«Декарбонизация: ортақ мақсат, әртүрлі жолдар» атты семинар басталды
Фараби кітапханасында «Декарбонизация: ортақ мақсат, әртүрлі жолдар» тақырыбында екікүндік халықаралық семинар өз жұмысын бастады.
Семинарда ЕО, Орталық Азия, Ресей ғалымдары, сарапшылар, сондай-ақ жаһандық және жергілікті перспективадағы декарбонизация процестеріне қатысты өзекті мәселелерді талқылау үшін мемлекеттік сектор өкілдері бас қосты.
Іс-шара Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Қазақстанның энергетикалық аспектілері» орталығы өткізетін «ХХІ ғасырдың энергетикасы: экономика, саясат, экология» атты халықаралық ғылыми конференциясына дайындық аясында ұйымдастырылды.
Жиынның ашылуында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова сөз сөйлеп, климаттың өзгеруіне қарсы күрес және жердің экожүйесін сақтау жөніндегі жаһандық күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.
«ҚазҰУ бұл мәселені шешуге жетекші ғылыми-білім беру мекемесі ретінде белсенді қатысады. ҚазҰУ-да 2011 жылы Плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасында электр энергетикасы кадрларын даярлау бағдарламасы ашылды. Қазіргі уақытта университет елдің энергетика саласында табысты жұмыс істейтін 400-ден білікті маманды даярлап шығарды. Халықаралық шарттар шеңберінде ҚазҰУ энергетика саласында университеттермен және зерттеу институттарымен қарым-қатынас орнатқан. Халықаралық семинар экономикалық даму мен географиялық деректердегі айырмашылықтардың декарбонизацияның технологиялық және экономикалық жолдарына әсерін талқылау алаңына айналатынына сенімдімін», – деп атап өтті проректор Ж.Айтжанова.
Сондай-ақ пленарлық отырыста ҚР энергетика министрінің хаты оқылды, Санкт-Петербург мемлекеттік экономикалық университетінің халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, «Энергетика 21» ҰК ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Василенко, «Қазақстанның энергетикалық аспектілері» орталығының директоры Алмаз Әбілдаев және т.б. құттықтау сөз сөйледі. Спикерлер декарбонизацияға инновациялық технологияларды енгізу төмен көміртекті экономикаға көшуді жеңілдетіп қана қоймай, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер үшін жаңа мүмкіндіктер көзін ашады деген пікірді айтты. Көптеген ғалымдардың пікірінше, декарбонизацияны шешу мәселесінде ғылыми мекемелер, мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы ынтымақтастық маңызды аспекті болып табылады. Мұндай ынтымақтастық жоспарланған мақсаттарды тезірек жүзеге асыруға мүмкіндік беретін синергетикалық әсер жасайтындығы айтылды.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, семинардың мақсаты – ұлттық және халықаралық деңгейде тұрақты даму саясатының маңызды аспектісіне айналған көмірқышқыл газы шығарындыларын азайту жөніндегі мақсаттарға қол жеткізу стратегиялары мен жолдарын талқылау. Климаттың өзгеруі мәселесі жаһандық мәселе болғанымен, Париж келісімі әрбір ел температураның көтерілуін 2°C шегінде, мүмкіндігінше 1,5°C шегінде ұстап тұру мақсатына жеке-жеке ұмтылуы керек деп болжайды, бұл ҰДАҮ (Ұлттық деңгейде анықталған үлес) бекітілген. Белгілі бір елдің алдында тұрған қиындықтар әртүрлі және климаттық аймаққа, бастапқы энергия ресурстарына, географиялық орналасуына және тарихына байланысты. Алайда басты айырмашылық – экономикалық дамуда, өйткені ол энергияны тұтынумен және парниктік газдар шығарындыларымен байланысты.
Семинар барысында қатысушыларға арналған «Түрлі елдер үшін технологиялық тәсілдер және олардың комбинациясы», «Түрлі аймақтардағы елдер мысалында декарбонизация тәжірибесі», «Экономикалық даму деңгейі мен географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, декарбонизация жолдары» тақырыбында сессиялар, панельдік пікірталастар өткізілді. Оған жас ғалымдар да қатысты. Семинардың гибридті форматының арқасында әлемнің түрлі елдерінің сарапшылары талқылауларға қатысып, негізгі тақырыптар бойынша тәжірибесімен бөлісіп, пікір алмасты және декарбонизацияға қатысты әртүрлі тәсілдерді, соның ішінде жаңартылатын энергия көздерін енгізуді, энергетикалық тиімділік және т.б. технологияларын қарастырды.
«Декарбонизация: ортақ мақсат, әртүрлі жолдар» атты халықаралық семинар тұрақты энергетикалық болашаққа қол жеткізу жолындағы маңызды қадам болды және түрлі халықаралық және ұлттық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтты. Қатысушылар талқыланған идеялар мен бастамалар декарбонизацияның тиімді саясатын дамытуға, Қазақстанда және одан тыс жерлерде инновациялық технологияларды енгізуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі