Адам папиллома вирусы және одан қорғану жолдары
Адам папиллома вирусы дегеніміз не және одан өзімізді қалай қорғаймыз? Бұл вирус жиі кездеседі. Негізінен, вирусты жыныстық қатынас барысында жұқтырады, сонымен қатар тұрмыстық жағдайларда да жұқтыру мүмкіншілігі жоғары. Көбіне вирусты жұқтырғанда (жұқтырған) адам бұл вируспен зақымданғанын білмей де қалады, өйткені вирус өзінің клиникалық көріністерін айқын көрсетпеуі де мүмкін.
Папиллома вирусы немесе адам папиллома вирусы (АПВ) – папиллома вирустық топтардан құралған. Бес тұқымдастықтан шыққан 27 түрі кездеседі, 200-ден астам типтес вирустық топ, вирустың кейбір штамдары онкология тудыруы мүмкін.
Адам папиллома вирусы (АПВ) – өзімен-өзі кетіп қалмай, жатыр мойнының жасушаларына көптеген өзгерістер алып келуі мүмкін. Сондай-ақ ракалды қабынуларға да, уақтылы емделмеген жағдайда жатыр мойны обырына алып келуі мүмкін. Статистикаға сүйінсек, папиллома вирусын жұқтырған адамдарда инкубациялық кезең бірнеше айлардан 10-15 жылдың ішінде жатыр мойны обырының өршуіне алып келуі мүмкін. Ең қауіп тудыратыны – 6, 11, 16, 18 тұқымдастықтан туындайтын вирустар тобы.
Адам папиллома вирусын қалай анықтауға болады? Вирус папилломасы терінің шырышты, кілегейлі қабықтарында білінбейтін кішкене өсінділердің пайда болуымен ерекшеленеді. Жыныстық мүшелердің шырышты қабаттарында да үшкірленген кондиломалар, өсінділер байқалуы ықтимал. Теріде сүйел, ұшық, өсінділердің пайда болуымен ерекшеленеді. Уақтылы емделмесе осы айтылған жатыр мойны обырына алып келуі мүмкін. Жұғу жолдары – тұрмыста жанасқанда, жыныстық жолмен, жүкті әйелден ішіндегі балаға жұғады. Осыған орай, дәрігерлер дабыл қағуда. Өйткені статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жатыр мойны обыры таралуы бойынша барлық жастағы әйелдердің арасында сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр және 25-44 жас аралығындағы әйелдерде көп кездесіп, өлім-жітімге алып келуде. Қазақстанда жыл сайын 1900-ға жуық әйел жатыр мойны обырымен тіркеліп, жылына 600-ден астам әйел осы кеселден қайтыс болуда.
Аурудың алдын алу шаралары:
- күмәнді адамдармен жыныстық қатынасқа түспеу;
- иммунитетке мән беру, жыныстық ағзаларды таза ұстау, жарақат алмауға, қабынуға жол бермеу. Адамның иммунитеті жоғары болса, вирусты әлсіретіп басып жоюы мүмкін. Ал егер иммунитеті күрт төмендесе, онда вирустың әсері жоғарылап, асқынуларға алып келуі ықтимал;
- әйел адамдарға уақтылы, жылына екі рет дәрігерге көрініп, тиісті зертханалық зертпеге анализ тапсырып отырғандары дұрыс;
- ең бастысы, АПВ-ны алдын алудың негізгі жолы – вирусқа қарсы екпе алу.
Адам папиллома вирусына қарсы вакцина жатыр мойны обырынан қорғайды, сонымен қатар адам вирус папилломасына қарсы вакцина әйелдің бала туу қабілетіне әсер етпейді.
АПВ-ға қарсы вакцинациялау әлемнің 135 елінде жүргізіледі, сондай-ақ көршілес елдерде, 2013-14 жылдардан бастап Өзбекстанда, Қырғызстанда, Түрікменстанда, Ресейде де жүргізілуде. Әлемдік деңгейде АПВ-ға қарсы вакцина өзінің тиімділігін дәлелдеген. Сонымен бірге жасөспірім қыздар арасында вакцинациялаудан кейінгі жағымсыз реакциялар тудырғаны жөнінде дәйек тіркелмеген.
Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау 11 жастағы қыздарға жасалады. Себебі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша АПВ вакцинасын ерте жаста, яғни 9-14 жас аралығындағы жасөспірім қыздар арасында қолдану барынша тиімді.
Вакцина білім беру ұйымдарындағы егу кабинеттері арқылы тегін жүргізіледі. Вакцинациялауға ата-анасынан немесе қамқоршыларының ақпараттандырылған келісімдерімен жүргізіледі. Сонымен қатар вакцинациялауға денсаулығында ақауы жоқ, сау балаларға дәрігердің тексерулерінен кейін, қарсы көрсетілімдері болмаған жағдайда жүргізіледі. АПВ вакцинасы иммунитеті төмендеп, әлсіреген адамдар үшін де қауіпсіз. Вакцинация Гардасил вакцинасымен жүргізіледі, алты ай интервалымен екі рет егіледі.
Тағы бір қуантатын жайт, Қазақстан Республикасы бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 17 қырқүйектегі №11 қаулысында ата-аналардың (заңды өкілдерінің) ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін 12 жастан бастап, 13 жас 11 ай 29 күнді қоса алғанға дейінгі жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы толықтыра вакцинациялау жүргізілетінін хабардар етеміз.
Жасөспірім қыздарға АПВ-ға қарсы вакцинациялау туралы шешім қабылдата отырып, сіз оларды болашақта онкологиядан қорғайсыз.
Асима ИСЕМБАЕВА,
Әуезов аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы
Алматы қаласы