Бүгінде ұлт білімі мен руханиятын өркендетуге өзіндік үлес қосып жүрген еліміздегі маңдайалды университеттердің бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген түлектердің жетістіктері аз емес. ҚазҰУ түлектері арасынан еліміздің дамуына, ғылым-білімін жетілдіруге аянбай қызмет етіп келе жатқан тұлғалар жетерлік. Солардың бірі – елімізге белгілі тілші ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Шерубай Құрманбайұлы.
Шерубай Құрманбайұлы 1991 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың филология факультетін үздік бітірді. Қазақ тіл білімінің тарландарынан мол тәлім, білім алған жас сол білімді өмірлік кәдесіне жаратты. Оның дәлеліне бүгінде алаштанушы, терминтанушы, түркітанушы ретінде іргелі ғылыми еңбектер жазған қаламы қуатты ғалым, лауазымды мемлекеттік және қоғамдық қызметтерді атқарған қайраткер, ірі ғылыми ұжымдарды басқарған білікті басшы, бірегей тіл жанашыры екенін айтуымызға болады.
Біз мақаламызда ғалымның ҚазҰУ қабырғасында жемісті еңбек еткен кездерін қамтығалы отырмыз.
...Жанып тұрған жас маман ұстаздық қадамының алғашқы жылдарында (1996-99 жж.) Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінде Қазіргі шығыс тілдері кафедрасының меңгерушісі болды. Жаңадан ашылған кафедраға білікті мамандарды жинап, оның жұмысын жолға қоюға көп еңбек сіңірді. Өзі де халықаралық құқық, халықаралық қатынас мамандығы бойынша білім алып жатқан шәкірттерге практикалық қазақ тілінен сабақ берді. Кафедра доценттері, бүгінде елімізге танымал ғалымдар З.Күзекова, С.Жусанбаевалармен бірлесіп 1998 жылы халықаралық қатынастар факультеті студенттеріне арналған «Қазақ тілі» оқу құралын және «Қазақ тілі практикалық курсы» пәнінің типтік бағдарламасын дайындайды.
Ал 1999-2001 жылдары филология факультетіндегі Қазақ тілі кафедрасын басқарды. Сол жылдары жартысы жас мамандардан тұратын кафедрамызға жас басшы келгеніне қуандық. Бұл кафедра университеттің барлық факультетіне қазақ тілін үйретумен айналысатындықтан, мемлекеттік тілге қатысты мәселелер де жетерлік болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығы болғандықтан, бүгінгідей емес, оқу материалдары да көп емес еді. Осы орайда, басшының бойынан ең алдымен тіл тағдырына бейжай қарамайтын ұлтжандылығын байқадық. Жұмысқа кіріскеннен рухани тамырын ана тілінің тереңінен тартқан ғалым мемлекеттік тілді оқытудың әдістемелік негізін жасақтауға белсене кірісті. Яғни тілді үйретудің тетігі – мықты әдіснамалық негізде екенін ескеріп, өзі бас болып, заң факультетінің студенттеріне арнап «Қазақ тілі» (2001) оқу құралын жазып шығады. Бұл тілді мамандық аясында үйретуге бағытталған, салалық лексиканы меңгертетін алғашқы кәсіби қазақ тілі оқулықтарының басы еді. Сабағын шығармашылық ізденіспен өткізгісі келетін мамандарға жоғарыдағы бұл еңбектер үлкен көмек болды. Осы ізбен кейін практик оқытушылар да түрлі мамандықтарға қатысты «Кәсіби қазақ тілі» оқу құралдарын жаза бастайды. Сондай-ақ өзінің тікелей ұйымдастыруымен лингофон кабинетін ашып, кафедраны оқу құралдарымен, аудио-видеоқұрылғылармен жабдықтайды. Қазақ тілінің теориялық-әдістемелік мәселелеріне арналған талай жиындар өткізіп, түйінді мәселелерді көтеруге атсалысты.
Біз бір ұжымда қызмет істеген сол жылдары Ш.Құрманбайұлын іскер басшы ретінде таныдық. Жалғандыққа жаны қас, әділдігіне, адамгершілігіне, кадрға деген қамқорлығына, еңбекқорлығына, талапшылдығына, ұстанымының беріктігіне тәнті болдық.
Ғалым қай кезде де қоғамның саяси-мәдени өміріне белсене араласты. ҚР білім және ғылым министрінің кеңесшісі, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының кеңесшісі, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің басқарма бастығы, Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры тіл құрылымының басшысы сынды қызметтерде де ұлттық тілдің ғылыми-теориялық мәселелерімен қатар, қолданбалы жағына келгенде істің тетігін таба білетін іскер тұлға атанды. Осындай сан салалы мемлекеттік қызметтерді атқара жүріп, ұстаздық қызметті тастаған жоқ. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, СДУ, Астана университеттерінде де оқыту-ағартушылық міндетін абыроймен атқарды. Бұл ғалымның қасиетті ұстаздық қызметтен қол үзгісі келмейтін ұстанымын байқатса керек. Сондықтан ғалымның ғылымдағы белесі бір төбе, ұстаздық еңбегі бір төбе деуге болады. Осының өзі ғалымның еліміздің ғылыми кадрлар даярлау ісіне де бел шеше үлес қосып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінде шәкірттері ҚазҰУ-да, басқа да білім ордаларында жемісті қызмет етіп жүр.
Шерубай Құрманбайұлының есімі алыс-жақын шетелге де белгілі. 2009 жылдан бастап әр жылдары Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетіне бірнеше жыл арнайы шақырумен барып, дәріс оқыды. Ғалым ондағы тіл-әдебиет факультетінде оқитын, қазақ тіл білімінен теориялық ілімге шөлдеп жүрген қаракөздерімізді білім нәрімен сусындатып, қазақстандық білім көкжиегін танытуға да атсалысты.
Міне, оқу-ағартушылық жолындағы педагогтік қызметі оқытушылықтан басталып, ерен еңбегінің арқасында академик дәрежесіне көтерілген ғалым әл-Фарабидей әлемдік ғұламаның атын иеленген қасиетті білім ордасының түлегі екенін үнемі мақтан тұтады.
Қорыта келгенде, альма-матеріміздің түлегі саналы ғұмырында ұлт ғылымы мен руханиятына осылайша аянбай қызмет етіп келеді. Абзал азаматты алпыс жас мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Қазақ ғылымына әлі талай сүбелі еңбектерінің қосыла беруіне тілектеспіз.
Алтынай
ТЫМБОЛОВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті,
ф.ғ.д.