ЖАҢА ТАРИХТЫҢ БАСТАУЫ БОЛҒАН КҮН
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаевтың
"Түркістан" газетінде жарық көрген мақаласы
Декларация – Қазақстан Республикасы халықаралық қатынастардың дербес субъектісі, сыртқы саясатты өз мүддесі үшін айқындайды және сыртқы экономикалық қызмет мәселелерін дербес шешеді деген идеяны жариялады.
Сондықтан 1995 жылы 25 қазан – Республика күні ретінде мерекелік күндер күнтізбесіне енгізілді. Бұл күннің аса маңыздылығы – қазіргі Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы одан бастау алады. Бұл, сөзсіз, қазақ халқының көпғасырлық тарихындағы бетбұрыс кезеңі.
Тарихи әділдікті қалпына келтіре отырып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ мемлекеттілігінің бесігі – Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Республика күнін жандандыру және оған ұлттық мереке мәртебесін беру туралы бастама көтерді. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңына өзгерістер енгізілді. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданған күні – біздің азаматтарымыз үшін ерекше тарихи маңызы бар оқиға. 25 қазан – Республика күні, ұлттық мереке болып жариялануының мәні және негізі бар. Бұл жағдай «Мемлекеттік мерекелер туралы» заңының 2-бабында бекітілген. Жоғарғы Кеңестің қабырғасында ел егемендігінің қарсыластары мен жақтастары арасында күрделі күрес өткенін атап өткіміз келеді. Біздің академиктер барлық прогрессивті ережені қорғады, декларацияны әзірлеуге және қабылдауға қатысты, мазмұнға тамаша ғылыми талдау жасады және осы актінің тарихи маңызын атап өтті. Декларацияның қабылдануы қазақстандықтардың рухани өрлеуі мен ынта-жігерін оятты. Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны әзірлеуде көрнекті ғалым-мемлекеттанушылар, конституционалистер, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері – Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Ғайрат Сапарғалиев, Мұрат Баймахановтар көп еңбек сіңірді. Мемлекет қайраткерлері, жоғарғы өкілді органның депутаттары, Ұлттық ғылым академиясының және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қызметкерлері бола отырып, олар «Мемлекеттік егемендік туралы» декларацияның жобасын әзірлеуге баға жетпес үлес қосты.
1991 жылы конституциялық сипаттағы тағы екі акт қабылданды, олардың қабылдануымен егемендік пен тәуелсіздікті жоғары деңгейде бекіту процесі аяқталды. 1991 жылғы 10 желтоқсанда «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» заң қабылданады. Бұл заң конституциялық деп аталмаса да, ол іс жүзінде солай болды. Оның мәні – республика атауынан мемлекеттік ұйымның таптық негізі алынып тасталғанында. Сондай-ақ бұл актінің маңыздылығы: көпұлтты республика халқының өзін-өзі анықтау қағидаттарына негізделген демократиялық, тәуелсіз, бейбіт, құқықтық мемлекет құруға деген ұмтылысын негізге ала отырып, «Қазақ КСР» атауы «Қазақстан Республикасы» деп өзгертілді.
Республиканың егемендігі мен тәуелсіздігін құқықтық бекіту 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңымен аяқталды. Онда «Жоғарғы Кеңес «Қазақстан халқының еркін білдіре отырып, қазақ ұлтының өзін-өзі анықтау құқығын растай отырып, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жариялайды» деп жазылған. Бұл конституциялық заңда Қазақстанның тәуелсіздігі алғаш рет белгіленді, тәуелсіз мемлекетке тән элементтер: біртұтас азаматтық, аумақтық оқшаулану, мемлекеттік органдардың дербес жүйесі, тәуелсіз мемлекеттің мәртебесіне сәйкес келетін экономикалық жүйе, өзінің Қарулы Күштерінің болуы бекітілді.
Қазақстанның барлық азаматының құқықтары мен бостандықтарын қорғау – мемлекеттік егемендік туралы декларация жобасының негізін қалаған маңызды идеялардың бірі. Бұл құжат Қазақстандағы адам құқықтарының алғашқы декларациясы болды деп айтуға болады.
Осылайша, декларация қазіргі Қазақстанның құқықтық негізін қалады. Декларация азаматтық батылдық актісіне айналғанын ерекше атап өту керек, өйткені ол КСРО басшылығы Қазақстан халқы үшін тағдырлы саяси-құқықтық құжаттың әзірленуі мен қабылдануына барынша кедергі келтірген және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің мемлекеттік егемендік туралы ресми мәлімдемесін мойындамаған жағдайларда қабылданды.
Осы қарсылықтарға қарамастан, жоғары мемлекеттік деңгейде Қазақстан халқының атынан Қазақ Республикасының Жоғарғы Кеңесі бүкіл әлемге Қазақ КСР-індегі мемлекеттік биліктің республика ішінде үстемдігі, дербестігі, толықтығы бар екенін, Қазақстан саяси-экономикалық, әлеуметтік және ұлттық-мәдени құрылысқа қатысты барлық мәселелерді дербес шешетінін ресми түрде мәлімдеді.
Декларация барлық өркениетті елдерде мемлекеттік басқару тәжірибесімен дәлелденген тұрақты құндылықтарды білдіреді деуге болады. Мұндай іргелі қағидаттарға адам өмірінің құндылығы, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау; құқықтық және демократиялық мемлекет; халықаралық құқық субъектісі ретінде ішкі және сыртқы істердегі Қазақстанның мемлекеттік билігінің егемендігі; Қазақстан аумағының бөлінбейтіндігі мен қолсұғылмаушылығы; одақтарға еріктілік жатады; барлық ұлттар мен ұлыстардың өкілдері үшін құқықтық теңдік пен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ете отырып, ұлттық мемлекет қағидаты; өз азаматтығы институты; биліктің бөлінуі; меншік нысандарының алуан түрлілігі мен теңдігі, Қазақ Республикасы атынан Қазақстан халқына барлық ұлттық байлықтың тиесілігі; саяси плюрализм және басқалар.
Декларацияның нормалары мен ережелері тәуелсіз Қазақстан мемлекеті мен қоғамды жаңғырту және қалыптастыру процесінде күрделі, көп еңбекті қажет ететін және алуан түрлі міндеттерді шешуге бағытталған. Декларация ұлттық заңнаманың, 1993 жылғы Конституцияның және 1995 жылғы қолданыстағы Конституцияның негізі болды. Өйткені ұлттық құқықтың қалыптасуы мемлекеттік егемендіктің көрінісі мен іске асырылуын білдіреді.
Осылайша, Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдаудың орны бөлек. Декларация Қазақстан халқының шынайы егемендікке, Қазақ ұлттық мемлекеттілігінің мызғымастығына объективті және ұдайы ұмтылысының нәтижесі, өркениетті, еркін мемлекеттер мен қоғамдар ортасына кіру жөніндегі халқымыздың жүзеге асырған ерік-жігерінің нәтижесі болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың қазан айында мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды табыстаудың салтанатты рәсімінде сөйлеген сөзінде қазақ халқы көптеген жыл бойы егемендікке апаратын сара жолмен жүргенін атап өтті. «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация біздің қасиетті тәуелсіздігімізге жол ашты. Сондықтан бұл құжаттың тарихи маңызы бар. Биылдан бастап біз ұлттық мереке мәртебесін алған Республика күнін жаңаша атап өтетін боламыз. Бұл бастама қоғамда кеңінен қолдау тауып, жақсы дәстүрге айналатынына сенімдімін. Республика күні – халықтың рухын көтеруге, мемлекеттілікті нығайтуға, бірлігіміз бен ынтымақтастығымызды нығайтуға арналған жарқын мереке», – деді ол.
Қ.Тоқаевтың пікірінше, «Егемендік туралы декларация – батылдық пен дип-
ломатияның, парасаттылық пен шыдамдылықтың жеңісі. Көп ұзамай біз осы тарихи құжаттың күшін сезіндік. Біз қоғамның негізін жаңарттық және жаңа биіктерге ұмтылдық. Қиын өтпелі кезеңді бастан өткерген Қазақстан күшті мемлекеттілікті қалыптастыру жолымен жүрді».
«Мемлекеттік егемендік туралы» декларация Қазақ КСР Конституциясы мен Қазақстан аумағындағы заңдардың үстемдігі қағидатын, өз аумағында республиканың егемендік құқықтарын бұзатын КСР Одағы актілерінің қолданылуын тоқтата тұру құқығын жариялады. Дәл осы декларациядан кейін республика егемен мемлекет ретінде таныла бастады.
1990 жылғы 25 қазандағы декларацияда Қазақстан аумағының бөлінбейтіндігі, біртұтастығы және егемендігі бекітілді. Ел халықаралық құқық субъектісі ретінде айқындалды. Республиканың барлық табиғи ресурстарға, экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетке айрықша меншігін жариялау Қазақстанға дербес экономикалық саясат жүргізуге мүмкіндік берді. Декларация алғаш рет мемлекеттің әлеуметтік негізін анықтауға таптық көзқарастан бас тартады және мемлекеттіліктің ұлттық сипатын жариялайды. Декларация мемлекеттің толық тәуелсіздігін ресімдеу жолында елдің мемлекеттік-құқықтық жүйесін одан әрі дамыту кезеңі басталған базалық іргелі заңнамалық актіге айналды.
Декларацияның тарихи маңыздылығы – оның республиканың мемлекеттік егемендігіне нақты мазмұн беруінде, Қазақстанның көпғасырлық тарихы бар өзінің мемлекеттілігін ескеруде, аумақтық тұтастық қағидатын атап көрсетуде және билікті бөлу жүйесін республиканың демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде жұмыс істеуінің аса маңызды қағидаты деп жариялауда.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін жариялау қазақ халқының өміріндегі ең үлкен атаулы оқиға болды. Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың тең құқылы мүшесіне айналды. Қазақ халқы ұлт ретінде жойылып кету қаупінен құтылды. Мәдениетті, дәстүрді, тілді жаңғырту және дамыту, ұлттық зиялы қауымды қалыптастыру және дамыту үшін жағдай жасалды. Большевиктер тұсында елден кетуге мәжбүр болған қазақтар тарихи Отанына оралуға мүмкіндік алды.
«Мемлекеттің тәуелсіздігі – жай декларация емес. Шынайы тәуелсіздік құру – бұл күнделікті қажырлы еңбек, дәлелденген және дәйекті саясат. Біз тек күшті және тәуелсіз мемлекетке ие бола отырып, жаһандық әлемде дербес ұлт ретінде өмір сүреміз. Біз осы тұрақты шындықты берік ұстануымыз керек. «Тәуелсіздік бәрінен жоғары» деген сөз біздің ұранымыз болуға тиіс», – деп атап өтті Президентіміз Қ.Тоқаев.
Ұлттық мереке – Республика күнінің маңызы қашанда жоғары екенін өскелең ұрпақтың санасына сіңіруге тиіспіз. Өйткені бұл – жаңа тарихтың бастауы болған күн.