ТДМ-4. «Тепло родного очага» атты кітаптың тұсауы кесілді
2024 жылдың 18 қазанында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бас кітапханасында жазушы, журналист, аудармашы Жақсылық Түменбаевтың 80 жылдығына орай еске алу кеші өтті. Басқосу барысында жазушының жуырда ғана жарық көрген «Тепло родного очага» кітабының тұсауы кесілді.
Тұсаукесерге ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Тұрысбек Сәукетаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, журналист Сұлтанәлі Балғабай, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстанның танымал жазушылары Серік Асылбекұлы мен Қуандық Түменбай, Республикалық «Мысль» журналының бас редакторы Асыл Сағымбеков, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі сатирик Ермахан Шайхыұлы сынды бірқатар ақын-жазушылар мен Жақсылық Түменбаевтың туыстары, шәкірттері, журналистика және бұқаралық коммуникация зерттеушілері, журналистика факультетінің оқытушы-профессорлары мен студент жастары қатысты.
49 жасында жасындай жарқ етіп, қазақ әдебиетінде шығармаларымен өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерген Жақсылық Түменбаевтың «Қардағы іздер», «Қимас қазына», «Мен сүйген қыз», «Тас бөгет», «Ауыл шетіндегі үй», «Махаббат қорығы» секілді повестері мен әңгімелері және «Ақтық демің біткенше» атты романы әр оқырманның жүрегіне жол тауып, ерекше ықыласқа бөленді.
Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбайұлының тізгініндегі сан алуан мәселелер қарастырылған тұсаукесер рәсімі ғылыми-тәжірибелік конференциядан кем түспеді.
Қабырғалы қаламгердің халқына деген сүйіспеншілігін әр санада жаңғыртқан туындылары орыс тіліне аударылып, «Тепло родного очага» атты кітапқа топтастырылды. Аталмыш жинақтың тұсауын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева мен жазушы Қуандық Түменбай кескеннен кейін, ақтық демі біткенше әділдік пен адалдықты ту еткен жазушы Жақсылықтың өзгеге ұқсамайтын болмысы мен жүрекжарды шығармалары жайында небір естеліктер айтылып, санадағы сарытап сағынышты оятты.
Жазушы Тұрысбек Сәукетаев: «Адамның мінезі қандай болса, шығармасы да сондай болады. Жақаңның шығармаларының бәрі өмірден алынған, жасандылық жоқ. Өзі көрген, араласқан, ұңғыл-шұңғылына дейін білген, ішкі дүниесін әбден меңгерген кейіпкерлерін кітап бетіне түсірген. Әсіресе, соғыстан кейінгі ауыл тұрмысын, сондағы әлеуметтік қарым-қатынастар мен қарапайым еңбек адамдарының арманын, бір-біріне деген махаббатын жазады. Біздің небір мықты жазушыларымыз өмірден өтіп кетті. Солардың артындағы мұрасы жиюсыз, ескерусіз қалды. Өйткені оның артындағы ұрпақтары ие бола алатындай жағдайда болмады. Бірақ Жақаңның артында қалған тұяқтары – Мұхтар мен Мұхитқа, қарындасым Гүлсаяға ризамын», – деп мінезі мен шығармалары егіз жазушы Жақсылық Түменбаевты сағынышпен еске алды.
Ақын Ақұштап Бақтыгереева: «Мен көрген Жақсылық «қыз мінезді», яғни бірқалыпты болды. Жап-жас болып қарсы келе қалсақ та, алдымыздан кесіп өтіп, асығып бара жатыр едім дегенін көрген жоқпын. Өте сыпайы, мәдениетті жазушы еді», – деп жазушының бойындағы адамгершілік қасиеттердің жоғары болғандығын жеткізді. Ал жазушы Қуандық Түменбай Жақсылық Түменбаевтың қара жұмыс істеп жүріп, проза жазғанын, еңбекқорлығының арқасында қысқа ғана ғұмырында өлшеусіз мұра қалдырғанын баса айтты.
Қарымды қаламгер шығармаларының өзгелерден дараландырып тұратын ерекшелігі – ұлттық руханиятты дәріптеу мен қазақи құндылықтарды жаңғырту. Өйткені оның қаламынан туған әр туынды ауыл өмірі мен тұрмыс-тіршілігіне, қарапайым жұрттың ішкі сезімдері мен жан дүниесін суреттей отырып, адамзат бойындағы асыл қасиеттерді танытуға арналды.
Әдеби-танымдық шара соңында көрнекті жазушы, журналист, аудармашы Жақсылық Түменбаевтың 80 жылдығына байланысты студенттер мен жас ғалымдар арасында жарияланған шығармашылық және ғылыми-зерттеу жұмыстарының байқау нәтижелері жарияланып, жеңімпаздарға дипломдар мен шәкіртақылар табысталды.
Дана САДЫРҚАН,
Журналистика факультетінің
3-курс студенті