Тиімді салық салу тетіктері қажет

20 қазан, 2024

Салық – мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз ететін аса құнды түсім. Сондықтан оның дер кезінде жиналуы әлеуметтің әлеуетін әлдендіреді. Өйткені ол – біздің жалақымыз, зейнетақы мен түрлі әлеуметтік төлемдер. Осыны қоғам түсінгені абзал. Рас, бізде кейбір салық түрлері, әсіресе кәсіпкерлерге арналған салық қымбат. Салық қымбат болғаннан кейін көбі оны төлеуден жалтарады, «қосарланған есеп-қисап» жүргізуге тырысады. Сөйтіп, «көлеңкелі экономика» қалыптасады. Сондықтан «аса нәзік» салық саясатына өте ұқыпты болған жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында салық саясатына ерекше назар аударып, жаңа Салық кодексін қабылдауды кейінге қалдыру жайында ұсыныс білдірген еді. Жолдаудағы салық саясатына қатысты айтылған мәселелер жөнінде біз бүгін ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебінің сарапшысы, экономика ғылымының кандидаты Айжан Әсіловаға бірнеше сауал қойған едік.

– Сіздіңше, еліміздің са­лық сая­сатын қалай же­тіл­ді­руге болады?

– Мемлекет басшысы өз жол­дауында қазіргі салық жүйе­­сін қайта қарау қажеттігін, әсі­ресе әділ әрі тиімді салық салу тетіктерін әзірлеу керек еке­ніне тоқталған еді. Аны­ғын­да, Президент былай деген еді: «Салықтық әкімшілендіру ісін­де жазалау тәсілінен де бас тарт­қан абзал. Мәжбүрлеу ша­ра­ларын қолданбай-ақ, ха­бар­лама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болады деп ойлаймын. Ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиіс. Яғни борыш­кер­дің банктегі есепшоты толық бұғатталмайды. Үкімет пен Пар­­ламентке жаңа Салық ко­дек­­сінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсырамын. Қиын болса да, дұрыс шешім қабылдау қажет. Бұл жерде асығыстыққа жол беруге болмайды. Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болады деп санаймын».

Президент жолдауға дейін де «Салық және бюджетке тө­ле­нетін басқа да міндетті тө­лем­дер туралы» 2017 жылғы 25 желтоқсандағы №120-VІ ҚРЗ Қазақстан Республикасының Салық кодексіне көңілі тол­май­тынын білдірген. Осыған орай, қазір салық салу базасын ке­ңей­ту, халықаралық стан­дарт­тарға сәйкес табысы жоғары са­лалардың салық жүкте­ме­ле­рін арттыру, қосымша құн са­лы­ғын арттыру, салық жеңіл­дік­терін талдау, сонымен қатар Салық кодексін өзгерту ар­қы­лы салық төлеушілер үшін де, салық жинайтын орган үшін де салық төлеуді, салық жинауды жеңілдету жолдары мен тағы басқа да салық салудағы кем­шін тұстарына экономист-ма­ман­дармен бірге өзгерістер ен­гізу қарастырылуда. Демек, ел­дегі салық саясатының дұ­рыс бағытта дамуына Мем­ле­кет басшысының өзі бас-көз бо­лып отыр. Ал оның кем-ке­тігін жөндеп толықтыру са­ла­лық басшылар мен маман­дар­дың тікелей міндеті. Үкімет са­лық қызметін ел азамат­та­ры­ның одан жалтармайтындай етіп «жұмсақ» саясат жүргізсе, меніңше, саналы адам оны тө­леу­ден қашпайды. Өйткені әлеу­меттік игіліктің барлығы са­лықтан құралады емес пе? Мұны елдің әрбір азаматы са­налы түрде ұғынуы керек.

– Жолдауда банктерге қа­тысты да тың мәселелер көтерілді...

– Иә, Салық кодексімен қа­тар, ел басшысы банктер ту­ра­лы заңға да өзгеріс енгізу қа­жет­тігін айтқан еді. Қаржылық институттар ішіндегі ең та­быс­ты, пайда көп табатын екінші деңгейдегі банктер десек, ар­тық айтқандық емес. ҚР Ұлттық банкінің мәліметі бойынша осы жылдың өзінде еліміздегі екін­ші деңгейдегі банктер 1 трлн 38 млрд теңге табыс тапқан екен. Банктер негізінен жеке тұл­ғаларды несиелендірумен, яғни тұтынушылық несиемен ай­на­лысады. Табыстың қо­мақ­ты бөлігі пайызы жоғары тұ­ты­ну­шылық несие есебінен екені айтпаса да түсінікті. Жалпы, банктерге нақты секторды не­сие­лендіру, шағын және орта биз­несті жеңілдікпен қар­жы­ландыру талаптары қойылады. Банк­тер осы мәселелермен ай­налысатын болса, елдегі іс­керлік белсенділікке, эко­но­ми­ка­ның тұрақтылығы мен прог­рес­сивті өсуіне оң ықпалын тигізер еді. Осыған орай, банк­терді экономикаға көбірек ақ­ша салуға ынталандыру жол­да­рын қарастыру керек.

Банктердің акционерлері ара­сында бөлінген табыс ре­тін­дегі дивиденттерге салық тө­леушінің табысынан 10 па­йыз­дық мөлшерлеме бойынша салық салынады. Дивидент таза пайдадан түседі. Салық екі рет салынатын болса, ба­ға­лы қағаз нарығы жұмыс іс­те­мей қалуы мүмкін. Сол се­бепті бұл мәселені сарапшылар әлі де зерттеу жасап нақтылайды деген ойдамын.

– Демек, салық әлеу­мет­тік игіліктің қайнар көзі дей­сіз ғой...

– Әрине, біріншіден, шағын және орта бизнеске салықтық кедергілердің азаюы кәсіп­кер­лер­ге қолайлы жағдай жасап, экономиканың бұл секторын ынталандырады. Екіншіден, са­­лық жүйесін оңайлату, же­ңіл­діктер енгізу және салықтық есептілікті жеңілдету шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді.

Экономикалық қауіпсіздік – елдің тәуелсіздігі мен тұ­рақ­ты­лығының негізі. Эконо­ми­ка­сы әлсіз елдер сыртқы қауіп­тер­ге төтеп беру қабілетінен айырылады, ал тұрақты және күшті экономика ұлттық мүд­де­ні қорғауда маңызды рөл ат­қарады. Сондықтан эконо­ми­ка­лық қауіпсіздік ұлттық қа­уіпсіздік стратегиясының ма­ңызды бөлігі ретінде қарас­ты­рылады.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ