Тұрақты даму мақсаттары жастар назарында

29 қазан, 2024

Тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының про­фес­соры, тарих ғы­лымының док­торы Болат Сайланның ұйым­дас­тыруымен Тұ­рақты даму мақ­сат­тары бағдар­ла­ма­сының «Кедейлікті жою» бағыты аясын­да «Тәуелсіздіктен кейінгі Орталық Азиядағы кедейші­лік­пен күрес» тақырыбында тарих, геогра­фия және табиғатты пайда­ла­ну фа­куль­тет­тері студенттерінің қатысуымен басқосу өтті.

Іс-шарада Орталық Азия елдерінің кедей­ші­лікпен қалай күресіп жатқаны жайында баян­­да­малар жасалып, арнайы пре­зен­тация­лар көр­сетілді. Орталық Азияның әрбір елін­дегі ке­­дей­шілікпен күрес тақырыбына та­рих факуль­те­тінің 4-курс студенттері жеке-жеке сөз алды.

Марал Әділеттің баяндамасында кедей­лік­тің артқан кезеңдері мен соған байланысты қа­был­данған мемлекеттік шаралар туралы айтылды. Ол Қазақстандағы кедейлік дең­гейі­нің 2013 жыл­дан 2016 жылға дейін 6 па­йыз­дан 11 пайызға де­йін өскенін атап өтті. Эко­номика тұрақтанып, әлеу­меттік қолдау жүйе­сі жетілдірілгенде ғана ке­дейлік деңгейі қайтадан төмендеді.

Қырғызстанның жағдайы да жеңіл емес. Нұр­әлі Ықылас Қырғызстандағы кедейлік мә­се­лесін те­реңірек зерттеп, 90-жылдардың ортасында ха­лықтың 60 пайызы кедейлік ше­гінен төмен өмір сүргенін мәлімдеді. Эко­но­ми­калық дағ­да­рыс­тар, жұмыссыздық, әлеу­мет­тік қолдау жүйе­сінің әлсіздігі – міне, осын­­дай факторлар ке­дейлікті ушықтыруда.

Өзбекстандағы кедейлік мәселесі ерекше на­зар аударуды қажет етеді. Бекарыс Құр­ман­ға­лиев ауылдық жерлерде кедейліктің жоғары екенін және әйелдер мен балалар арасында бұл проблема тіпті тереңдеп кет­ке­нін айтты. Мем­лекет кедейлікті азайту үшін бірнеше бағдарлама қа­былдаса да, олардың тиімділігі әзірге күмәнді.

Тәжікстанда кедейлікпен күрес тек мем­лекет ішіндегі шаралармен шектелмейді. Ақ­дәме Сән­ді­бекова халықаралық ұйымдардың, соның ішін­де Дүниежүзілік банктің Тәжік­стан­ға жасаған инвестициялары мен бағдар­ла­ма­­ларын баян­да­ды. Бұл елде кедейлік дең­гейі 2000 жылдан бері төмендегенімен, ауыл­дық жерлердегі жағдай әлі де қиын.

Түрікменстандағы кедейлік туралы ақ­па­рат­тың жеткіліксіздігі мен шектеулігі мә­се­ленің нақ­ты мөлшерін анықтауға кедергі келтірді. Диас Дастанов Түрікменстандағы кедейлік шегінен төмен халықтың пайызының ресми мәліметтер мен БҰҰ-ның баян­да­ма­лары арасында үлкен айырмашылық барын атап өтті.

Орталық Азия елдеріндегі кедейлікпен кү­рес бұл тек мемлекеттік саяси мәселелер емес, әр­бір азаматтың, әсіресе жастардың жауап­кер­ші­лігі. Білім мен ақпараттың арқа­сын­да жастар қо­ғамның әлеуметтік-эко­но­микалық жағдайын жақсартуға үлес қосуға дайын. Бұл бағытта мем­лекет пен халық­ара­лық ұйымдардың қолдауын күшейту, иннова­ция­лық шешімдерді енгізу, кәсіпкерлікті дамыту – кедейлікті жоюдың тиімді жолдары болып саналады.

Айна ЖӘДІГЕРҚЫЗЫ,

4-курс студенті

Қайрат АСҚАР,

1-курс студенті