ТДМ-4. «Талақ» фильмінің режиссерімен кездесу

5 қараша, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде кезекті шеберлік сағаты өтті. Бұл жолы қарашаңырақтың қонағы сценарист, продюсер, «Талақ» фильмінің режиссері Данияр Саламат болды. Аталмыш конференцияға факультет деканы Қанат Әуесбай, Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі Айгүл Рамазан, сыншы, «Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары – Әмірхан Меңдеке, Асылбек Ыхсан және студенттер қатысты.

     Әлқиссасын айтар болсақ, жиынның басты қонағын бірі білсе, бірі шығармашылығымен енді танысып жатты. Келелі кездесуді тізгіндеген факультет деканы Қанат Әуесбай қадірлі қонақты таныстыра келе, алғашқы сөзді Данияр Саламатқа берді.

Режиссер өз сөзін: «Қазақ киносындағы ең бірінші қасірет – тіл» деп бастады да, одан кейін:

  – Қазақтың үздік деген фильмдерін еске алайықшы. "Қыз Жібек", "Гауһартас", "Менің атым Қожа" деген фильмдер алдыңғы қатарда. Тиісінше сол үздік фильмдердің басым көпшілігі әдебиеттен алынған. "Қыз Жібек" – халық эпопеясы, "Гауһартас"  – Дулат Исабековтың «Гауһартас» шығармасы болса, ал «Менің атым Қожа» – Бердібек Соқпақпаевтың «Менің атым Қожа» кітабының желісімен түсірілген. Бұлай әдебиетті кино қылып таспалау себебі – әдебиетте бүкіл ұлттың болмысы жатады. Егер сіздер әдебиеттен хабардар болсаңыздар, халықты тану екіталай болады. Дәлірек айтқанда, тарихи сана, ұлттық сана және тарихи жадының түбі әдебиетке келіп тоғысады» деп сөзін әрі қарай жалғады.

     Биылғы жылы жарық көрген «Талақ» фильмі Шанхай кинофестивальінде бас жүлде иеленгенін айта кеткен жөн. Алайда «Біткен іске сыншы көп» деп қазақ атамыз бекер айтпаған ғой. Фильм көгілдір экранға шыққан соң, мән-мағынасын көрермендердің көбісі түсіне қоймағанға ұқсайды. Әлеуметтік желінің қолданушылары «Талақ» фильмін сыни көзқараста режиссерді даттап, тіпті құзырлы органдардың өкілдеріне продюсердің үстінен міндетті түрде іс қозғау керек деген ауыр пікірлер қалдырып жатты. Әлбетте, бұл пікірлердің авторы киноның негізгі мәні мен мағынасына терең үңіле қоймаған. Режиссер бұл пікірлерге көпшілік алдында өзінің жауабын да айтып өтті.

      – Менің міндетім – тек шындықты ғана бейнелеу еді. Бейімбет Майлиннің «Талақ» туындысын көгілдір экранға таспалаған кезде ішінен ешнәрсені алып-қосқан жоқпын. Қалай бар, солай кино түрінде баяндадым. Кейбір кісілер «сол замандағы қазақтың тұрмыс-тіршілігі ондай болған жоқ, бұрын жібек матадан тігілген тондар мен шапандар киген» деген секілді сөздерді айқайлап, жекеге шыққан кездері де болды. Осылайша ағынан жарылған режиссер өз ойын ашып айтып, студенттермен еркін форматта әңгіме өрбітті.

Бірақ бұндай кереғар пікірлерге қосылмаған сыншы, редактор Әмірхан Меңдеке өз сөзінде: «Талақты көбісі талап жатты. Үсті-бастары алба-жұлба, қазақтар бұрын осылай киініп па еді, қазақты қашан осылай түсіре береміз» деген сияқты адам шошитын сөздерді оқып жаттым. Тіпті арасында халыққа аты шыққан атақты адамдар да сынап жатты. Сол үшін өзімнің лекциямды «Талаққа» арнадым. Мен сіздерге айтар болсам, «Талақ» фильмінде титтей де болсын жасандылық жоқ. Данияр Саламаттың Бейімбет Майлинді зерттегені сонша, шығармасына қылаудай қиянат жасамады. Шығармасы қалай берілді, таспа қылып солай өзгертусіз шығарды. Бұл өз алдына шеберлік. Ұлттық киномыздың ішіндегі керемет, шыншыл, ақиқатшыл кинолардың алдыңғы қатарында деп айта аламын. Қазір біз модаға қатты еліктейміз ғой. Жалт-жылт еткен барлық дүниеге еліктеп кетеміз. Кинода да дәл солай. Ал «Талақ» киносы – ұлттық мүддені асқақтататын үздік туынды. Мен соған риза болдым» дей келе, оң көзқарасы мен ілтипатын білдірді.

     Студенттер арасында да режиссерға қояр сауалдары өте көп болды. Соның арасында мынадай сұрақтар  да кездесті. Мәселен, «Фильмде қоңыр және қызыл түстерді көп кездестіреміз. Неліктен бұл түстерді таңдадыңыз?», "Фильм Қытай Халық Республикасында жоғары бағаланды. Ал қазақ жерінде сынға ұшырады. Неге қазақ халқы туындыңызға сыни түрде қарады деп ойлайсыз?" деген сұрақтар қойылды. Ұлттық әдебиетке жанашыр жан ретінде режиссер мынадай жауап қатты: «Қоңыр түс – қазақтың түсі. Қоңыр үн, қоңыр күз, қоңыр жел, қоңыр мінез және тағы да басқасы. Ал қызыл болса, Бейімбет Майлиннің «Талақ» әңгімесі Кеңестік кезеңде шыққан болатын. Ал Кеңес үкіметі көпшілігіне қызыл әскер деп танылған. Сонымен қатар қызыл түс қанмен байланысты болғандықтан осы түстерді таңдадым. Ал көрермендердің бағалауына келсек, меніңше қазақ оқырмандары мағынасын аса түсіне қоймаған секілді. Мысалы Қытайда фильмнің ашылуында қытайлық қазақ студенттер ең бірінші фильмдегі кейіпкерлердің образдарына өте жоғары баға беріп, таңырқап қалғандары болды. Дәлірек айтқанда, кейіпкерлердің киімдері өте жұпыны, жыртық жері жамалған, сау киімі жоқ. Бұл көріністі Қытай қазақтары жоғары бағалады. Ал қазақ көрермендері бұны кемсіту деп білді».

     «Жаңа қазаққа сын ауыр тиеді, Жаман қазаққа мін тәуір тиеді» деп әйгілі журналист, сықақшы Ермахан Шайхыұлы айтқандай, Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі ҚХР-де жоғары бағаланғаны бірде қуантып, бірде қынжылтады. Ұлттың құндылығын арттыратын үздік туындынының қазақ жерінде жоғары бағаланбағаны, керісінше көрермендердің сынына қалғаны көңілге қаяу түсіреді. Алайда қарашаңырақ ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің түлегі – көршілес Қытай халқын мойындатқаны біз үшін мақтаныш. Данияр Саламат  факультетке арнайы келіп, студенттермен керемет кездесу өткізіп, киносүйер қауымға шалқар шабыт сыйлап кетті. Осындай шеберлік сағатының өтуіне мұрындық болған кафедра ұжымына алғысымыз шексіз.