Білгенімді болашақ мамандарға үйретіп келемін
Мен 1943 жылдың 25 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысының қазіргі Төлеби ауданында, қасиетті Қазығұрт тауының күншығыс беткейі етегінде қоныс тепкен шаруа отбасында өмірге келдім. Өзімнің географ болып қалыптасуыма балалық кезімде осы Қазығұрт тауының басына саяхатқа көп шыққаныммен байланыстырамын.
Ұзынбұлақ ауылында жергілікті Алғабас жетіжылдық мектебін бітіріп, орта мектепте оқуымды жалғастыру үшін Шымкент қаласында аты оңтүстік өңірінде көпке белгілі, Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Сыпатаев атындағы қазақ орта мектебіне бардым. Аты танымал дейтінім, бұл мектеп Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары ауылдан келген балаларды облыс орталығындағы интернатта жатқызып оқытатын мектеп болатын. Кезінде бұл мектепті Қазақстанда аты оқырман қауымға белгілі ақын Әбділдә Тәжібаев, атақты батыр әрі жазушы Бауыржан Момышұлы, аса көрнекті ғалым, Қазақ ұлттық университетінің өркендеуіне өзі ректор болған жылдары үлкен үлесін қосқан академик Өмірбек Жолдасбеков, әрі ғалым, әрі мәдениеттанушы-философ, мемлекет қайраткері Сәдуақас Темірбеков, тағы басқалар бітірген.
Осы мектепті 1960 жылы жақсы бітіргеннен кейін оқуды әрі қарай жоғары оқу орындарында жалғастыру үшін сол кездегі партия құзыретінің шешімі бойынша міндетті түрде екі жылдық еңбек етуі қажет болатын. Сол кезде комсомолдың мүшесі болғандықтан, партия шешімін міндет санап, 1960-62 жылдары Шымкент қаласында «Шымкентқұрылыс» «Казмеханомонтаж» мекемелері мен «Гидролиз» зауытында жұмысшы, құрылысшы, слесарь-монтажник болып жұмысшылық өмірбаянымды бастадым. Осы кезде жасым 18-19-ға толып, Отан алдындағы әскери міндетін атқаруға армия қатарына шақыртылдым. Сонымен 1962-65 жылдары Мәскеу қаласында әскери борышымды өтей жүріп, келешектегі негізгі мақсатым – жоғары оқу орнына түсу үшін Мәскеу қаласының осы әскери мекемеге жақын орналасқан мектепте сол жылдары КСРО-ның Қорғаныс министрлігінің жарлығына сай ашылған, осы мақсаттағы дайындық курсында оқып, курсты бітіру емтихандарын үздік тапсырып, жоғары оқу орнына түсуге жолдама алдым. Сол жолдамамен келіп, 1965 жылы Қазақтың С.Киров атындағы мемлекеттік университетінің география факультетіне оқуға түстім. Аталған оқу орнын 1970 жылы үздік бітіруші ретінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы мұғалімдердің білімін жетілдіру институтына география пәні бойынша әдіскер қызметіне жіберілдім. Әдіскерлік білімімді тереңдету мақсатымен 1970-72 оқу жылдары С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіндегі стажер-зерттеуші институтына қабылдандым. 1972-76 жылдар аралығында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті география факультеті құрамындағы КСРО-ның экономикалық және әлеуметтік география кафедрасында аспирантураны бітірдім. Бұл кафедраны МГУ-де кезінде ашып, ұйымдастырған, аты әлемге әйгілі географ-ғалым, КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Н.Н.Баранский, ал 1970 жылдары бұл кафедраны өте дарынды ғалым-ұйымдастырушы, профессор Ю.Г.Саушкин басқаратын. Осы кафедраның профессоры, география ғылымының докторы В.Г.Крючковтың жетекшілігімен «Органицация территории и типы сельского хозяйства в предгорьях Тянь-Шаня (север Чимкенской области)» тақырыбына жазылған ғылыми диссертациямды география ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін Мәскеу университетінің қабырғасында қорғадым.
Сол 1976 жылдан осы уақытқа дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өзім бітірген Экономикалық және әлеуметтік география кафедрасында ассистент, аға оқытушы, доцент, 1992 жылдан 2005 жылға дейін кафедра меңгерушісі болып қызмет атқардым. Қазіргі кезде жаңадан ашылған мамандықтардың атауларына сай ұйымдастырылған География, жерге орналастырыу және кадастр кафедрасының профессоры болып қызмет атқарудамын. Осы аталған еңбектеріммен бірге 1979-83 және 1989-92 жылдар аралығында кафедрадағы қызметтеріме қоса, география факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін қоса атқарып, аспиранттарға ғылыми жетекшілік жасап, бес аспиранттық, екі ізденушілердің кандидаттық диссертацияларына ғылыми жетекшілік етіп, қорғаттым. Еңбек жолымдағы ғылыми жетекшілік етуімді және педагогикалық жұмыстарымды есепке алып, бағалап, 2002 жылы Қазақ ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен ҚазҰУ профессоры ғылыми атағы берілді.
Өткенге көз жүгіртіп отырсам, 1965 жылдан өзім студент болып қабылданған Қазақ ұлттық университетімен осы күнге дейінгі өмірім тікелей байланысты екен. Менің негізгі ғылыми жұмыстарым Қазақстан аумағында ауылшаруашылық салаларын дамыту үшін оның жер ресурстарын экономикалық-географиялық тұрғыдан бағалап, тиімді пайдаланылуын зерттеуге арналған. Мәселен, Мәскеу мемлекеттік университеті қабырғасында 1975 жылы жарияланған алғашқы ғылыми мақалам Арыс өзені алабының (бассейнінің) әртүрлі топырақ жамылғыларында астық шаруашылығының өнімділігі мен оның экономикалық тиімділігін салыстырмалы-географиялық әдістерімен талдауға арналған. Кейінгі ғылыми жұмыстарым өзімнің ғылыми жетекшім В.Крючковпен бірге орталық басылымдарда жарияланды. Олардың барлығы да бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысының жерлерін тиімді пайдалану мәселелеріне арналған. Ескеретін жағдай, бұл жұмыстардың материалдары Бүкілодақтық ғылыми конференцияларда баяндалып мақұлданған. Атап айтсам, 1975 жылы Мәскеуде өткен конференцияда, 1976 жылы Ашхабадта өткен конференцияда, 1977 жылы Киев қаласында баяндалған болатын. Міне, осы жарияланған ғылыми мақалалар нәтижесінде жоғарыда аталған тақырыпта кандидаттық диссертациям қорғалды.
Аталған жылдар аралығында жеке және әріптестеріммен бірге 100-ден аса әлеуметтік-экономикалық география салалары бойынша еңбектерім жарыққа шықты. Оның ішінде мәскеулік ғылыми жетекшілерім В.Г.Крючков және А.Н.Ракитниковпен бірге 1990 жылы Мәскеудегі ГУГК баспасынан шыққан «Сельскохозяйственные районы СССР» картасы, педагогика ғылымының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, профессор У.А.Есназаровамен бірге басылған «Түркітілдес елдер географиясы» оқу құралы Түркияда басылып шыққан. Сонымен қатар кейінгі жылдары «Қазақ университеті» баспасынан шыққан «Жер кадастры», «Основы земельного кадастра», «Ауылшаруашылық географиясы» және «Дүниежүзілік шаруашылық географиясы» пәндерінен оқу-әдістемелік құралдары ерекше орын алады. «Түркітілдес елдер географиясы» оқу құралы екінші рет қайта өңделіп, 2011 жылы баспадан шықты. Ол 2013 жылы Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті профессорларының аудармасында қырғыз тілінде «Түрк тилдүү өлкөлөрдүн геогрфиясы» деген атпен Бішкек қаласындағы «Тұрар» баспасында басылып шықты. Атқарылған еңбектердің ішінде тағы атап көрсететіндерім, ол жаратылыстану бағыты бойынша бакалаврларды дайындау үшін «05060900-География» және магистрларды дайындау үшін «6М060900-География» мамандықтарына арналған алғашқы (бірінші) мемлекеттік білім беру стандарттары авторларының бірі болдым.
Кезінде одақтық масштабта өтетін конференцияларда Қазақстанның географиялық мәселелері бойынша Мәскеуге жиі барып, тіпті басқа республикалар арасында өтетін бүкілодақтық жиындарға қатысып баяндамалар жасаушы едік. Одақ тараған соң да бұрынғы дәстүрді жалғастырып, енді халықаралық ғылыми конференция, симпозиумдарға қатысып, Мәскеу, Харьков, Түркия Республикасына, тіпті 2003 жылы АҚШ-қа барып, ондағы Висконсин штатындағы федералдық Мадисон университетінде «Республика Казахстан: геополитический и экономико-географический анализ внешнеэкономических связей» деген тақырыпта баяндама жасадым.
1998-2003 жылдар аралығында Қазақ ұлттық университетінің география факультетінде география ғылымдары бойынша кандидаттық диссертацияларды қорғау үшін ұйымдастырылған КР.14А.15.03 және КО.14А.15.03 диссертациялық кеңестердің мүшесі, Қазақ ұлттық университетінің жаршысы, «География саласы бойынша» журналының редколлегиялық мүшесі қызметін атқардым. Қазіргі кезде Республикалық ғылыми-әдістемелік «География және табиғат», «Түркітілдес елдер» журналдарының ақылдастар кеңесінің, Америка география ассоциациясының (АҚШ, 2003 ж.) мүшесімін. «ҚР білім беру ісінің үздігі» (1994), «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2009 жыл) және Ресей Федерациясының М.В.Ломоносов атындағы медалімен (2011 жыл), «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне – 80 жыл» мерекелік медалі, Қазақ ұлттық университетінің «Алтын медалі» (2023 жыл) марапаттарының иегерімін. Мәдениет саласы бойынша Халықаралық ТҮРКСОЙ қоғамдық қорының марапаты – Жүсіп Баласағұн (2018 жыл) медалімен марапатталдым.
Еңбек ету жолымда алдыма қойған басты мақсатым М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өзім жоғары дәрежелі мамандыққа ие болған осы салада Мәскеу мектептерінің тәжірибесінен өткен, өз білгенімді болашақ мамандарға үйретіп, тәрбиелеу, ұстаздық етуде парызымды абыроймен екі тілде жоғары деңгейде атқаруға тырыстым. Менің жетекшілігіммен университетте жеті кандидаттық және көптеген магистрлық диссертация, бакалавр бітіру жұмыстарын қорғаған түлектер егемен мемлекетіміздің болашағы үшін еңбек етіп жүргенімен мақтана аламын.
Қара шаңырақ ҚазҰУ-ымыздың 90 жылдық мерейтойы құтты болсын! Университетіміз жылдан-жылға көркейіп, атақ-даңқы асқақтай берсін. Оқу ордасының басшылығы мен ұжымына, қызметкерлер мен білім алушыларға үлкен табыс тілеймін.
Амангелді ТӘЖІТЕГІ,
профессор