ТДМ-4. IX Түркі әлемінің деректі фильмдер фестивалі

9 қараша, 2024

          2024 жылдың 5-9 қараша күндері «IV Түркі әлемі коммуникация және өнер симпозиумы» және «Түркі әлемінің IX деректі фильмдер фестиваліне» менің әріптесім Исламова Алтынай және жетекшіміз, ұстазымыз Тұлпар Жәнібек қатысу мүмкіндігіне ие болдық. Бұл симпозиум Түрік әлемі журналистер федерациясының жетекшілігімен, Нигде Өмер Халисдемир университетінің коммуникация факультетінің үйлестіруімен өткізілді. Іс-шараны Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі, Кино бас басқармасы, Түрік әлемі муниципалитеттер одағы, TIKA, ЕТП шәкіртақы қоры, сондай-ақ бірқатар университеттер, кәсіби және медиа ұйымдар қолдады.

          Симпозиумға 8 түрлі елден барлығы 213 баяндама ұсынылып, екі төреші бағалауынан өткен соң 62 зерттеу ауызша және онлайн түрде қабылданды. Шараның бірінші күні Өзбекстан Журналистика және бұқаралық коммуникация университетінде орын алды. Таңғы сағат 10:00-де басталған симпозиумда алдымен тіркеуден өтіп, арнайы бейджиктерге ие болдық. Кейін байланыс және өнер тақырыбында екі түрлі отырыс өтті. Сағат 13:30-да симпозиумның салтанатты ашылуы және жүлдегер фильмдердің көрсетілімі ұйымдастырылды. Марапаттау мен естелік сыйлықтар тапсыру рәсімінен кейін симпозиум сессиялары екі залда қатар сағат 15:30-да жалғасты.

          Алтынай екеуіміз симпозиумда «Қазақстандағы әлеуметтік мәселелерді көрсетудегі киноиндустрияның рөлі» атты тақырыпта мақаламызды қорғадық. Мамандығымыз «кино және медиа» болғандықтан, осы тақырып жүрегімізге жақын болды. Біз презентациямызды ағылшын тілінде ұсындық, ал басқа қатысушылар өзбек, түрік және ағылшын тілдерінде өз зерттеулерімен таныстырды. Біздің жетекшіміз Тұлпар Жәнібек те «Қазақстанның туризм секторын дамытудағы БАҚ-тың рөлі» тақырыбында сөз сөйледі. Әр презентация соңында Түркиядан келген бас ұйымдастырушы әр баяндаманы бағалап, оның қазіргі замандағы маңыздылығы жайлы пікірін білдіріп отырды. Сұрақ-жауап сессиясынан соң, сертификаттар тапсырылып, естелік суретке түстік. Симпозиумнан кейінгі кинофестивальде деректі фильмдер көрсетілімі өтті. Бұл номинациядағы үздік фильмдердің бірі – қазақстандық «Көк байрақты күлтегін» фильмі болды. Оның режиссері – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің аға оқытушысы Неля Рушанова, ал сценарий авторы әрі продюсері – ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі Бауыржан Қосқанат.

          Симпозиумнан кейін бізді Өзбекстан Журналистика және бұқаралық коммуникация университетінің экскурсиясына апарды. Университеттің өзі, кітапханасы және басқа нысандарына байланысты ақпаратпен бөлісті. Экскурсиядан кейін барлық қатысушылар мен ұйымдастырушыларды университет ректорымен бірге «медиа кафеде» дәстүрлі өзбек палауы ұсынылған дастархан басына шақырды. Әңгіме неше түрлі тілдерде өрбіді, алайда, бізді ортақ мақсат – білім мен тәжірибе алмасу ниеті біріктірді. Бұл кездесу болашақта бірлескен жобалар бойынша сөйлесуге және жаңа танысулар үшін керемет мүмкіндік болды.

          Ал 6 қарашада біз түрік режиссерлері өткізген «фильм түсірудегі жарықтың маңызы» тақырыбындағы мастер-классқа қатыстық. Олар жарықтандыру құралдарын, камералар мен түсіру техникасын практика жүзінде керемет көрсете білді.

          Бұл сапардың барысында біз Ташкент қаласының көптеген көрікті жерлерін араладық. Заманауи нысандар – «Tashkent City Mall», «City Park», «Атақты тұлғалардың балауыз мұражайы», «Seoul Mun», «Magic City» сияқты орындарда болдық, құрғақ жемістер алу үшін Чорсу базарына да бардық. Сонымен қатар, Ташкент теле мұнарасына жақын орналасқан патриоттар мемориалын, XV ғасырдың бірінші жартысында салынған Төле би кесенесін тамашаладық.

          Қорытындылай келе, сапарымыз танымдық әрі өте пайдалы болды деп сеніммен айта аламын. Жаңа жер көру біліммен байланысты жүзеге асқаны - біз үшін үлкен қуаныш. Тұлпар апайға осындай мүмкіндік үшін алғысымызды білдіреміз. Бұл сапар – бағалы тәжірибе мен жағымды естеліктер қалдырған ерекше оқиға болды!

Айсұлу Қайымбекова,
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті
журналистика факультетінің
2-курс студенті