ТДМ-4. РУХАНИ ТАҒЫЛЫМҒА ТОЛЫ ДӘРІС
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің 1 курс студенттеріне жүргізілетін «Қазақ журналистикасының тарихы» пәні аясында доцент Римма Жақсылықбаеваның «Алаштың біртуар азаматтары» атты рухани ашық сабағы болып өтті. Биыл ұлы тұлғалардың дүбірлі мерейтойы, мәселен, Жүсіпбек Аймауытовқа – 135 жыл, Тұрар, Сәкен, Ілияс, Бейімбетке -130 жыл. Осы тұлғалар болмысын ашуда дәріс барысында 125 студент бес топқа бөлінді.
Заманында өз биігімен қоғамға мейлінше пайдалы болып, халық жарасына ем іздеген тұлғалар бейнесін әр топ студенті терең үңіле отырып, шеберлікпен алып шықты. Мәселен, 1927 жылы «Әйел теңдігі» журналына «Ақбілек» романын жариялаған Жүсіпбек Аймауытовтың қилы тағдырын 101 топ студенттері «Абай» журналымен ұштастыра отырып сомдады. Халықтың ілімін һәм көкірек көзін ашуға талпынған Түркі әлемінің қайталанбас тұлғасы Мұстафа Шоқай бейнесін 102-топ бейнелеп, Шоқайдың Парижде көрген азабын паш етті. Мария Яковлевна Горина есімді келісті келіншектің Шоқай үшін, бар мехнатқа көніккен бейнесін сәтті көрсетті. Париж атмосферасын сезіндіріп, топ қыздары француз әнініне ырғала биледі. Хақында, Сәкен Сейфуллин ақ патша тұсында абақтыға қамалып, «азап» вагонын бастан кешті, жаңа кезеңде үкімет басқарып, қазақ елінің іргетасын қаласты. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап оған «байларды жақтайды», «ескілікті жырлайды», «алашордашылармен дұрыс күреспейді», «ұлтшыл коммунистік идеологияға қарсы шығып, «сейфуллиншіл» жікшіл топты басқарды», «троцкийшіл» деген кінә тағылды. 103 топ топ қызыл сұңқар Сәкен Сейфуллин тұлғасын «Тау ішінде» өлеңі ырғағымен әуелетіп, азабы мол тағдырын барынша айқын көрсетті.
Шұға сұлудың баянсыз махаббатын, ғашықтық дертін, сезім киесін қаламына арқау еткен Бейімбет Майлинді 104-топ студенттері көркем түрде сипаттап жеткізе білді. Жастардың кіршіксіз пәк сезімін көрсете отырып, бүгінгі жастарды кітап оқуға, кітап талғампазы болуға шақырды. Қаламгер Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе», «Қыл көпір», «Жұлдызды көпір» романдарының бас кейіпкері, еліміздің маңдайына біткен Тұрар Рысқұлов бейнесін 105 топ сәтті алып шықты. «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» дегендей, әке жолын қуып, партияға қарсы шығып, өз ойын ашық жеткізгені үшін, түрме баласы атанған рухы биік Рысқұлдың асыл тұяғы Тұрардың мехнатқа толы өмір жолын бейнелеген топ студенттері тақырып деңгейін образдық тұлға сипатында көрсете білді. Еркін адам креативке шөлдемейді десек, әсерге толы ашық сабақ біздерді шеңберден тыс ойлауға, еркіндікке жол ашты. Есімі ел есінде мәңгі сақтаулы осындай тұлғалармен мақтанамыз. Бүгінгі бейбіт елдің жаршысы мына біз өскелең ұрпақ алаш азаматтарының есімін мәңгі ұлықтаймыз.