ҚазҰУ химиктері әлемдік ғылыми рейтингте

13 қараша, 2024

AD Scientific Index халықаралық агенттігінің рейтингі бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Органикалық заттар, табиғи қосылыстар және полимерлер химиясы мен технологиясы кафедрасының бір топ оқытушысы Қазақстанның үздік ғалымдарының қатарына енді (https://www.adscientificindex.com). Бұл – жеке ғалымдардың соңғы алты жылдағы ғылыми өнімділігіне негізделген рейтинг және Google Scholar талдау жүйесімен индекстеледі.

Осыған орай, «Qazaq universiteti» газетінің тілшісі қазіргі таңда полимерлер химиясы саласында жоғары деңгейде табысқа жеткен ғалымдарды әңгімеге тартып, сұхбаттасқан еді.

– Алдымен сіздерге құтты болсын айтамыз. Мұндай ғылыми жетістікке қалай қол жеткіздіңіздер?

Перизат Үркімбаева:

– Біз осындай жетістікке ғы­лы­м­ның заманауи бағытын да­мытуға мемлекет тарапынан жа­салып жатқан қолдаудың ар­қасында жеткенімізді айтуға тиіс­піз. Университет бас­шы­лы­ғы да ғылым көшін алға сүй­рей­тін жобаларға үнемі қолдау көрсетіп отырады. Соңғы жыл­да­ры ғылыми жұмыстарды қо­ры­тындылау кезінде Web of Science және Scopus деректер базасында индекстелген ха­лық­аралық басылымдардағы жарияланымдар саны артып келеді. Негізінен, бұл жұмыстар ғылыми зерттеулердің сапа­сын арттыруға басымдық беру және әлемнің жетекші уни­вер­ситеттері мен ғылыми-зерттеу институттарымен ынты­мақ­тас­тық арқасында жүзеге асы­ры­луда.

– Қазіргі жүргізіп жат­қан ғылыми жұмыста­ры­ңыз жайлы айтып берсе­ңіз­дер.

Зарина Кеңесова:

– Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың соңғы жол­да­уында экология және қор­ша­ған ортаны қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. «Қор­ша­ған ортаны қорғау және эко­логиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезектегі мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұрт­шы­лығы осы мәселемен ай­на­лы­суда. Бізге де бұл үрдістен шет қалуға болмайды. Проб­ле­ма­лар­ды шешуге жол ашатын жаңа Экологиялық кодекстің жо­басы әзірленді», – деді Пре­зидент. Осы тұрғыдан алғанда, кафедрада атқарылып жатқан ғылыми жобалардың көпшілігі қоршаған ортаны қорғау және экология мәселесін басты на­зар­да ұстап отырғанын айтқым келеді. Өйткені бұл өте өзекті сала.

Райхан Рахметуллаева:

– Қазақстан нарығында по­ли­мер негізіндегі пакеттердің тек бір түрі бар. Ол поли­эти­лен­­нен жасалған пакеттер. Қ­а­зір оның қоршаған ортаға зия­ны, қоқыстарда жатып, жыл­дар бойы ыдырамайтыны белгілі. 2025 жылдан бастап биоы­ды­ра­майтын пакеттерді қол­да­нуға заңмен шектеу қойылады. ҚазҰУ ғалымдары, профессор Г.А.Мун мен доцент П.Үркім­бае­ваның басшылығымен көп­те­ген жылдар бойы осы мәсе­ле­ні шешу үшін ғылыми жұ­мыстар жүргізілуде. Бір­не­ше инновациялық патенттер алынып, ғылыми мақалалар жоғары рейтингілік басылым­дар­да жарық көруде.

Перизат Үркімбаева:

– 2021 жылы Ғылым және коммерцияландыру жөніндегі халықаралық кеңестің жария­ла­ған байқауына «Түрлен­ді­рілген крахмал негізіндегі био­ло­гиялық ыдырайтын ма­териалдар өндірісі» атты жо­ба­мызды ұсынып, жеңіп алдық. Р.Рахметуллаева – сол жо­ба­ның ғылыми жетекшісі.

– Оқырмандарымызға осы жоба туралы толы­ғы­рақ мәлімет бере кетсеңіз.

 Райхан Рахметуллаева:

– Жоба Халықаралық қайта құру және даму банкі мақұл­да­ған «Өнімді инновацияларды ын­таландыру» бағдарламасы шең­берінде жүрді. Жобаны іс­ке асыру үшін 96 038 805 теңге бөлінді. Негізгі мақсат – арзан, қолжетімді, биоыдырайтын, күнделікті өмірде қолда­ны­ла­тын пакеттер шығару. Мұндай пакеттер жасау үшін крах­мал­ды қолда­на­мыз. Қазіргі таңда Ақмола облысы Аршалы ауда­нын­дағы «Ер-Батыр Био­по­ли­мер» ЖШС-мен бірлесіп жұмыс жүргізі­лу­де. Өндірілетін пакет­тер­дің био­ыдырайтын қа­сиет­тері ҚазҰУ-дың химия фа­куль­­те­тін­де зерттелуде. Ірі супермар­кеттермен келіс­сөз­дер жүргі­зіл­ді.

– Жас ғалымдарды қа­лай ынталандыруға болады?

Перизат Үркімбаева:

– Ғылыммен айналысамын деген жастарға қазір мүмкіндік көп. Ғылымның оңай жол емес екенін білесіздер. Сондықтан бұл салаға бет бұрар алдында ғылымды жақсы көріп тұрсың ба, жоқ па, соған мән беру ке­рек. Себебі ғылымға жүрдім-бар­дым қарауға болмайды. Қа­зір жас ғалымдарды мем­ле­кет те, оқу орны да қолдайды. Ең алдымен жұмыс барысында басымдықты дұрыс анықтап, өздігінен жұмыс істеуге дағ­ды­лану маңызды. Еңбексүйгіштік, ғылыми қызығушылық, уақыт­ты тиімді пайдалана білу керек. Бүгінгі күні студенттерге шет­ел­дегі ғылыми орталықтарда тәжірибеден өтуге мүмкіндік бар.

Райхан Рахметуллаева:

– Жас ғалымдарға айтарым – ғылым жолында еңбек етуден қорықпаңыздар. Жасаған ең­бек­тің нәтижесін жоғары рей­тинг­ті журналдарда шығаруға тырысыңыздар. Ізденіп, көп оқыңыздар. Кітап «кемірген» адам далада қалмайды. Оның үстіне қазіргі технологиялық за­манда ғылымсыз күніміз қа­раң. Өркениеттің жалына жа­бы­сып, озық идеялы елге ай­наламыз десек, ғылыммен ай­налысқанымыз абзал. Туған елі­міз, Отанымыз – Қазақ­стан­ның дамуына үлес қосыңыздар. Қазір жас ғалымдарға үкімет тарапынан қолдау аз емес. Соның көзін таба білу керек.

Зарина Кеңесова:

– Менің пікірімше, жас ға­лым­дарға алдымен табан­ды­лық пен сабырлық керек. Ғы­лым жолы қиындық пен ке­­­­дер­­гілерге толы, алайда сол қиындықтарды жеңе білген адам ғана жетістікке жетеді. Ең бастысы – қызығушылық пен зерттеуге деген құштарлықты жоғалтпау. Әрбір сұраққа жа­уап іздеуден шаршамаған аб­зал. Себебі жаңалық, жаңа ашы­лулар көбіне күтпеген жер­ден келеді. Сондай-ақ заманауи технологиялар мен білімдерге қол жеткізу үшін халықаралық байланыстарды кеңейтіп, әрқашан өз сала­сын­да­ғы жаңа трендтерден хабар­дар болу қажет. Жас ғалымдар кішігірім жеңістерден қуат алып, үлкен мақсаттарға тал­пын­ғаны абзал.

Райхан РАХМЕТУЛЛАЕВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия фа­куль­тетінің бакалавриатын және магистратурасын бітірген. Сти­мул­сезімтал полимерлердің синтезі, биомедициналық полимерлер және олардың қолданылуы бойынша еңбектері Scopus және Clarivate Analytics дерекқорына кіретін журналдарда (Polymers for Advanced Technologies, 2021, IF=3.6, Q2 және Materials, 2021, IF=2.2, Q1) жарық көрген. Хирш индексі – 6.  
Перизат ҮРКІМБАЕВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия факультетін бітірген. Гидрофильді, биоыдырайтын полимерлер және олардың қолданылуы бойынша еңбектері әлемге танылған ғалым. Хирш индексі – 4.  
Зарина КЕҢЕСОВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия фа­куль­тетінің магистратурасын бітірген. Желатиннің мукоадгезивтік қа­сиет­терін қанықпаған ангидридтермен химиялық түрлендіруге ар­налған мақаласы әріптестерімен бірге Biomacromolecules жур­на­­лын­да жария­лан­ған. (IF=5.5; Q1; Scopus CiteScore percentile – 90). Хирш индексі – 3.  

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ