ТДМ-4. КІТАП БАСУ ІСІНДЕГІ МОДЕРНИЗАЦИЯ МЕН ИННОВАЦИЯ

2024 жылдың 1 қарашасында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультетінің «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасында ұлттық баспа күніне орай «Зейнолла Сәнік» атындағы мәдениет қорымен бірге «ТҰРАҚТЫ ДАМУ МАҚСАТТАРЫ: КІТАП БАСУ ІСІНДЕГІ МОДЕРНИЗАЦИЯ МЕН ИННОВАЦИЯ» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелдің мақсаты:
— Ұлттық баспа күнінің маңызын насихаттау;
— Баспа саласындағы мәселелер мен олардың шешімдерін талқылау;
— Баспа саласының нарықтағы даму бағытына баға беру.
Шараға журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай, «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасының меңгерушісі Айгүл Рамазан, «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» директоры Серік Қалиев, «Әдебиет» баспасының директоры Ғалым Қалибекұлы, «Зейнолла Сәнік» атындағы мәдениет қорының құрылтайшысы Қанат Сәнік, «Ziyat» баспасының директоры Асылан Тілеген және журналистика факультетінің оқытушы профессорлық құрамы қатысып, баспа ісіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Ұлттық баспа күніне орай ұйымдастырылып отырған шараның шымылдығын факультет деканы Қанат Әуесбай ашты. Ол өз сөзінде ұлттық баспа күнін тойлаудың мақсаты - баспа ісіндегі қызметкерлердің дәрежесін көтеру, кезіндегі баспа ісінің қалыптасуына үлес қосқан әрбір тұлғаның еңбегін еске алу, сезіну, түсінудің маңызын айшықтап өтті. Дөңгелек үстел барысында сөз алған «Әдебиет» баспасының директоры Ғалым Қалибекұлы мен «Зейнолла Сәнік» атындағы мәдениет қорының құрылтайшысы Қанат Сәнік белгілі жазушы, ғалым, баспагер Зейнолла Сәнікұлының қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқанын, оның шығармаларының болашақ ұрпақ үшін, олардың қазақ қалпын сақтау жолына қажетті дүние екендігіне сенімді екенін баса атап өтіп, алдағы уақытта баспагер Зейнолла Сәніктің ескерткіші орнатылатынынан көпшілікті хабардар етті. Дөңгелек үстелде келесі сөз кезегін «Ziyat» баспасының директоры Асылан Тілеген алып, өз сөзінде қазіргі баспа ісінің практикалық тұрғыда дамуының алғышарттарын айшықтады.
Баспалар апталығының соңғы күнінде өткізіліп отырған дөңгелек үстелдің модераторы, ұлттық журналистік зерттеу орталығының жетекшісі Дәрмен Смайыл баспа саласының төңірегіндегі мәселелерді атап өтсе, кафедра меңгерушісі Айгүл Рамазан жастарды баспагерлік салаға баулу үшін осындай іс шаралардың көп болу маңызды екенін айтты.
Әлемнің қай түкпірі болмасын, кітап оқу еш сәннен қалған емес. Ұлттық мәдениетіміз бен руханиятымызды ілгері дамыту үшін қазақ кітабының атқаратын рөлі зор екені белгілі. Бұл жиын – баспа ісіндегі шешімін таппай жүрген көптеген мәселелерді көтеріп, оның жауабын табуға арналған ұсыныстарды қарастырды. Қабілетті әрі саналы баспагерлер мен редакторлар даярлап шығаратын Қазақ ұлттық университетінде осындай бас қосулар әлі де жалғасын табады деген сенімдеміз.
Басқа жаңалықтар

