен бірлесіп әзірленген.
Мемлекеттік гранттар жеңіп алу, ғылыми жобаларды бірлесіп орындау көрсеткіші де өсіп келеді.
«Ақпараттандыру жағдайында архив құжаттарын сақтау әдістерін жетілдіру: Қазақстанның мемлекеттік архивтеріне халықаралық тәжірибелерді енгізу» (2018-2020 жж.);
«Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жоба;
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі республикалық және қалалық комиссия жұмыс тобында
университеттің архивтанушы педагог зерттеуші- ғалымдары тартылған.
Оқу орнында шетелдік архив мамандарының дәрістері тұрақты өткізіліп келеді.
Тарихи, мәдени мұраны сақтау, зерттеу, дамыту және ұлт игілігіне пайдалану – біздің ортақ мақсатымыз.
Бүгінде әлем елдері мұрағат мәселесіне, деректану саласына ерекше мән беріп, цифрлық технологияларды қарқынды енгізуде.
Бұл салада ақпараттық ресурстарды тұрақты басқару және пайдалану тетіктерін жетілдіруді қажет етеді.
Бүгінгі конгресс жұмысы архив саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған.
ҚР Президенті Архивімен тең дәрежедегі әріптестік байланыстарымыз алдағы уақытта да жүйелі жалғаса беретініне сенімдімін.
Конгресс жұмысына табыс тілеймін!