Михал ЛАБЕНДА,
Польшаның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
Біздің анықтама:
Михал Лабенда 1974 жылы 10 қыркүйекте Вроцлав (Польша) қаласында туған. 1993 жылы Еленя Гура қаласындағы Стефан Жеранский атындағы жалпы білім беретін, неміс тілін тереңдетіп оқытатын лицейді үздік бітірген. Одан кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің алдымен шетел студенттеріне арналған дайындық бөлімінде оқып, 1994 жылы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің араб тілі бөліміне түскен. 1999 жылы оқу ордасын бітіріп, шығыстану мамандығы бойынша «шығыстанушы-филолог, араб тілі мен әдебиетінің оқытушысы, аудармашы-референт» квалификациясын алып шыққан. 2006 жылы Варшава университетінің Тіл білімі институтында докторлық диссертациясын қорғаған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды бітіріп шыққаннан кейін Польшаның сыртқы істер министрлігінде қызмет еткен. Өзбекстандағы Польша елшілігінде, Польша мемлекетінің Мысыр еліндегі, Судан Республикасындағы, Әзірбайжандағы, Түрікменстандағы, Моңғолиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған. Таяуда Польша мемлекетінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды.
– Мен алғаш Қазақстанға 1993 жылы келдім. Сол жылы қазақ тілін үйрену үшін Қазақ ұлттық университетінің шетел студенттеріне арналған дайындық бөліміне түстім. Келер жылы жоғары оқу орнына түсер кезде емтихандардың бәрін тапсырып, ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің араб тілі бөліміне оқуға қабылдандым. Ол кезде Қазақстанның тәуелсіздік алғанына небәрі екі жыл болған еді, экономикалық жағдайы өте қиын еді. Әйтсе де менің күні бүгінге дейін есімде қалғаны – қазақ халқы мені ақ көңіл, ашық пейілмен қарсы алғаны. Достарым, таныстарым, ұстаздарым «Қандай көмек керек, ештеңеден қысылып жүрген жоқсыз ба?» деп әрдайым бәйек болатын. Әрине, отыз жылдың ішінде барлығы өзгерген. Себебі Қазақстан өте жылдам дамып жатқан ел. Мен бүгін Алматыда біраз серуендедім. Жаңа айттым ғой, көп нәрсе өзгерген деп, тек өзгермегені – тау ғана. Бұрынғыдай ғажап қалпында тұр. Әрине, мен отыз жыл бұрын көрген, таныған Алматы қазір жоқ. Қалалар өседі, өзгереді. Мен осы жолы Қазақстанға келген кезде Юрий Домбровскийдің «Хранитель древностей» кітабын оқып шықтым. Орыс тілінде жазылған кітап. Автор өткен ғасырдың 30-жылдары Алматыға жер аударылған. Осы қала туралы жазған. Айтайын дегенім, сол автор жазған, мен көрген Алматы қазір мүлдем басқа. Алматының осылай қарыштап дамып жатқанына өте қуаныштымын. Өйткені бұл қала заманауи шаһар. Алайда мен отыз жыл бұрынғы Алматыны сағынамын. Аңсаймын. Менің жастық шағым, өмірімнің ең бір қызықты кезеңі осы жерде өтті. Ол кезде қала сондай тыныш еді. 1993-99 жылдар арасында көп достар таптым. Курстастарым, топта бірге оқыған қыз-жігіттермен күні бүгінге дейін хабарласып, араласып тұрамыз. Олар 50 жастағы ересек адам сияқты емес, сол баяғы бірге жүрген жастық шағымыздағыдай, 22-23 жастағы қыз-жігіттер сияқты. Олардың арасында ұстаздар бар, Алматы мен Астанада, шетелдерде қызмет етіп жүргендер көп.
Әрине, қазақ тілін бірден қағып алып үйрендім десем артық болар. Қазақ тілі еуропа тілдеріне мүлде ұқсамайды. Оның үстіне өте көркем, өте бай тіл. Студент кезімде №15 жатақханада тұрдым. Бұл жатақханада оралмандар, қазір енді қандастар деп жүрміз ғой, сол қандастарымыз көп болды. Олар орысша білмейтін. Бұл маған жақсы болды, олармен тіл табысу үшін қазақша сөйлеуге мәжбүр болдым. Маған тілімді сындыруға бұл өте жақсы көмектесті. Шынымды айтсам, маған қазақ тілі өте ұнайды. Ал тілді ұмытпауымның бір себебі – мен қызметте де, дипломатиялық қарым-қатынаста да қазақ тілін қолданамын. Жүрген-тұрған жерімде тілді ұмытпау үшін қазақтармен аралас-құралас болдым. Оның үстіне қазір, құдайға шүкір, қазақ тіліндегі контент те көбейді. Әлеуметтік желіден қазақша ақпарат, жаңалық оқып тұрамын. Мәселен, инстаграмда менің қазақша арнам бар. Соған жазылыңыздар, қазақша коммент жазыңыздар. Егер қате тауып алсаңыздар, ұсыныс-пікірлеріңіз болса, жазыңыздар, риза боламын.
Қазақстанда білім алып, еліме оралғаннан кейін Сыртқы істер министрлігінде қызмет еттім. Сол кезде бір орынға 14 адам үміткер болды. Құдайға шүкір, жиған білімімнің арқасында байқаудан қиналмай өттім. Одан кейін Жапонияға қызметке бардым, бір жыл жапон тілін оқыдым. Содан соң Өзбекстан еліне елшілікке қызметке келдім. Әзірбайжан, Моңғолия, Мысыр елдерінде елші болдым. Енді, міне, Қазақстанға жолым түсіп, келіп қалдым. Қазақстанға мені жібергені үшін өз елімнің сыртқы істер министріне дән разымын. Қыркүйектің 18-інде Қазақстанға аяғым тиді. Әрине, қызметте болған барлық елде сол елдің тілін меңгеріп алдым деп айта алмаймын. Мысалы, Моңғолияда болғанымда байқағаным, моңғол тілі өте күрделі тіл. Бұл тілдің дауысты дыбыстарын мүлде ести алмаймын. Жазылуы да ерекше. Сондықтан меңгеру өте қиын. Ал Қазақстанда шығыстануды оқығаннан кейін араб әдеби тілін жақсы білемін. Арабтілділер ішінде Кувейт диалектісін түсіну қиын, сол сияқты қырғыз тілі де солай, қазақша білгендіктен қырғыз тілін түсінемін, бірақ сөйлей алмаймын. Ал әзірбайжан тілін меңгердім. Соған қарағанда, менің нақты білетінім алты-жеті тіл.
Алматы – Қазақстан экономикасындағы ең маңызды қала. Қазақстанға келгелі үш апта ішіндегі алғашқы сапарым Алматыдан, ҚазҰУ-дан басталды. Енді өзім ҚазМУ түлегі болғандықтан, маған бұл оқу орны өте ыстық. ҚазҰУ – жүрегіме ең жақын, жайлы, көркем мекен. Мен бүгін оқу орнының басшысы Жансейіт Қансейітұлымен болған кездесуде де айттым, университетаралық байланысты дамытуға мүмкіншілік көп. Білім беру, ғылымды дамыту бойынша ынтымақтастықты жетілдіруге, бұйырса, көңіл бөлеміз. Екі мемлекеттің оқу ордалары арасында түрлі жобаларды дамытуға болады. Ғалымдардың ғылыми басқосуларын ұйымдастырып, білім алушыларға қос диплом беру жобасын ашуға мүмкіндіктеріміз өте зор. Келешекте, құдай қаласа, мұның бәрі болады. Сөз соңында айтарым, биыл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құрылғанына 90 жыл толып жатыр екен. Құтты болсын! ҚазҰУ әлем таныған университеттердің қатарына қосылып, студенттердің саны, нәтижелері жоғарылай берсін. Шәкірттеріңіз мен сияқты әрдайым жылы, шуақты естелік айтып жүрсін.
Гүлзат
НҰРМОЛДАҚЫЗЫ