Телефонның адам өміріне әсері қандай?
Қазір ұялы телефон адамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Смартфондар коммуникация, ақпаратқа қол жеткізу, жұмыс істеу, тіпті бос уақытты өткізу үшін негізгі құралға айналып отыр. Дегенмен оның өмірімізге қаншалықты әсер етіп жатқанын ойладық па?
Күніне сіз телефон «шұқылауға» қанша уақыт шығындайсыз және сол уақытты тиімді өткізесіз бе?
Шынын айтқанда, бүгінгі күннің басты проблемаларының бірі телефонға шамадан тыс тәуелділік болып отыр. Бұл психикамызға, ұйқымызға қатты әсер етуде. Бұқаралық ақпарат құралдарынан жаңалық немесе басқа да көңіл күй көтеретін роликтер қарағанда олар 15-30 секунд сайын жеңіл түрде ауысып отыратынын білеміз. Ол біздің миымыздағы дофамин гормонының бөлінуіне әсер етеді. Әрі ол мезеттік ләззат сезімін туындатады. Сол арқылы біз өзіміздің шынайы өмірімізден, қиындықтардан қашуға тырысамыз.
Көптеген адамдар телефонды түнде ұзақ қолданғаннан кейін ұйықтау қиын екенін байқаған. Оның негізгі себебі – телефон экранынан бөлінетін көк жарық. Бұл жарық миды ояу күйде ұстап, мелатонин гормонының бөлінуін тежейді. Мелатонин – денені ұйқыға дайындайтын табиғи гормон, ал оның төмендеуі ұйқының сапасын нашарлатып, ұйқысыздыққа алып келуі мүмкін.
Осыған орай, мамандар телефонды ұйқы алдында кем дегенде бір сағат бұрын қолдануды тоқтатуды ұсынады. Бұл уақыт ішінде дене ұйқыға бейімделіп, сананы тыныштандыруға мүмкіндік алады.
Кортизол – бұл біздің ағзамызда стресс кезінде бөлінетін гормон, ол энергияны тез жұмсауға жауап береді. Алайда оның жоғары деңгейі ұзақ мерзімді стресс пен шаршауға алып келеді. Таңертең оянған кезде ағзамыз кортизолды табиғи түрде бөле бастайды, бұл дененің оянуына және күннің жұмысына дайын болуға көмектеседі.
Егер адам оянған бойда телефонды қолдана бастаса, бұл кортизол деңгейінің жылдам көтерілуіне ықпал етеді. Әлеуметтік желі, жаңалықтар немесе электрондық поштадағы хабарламалар стрестік жағдай туғызуы мүмкін. Бұл ояна салысымен психологиялық күйзеліс тудыруы ықтимал.
Мамандардың айтуынша, оянған соң 15 минут бойы телефонды қолданбау ағзаға табиғи жолмен оянуға мүмкіндік береді. Осы уақыт ішінде дене мен сана тыныш күйде қалады және жаңа күнге бейімделуге уақыт береді.
Телефонды қалай дұрыс қолдану керек? Телефонның ұйқы мен психологиялық денсаулыққа кері әсерін азайту үшін оның қолдану уақытын дұрыс реттеу маңызды. Осыған орай, біз төменде бірнеше қарапайым, бірақ тиімді кеңес ұсынамыз.
1. Ұйқы алдында телефонға жоламау. Көк жарықтың мелатонинге әсерін болдырмау үшін ұйқыға бір сағат қалғанда телефонды өшіру немесе басқа бөлмеге қою қажет.
2. Оянған соң бірден телефонды қолданбау. Таңертең алғашқы 15-30 минут ішінде телефонды қолданбау күнді тыныш өткізуге әрі өзіңізді дұрыс басқаруға көмектеседі.
3. Телефонды саналы қолдану. Күні бойы телефонды мақсатты түрде пайдалану. Әрбір хабарламаға немесе қоңырауға жауап беруді міндет деп санамау, керісінше, өз уақытыңды дұрыс игеріп, телефонға емес, маңызды істерге назар аудару.
Қорыта айтқанда, телефон қоғамның ажырамас бөлігі әрі оның біздің өмірімізге тигізетін әсері айтарлықтай. Дегенмен телефонды дұрыс және саналы пайдалану арқылы оның жағымсыз әсерін азайтып, артықшылығын барынша пайдалана аламыз. Ең бастысы, технологияны бақылай отырып, жеке уақыт пен денсаулықты сақтауды ұмытпауымыз керек.
Толқын БОРАНБАЙҚЫЗЫ,
Қоғамдық денсаулық сақтау жоғарғы мектебі кафедрасының оқытушысы