Салауатты өмір салты мен денсаулықты насихаттаған Орталық Азиядағы ең ірі спорттық шара – Алматы марафоны болып өтті. Бұл спорттық шара Алматы қаласында 2012 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Алғашында оған 500 алматылық спортшы қатысса, 13-ші рет өткізіліп отырған бұл халықаралық сайысқа әлемнің 60-қа жуық елінен 16,5 мыңнан астам спортсүйерлер қатысты. Дәстүрлі Алматы марафоны спорттық шара ғана емес, қайырымдылық бастама ретінде де танылған.
Алматы марафоны туралы не білеміз?
Жарыс бірнеше қашықтықты қамтиды: Ең ұзағы – 42,2 км. Кәсіби спортшылар мен марафонға дайындалған әуесқойлар үшін өте қолайлы. Орта қашықтық – 21,1 км. Бұл кәсіби спортшылармен қатар, спортты сүйетін әуесқойлар арасында кең танымал. Үшінші қашықтық – 10 км және 5 км. Бұл қашықтықтар – денсаулығын шыңдағысы келетін кез келген адамға арналған. Алматы марафоны 2013 жылдан бері AIMS (Халықаралық марафон және жүгіру ассоциациясы) тізіміне енеді.
Аталған ауқымды іс-шараға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультеті Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Жандос Құмғанбаев та қатысты. 38 жастағы Жандос Жұмалбекұлы орта қашықтықтағы 21,1 шақырымды 2 сағат 20 минутта жүгіріп өтіп, университет намысын қорғады. Сөйтіп, ұстазымыз жарыс жеңімпаздарының қатарынан көрінді. Бұл марафон Жандос Жұмалбекұлы үшін тек спорттық сайыс қана емес, сондай-ақ университет ұжымының абыройын асқақтатқан оқиға болды. Физикалық дайындықтан бөлек, рухани әлеуетті қажет ететін бұл жеңіс ұстаздың білімі мен тәжірибесінің жоғары екенін көрсетсе, қиындықтарға төтеп беруі оның спортта да жоғары жетістіктерге жете алатынын дәлелдеді.
Жандос Жұмалбекұлы 1986 жылы 18 қаңтарда Жамбыл облысы Байзақ ауданының Диқан ауылында дүниеге келген. Қазіргі уақытта ҚазҰУ-да жас ұрпаққа білім беріп, тәрбиелеу жолында тынбай еңбек етіп, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда белсенділік танытып жүр. Студенттерге жетекшілік қызметімен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын да ұтымды ұйымдастырып, факультеттің дамуына оң ықпал етуде. Ж.Құмғанбаев бірнеше ұжымдық монографияның, 20-дан астам ғылыми мақаланың және Scopus базасындағы журналдарда жарық көрген мақалалардың авторы. Доцент Жандос Жұмалбекұлы өзінің Алматы марафонындағы бұл жеңісін 1 қазанда алғаш рет елімізде аталып өткен Жоғары білім қызметкерлері күніне орай, факультет ұстаздарына арнады.
Мөлдір РАХМЕТОВА,
«Тарих» мамандығының
1-курс магистранты