ZooStan – археозоологиялық орталығы ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Орталық Азияны зерттеу жөніндегі археозоологиялық орталық – ZooStan» алғашқы қазақ-француз ғылыми орталығы ашылды. Орталықты ашуға Франция тарапынан CNRS – Францияның жетекші мемлекеттік ғылыми мекемесі жәрдемдесті.
ZooStan орталығының негізгі мақсаты – соңғы миллион жыл ішінде адам мен жануарлар арасындағы қарым-қатынас динамикасының призмасы арқылы өткен тарихты зерттеу.
Орталықтың жұмысы аясында үш негізгі тақырып зерттеледі: «Палеофауна мен археологиялық орындардың эволюциясы», «Жануарлар адамзат қоғамының технологиялық, экономикалық және символдық қызметі эволюциясының қозғаушы күші», «Адамның экстремалды жағдайларда, әсіресе таулы жерлерде қоныстануы».
Ғылыми орталық құрамына Франция, Қазақстан, АҚШ, Пәкістан, Тәжікстан және Қырғызстаннан келген 13 зерттеуші кіреді. ZooStan директоры – Уильям Рендю, ал Қазақстан тарапынан Ринат Жұматаев басшылық етеді.
Орталықтың қызметі үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда археологиялық қазбалар, зертханалық зерттеулер жүргізу, жастарды археологиялық зерттеулер жүргізу бойынша жаңа әдістермен оқыту.
Сондай-ақ қазір археозоологиялық орталық базасында екі ғылыми платформа – Цементохронология және ZooMS құрылуда. Цементохронология әдісі сүтқоректілердің туу, өлім және жас кезеңдерін зерттеуге бағытталған. Оны кеңінен қолдану әртүрлі археологиялық орындардың тіршілік ету маусымы, қорғандар салу маусымы, әртүрлі аумақтардағы жануарлар мен адамдардың өмір сүру ұзақтығы секілді Орталық Азия археологиясындағы көптеген қызықты сұрақтарға жауап береді.
ZooMS зертханасында жануарлардың сүйектерін анықтауға бағытталған протеомдық талдау жасалады. Археологтар тапқан сүйектердің көп бөлігі – бұл анықталмайтын ең кішкентай фрагменттер. Әрине, ең жаңа әдісті қолдану қазіргі археология үшін өте маңызды.
Осындай қысқа уақыт ішінде ғылыми орталық айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Ғалымдар екі мақала жариялады және Web of Science Q1 журналына үш мақала жариялауды жоспарлап отыр. Тәжікстан мен Францияда екі ірі халықаралық экспедиция өткізілді. Жалпы сомасы 650 мың евроға екі ірі еуропалық жобаны қаржыландыру тартылды. Зертхана қызметкері С.В.Шнайдер 2024 жылдың қараша айында Түркияда өткен дүниежүзілік неолит конгресінде Орталық Азия бойынша сессия ұйымдастырды.
Қазіргі уақытта Францияда халықаралық археологиялық мектепті ұйымдастыру бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде, ол 2025 жылдың маусымына жоспарланған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі