Су – ең қымбат табиғи ресурс

29 қазан, 2024

Су ресурсы еліміздің табиғи байлығының ішінде аса маңызды орын алады. Қазіргі уақытта жаһандық тұщы су тапшылығы өскен сайын су ресурсы­ның рөлі мен маңызы күннен-күнге артып келеді. Сарапшылардың бағалауы бойынша, алдағы онжылдықта су ең қымбат ресурстар­дың біріне айналады, ал ауызсумен қамтамасыз ету ең өзекті экология­лық мәселелердің бірі болмақ. Еліміздің су ресурсы – экономиканы одан әрі дамытудың іргелі элементтерінің бірі. 

Дана халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айт­па­ған. Су ресурсы басқа да табиғи ресурстармен қатар, мемле­ке­ті­міздің материалдық негізін құ­райды. Алайда табиғи ресурсты дұрыс пайдалан­бау­дың салда­ры­нан су мәселесі қазіргі таңда шешімі күрделі мәселелердің бірі болып отыр.

Қазіргі жағдайда Қазақ­стан­­­ның барлық маңызды эко­логия­лық параметрлері бойын­ша та­би­ғи ортаның жай-күйі күрт на­шарлау сатысында, ең алды­мен су ресурсы экология­лық күйзеліс жағдайында тұр. Оның айқын мысалы ретінде Арал теңізін экологиялық апат­қа әкел­ген Әмудария мен Сыр­да­рия өзендерінің эко­ло­гиялық апатты жағдайын айт­са бола­ды.

Каспий теңізі де соңғы жыл­дары мұнай өнеркәсібінің қал­дықтарынан және қоршаған ор­таға адамның басқа да ан­­тро­погендік әсерінен айтар­лық­тай тайыздануға және ша­ма­дан тыс ластануға ұшырады. Соның салдарынан Каспий итбалығының қырылу жағдайы жиілеп, бекіре балықтарының саны азайып, теңіз бетінде мұнаймен ластану жағдайлары байқалды. Бұл флора мен фау­наның әралуандығына кері әсер етеді.

Сондай-ақ Іле өзенінің су­мен қамтамасыз етілмеуі, өнер­­кәсіптік және ауыл­ша­руа­шы­лық қалдықтарымен лас­та­нуы салдарынан бір кездері дү­ние­жүзіндегі ең таза көл­дер­дің бірі болып саналған Балқаш көлінің экологиялық жағдайы айтар­лы­қ­тай нашарлады.

Жайық өзені трансшека­ра­лық су ресурсы, сондықтан ол жоғарғы және орта ағыстағы түрлі аумақтардан ластану ағы­нына бейім. Жайық өзенінің экологиялық жағдайының мо­ни­торингі антропогендік лас­та­нудың бар екенін көрсетті. Су ресурсының гидрохимиялық режимі су құрамының мау­сым­дық ауытқуларының өзгеруіне ұшырайды.

Қазақстанның жерүсті және жерасты трансшекаралық су ресурстары күшті антро­по­ген­дік әсерге ұшырайды, бұл олар­дың экологиялық әл-ау­қаты мен табиғи ортаның жал­пы жағ­дайының нашарлауына да әсер етеді. Бүгінгі таңда Қазақстан Орталық Азия, Шы­ғыс және Орталық Еуропа мем­лекеттері арасында су ре­сур­сы­ның және жалпы табиғи ор­­таның ластану дәрежесі бо­йынша алғашқы орындарда тұр.

 Еліміздің су ресурсының негізгі қоры жерүсті және жер­асты көздерінде шоғырланған. Жалпы алғанда, Қазақстанның су ресурстары өңірлер бойын­ша әртүрлі орналасқан. Со­ны­мен, шығыс аймаққа барлық су ресурсының – 34,5 пайызы, ор­талыққа – 2,6 пайызы, оң­түс­тік-шығысқа – 24,1 пайызы, оңтүстікке – 21,2 пайызы, ба­тысқа 13,4 пайызы жатады. ҚР Ауыл шаруашылығы минис­тр­лігінің деректері бойынша, 2023 жылы тұщы судың жалпы қоры 539 текше шақырымға ба­ғаланды. Оның ішінде мұз­дық­тарда 58 текше шақырым, суқоймаларда 95 текше ша­қырым, көлдерде 190 текше шақырым шоғырланған, өзен ре­сурстары 101 текше ша­қы­рым және жерасты суларының қоры 95 текше шақырымды құ­райды.

 Елімізде су тапшылығы мә­се­лесі жыл өткен сайын күр­деленіп келеді. БҰҰ мә­лі­мет­тері бойынша, 2030 жылға қа­рай Қазақстан су тап­шы­лы­ғына тап болуы мүмкін. Мем­лекет басшысының пайым­да­уын­ша, еліміз 2050 жылға қа­­рай тіпті «суға өте мұқтаж» ел­дердің санатына кіруі мүм­кін. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсуға зәру.

Елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылғанына бір жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ара­лы­ғында екі маңызды құжат қолға алынды. Атап айтатын болсақ, ҚР Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжы­рым­дамасы бекітілді. Екіншіден, ҚР Су кодексінің жобасы әзір­ле­ніп жатыр.

 Министрлік су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 2030 жылға дейін қосымша 2,6 текше шақырым су жинай ала­тын жаңа 42 суқойма салуды, 1,9 текше шақырым су сақ­тай­тын 30 суқойма мен 14 450 ша­қырым суару каналын ре­конс­­трук­циялауды жос­пар­лап отыр. Сарапшылардың мәлім­деуін­ше, аталған шаралар арқылы тасымалдау кезіндегі су шы­ғы­нын 25 пайызға азайтуға, ал суармалы жерлердің көлемін 400 мыңнан артық гектарға ұлғайтуға болады.

 Жаңа Су кодексі жобасында суды пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейтуге бағыт­тал­ған маңызды өзгерістер талқыланды. Осылайша құжат жобасы уәкілетті ведомство мен бассейндік инспекция­лар­ға қадағалау функцияларын жүктейді. Қолданыстағы Кәсіп­кер­лік кодекске бассейндік инспекциялар мен мемлекеттік су инспекторларының функ­ция­ларын кеңейту, мемлекеттік бақылау мен қадағалау ны­сандарын өзгерту, сондай-ақ жедел әрекет етудің жаңа құ­рал­дарын енгізу бойынша то­лықтырулар енгізу ұсынылады.

ҚР Су ресурстары және ирри­гация министрінің айтуы бойынша, биыл елімізде су ша­руашылығы нысандарын да­мы­ту бойынша 411 жоба іске асырыла бастады. Атап айт­қан­да, 575,9 мың гектар суар­малы жерді қалпына келтіру, жалпы ұзындығы 2,5 мың ша­қырымдық 203 каналды салу және реконструкциялау жұ­мыс­тары жүріп жатыр. Осының нәтижесінде 1 млн 48 мың тұрғыны бар 437 ауылдық елді мекенде сумен қамтамасыз ету сапасы жақсарады. Бұдан бөлек, Алматы, Жамбыл, Қы­зыл­орда және Түркістан об­лыс­тарында 3500 шақырым суару желілерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіп жа­тыр. Ақмола облысында Нұра топтық су құбырын реконс­трук­циялау жұмысының 36,6 шақырымы аяқталды.

Министрлік көршілес мем­ле­кеттермен трансшекаралық су айдындарын пайдалану мә­селесі бойынша 15 іс-шара өткізді. Осының нәтижесінде биыл елімізге Өзбекстаннан 4 млрд текше метрден астам, Тәжікстаннан 488,6 млн текше метр, Қырғызстаннан Шу өзені арқылы 180 млн текше метр және Талас өзенімен 380 млн текше метр су келді. Қытаймен 20-дан астам трансшекаралық өзен бойынша келіссөз жүр­гі­зіліп жатыр. Оның ішінде үш ірі өзен: Ертіс, Іле және Еміл бар. Ресеймен Жайық, Ертіс және тағы да басқа ірі трансше­ка­ралық өзендердің суын пайда­ла­ну, қорғау және зерттеу жұ­мыстарын жүргізу жөнінде келіссөздер өтті.

Биыл еліміздің суқойма­ла­рына 75 млрд текше метр су жиналды, оның 12 млрд-тан астамы – тасқын су. Шардара суқоймасына суару маусы­мын­да 4,2 млрд текше метр су келді. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,5 есе көп. Қапшағай суқоймасы соңғы он жылда алғаш рет 18 млрд текше метрден артық су жинап, 100 пайызға толды. Жыл басынан бері Балқаш көліне 12 млрд текше метр, Каспий теңізіне 7,4 млрд текше метр су жіберілді. 2023 жылдың қазан айынан бері Арал теңізіне 2 млрд текше метрден астам су жіберілді.

Қалдарбек ҚУАНДЫҚОВ,

заң ғылымының кандидаты,

 доцент