ҚазҰУ-да түркі әлемінің жастары бас қосты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде І халықаралық түркі дүниесі жастары форумының салтанатты ашылуы өтті.
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мен ҚазҰУ бірлесіп ұйымдастырған ауқымды шараға АҚШ, Германия, Швейцария, Нидерланды, Түркия, Румыния, Қырғызстан, Өзбекстан, Болгария, Әзірбайжан – барлығы 25 мемлекеттен 200-ге жуық жастар жиналды. Шара барысында өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен ұлттық тағамдарына арналған «ТҮРКСОЙ» көрмесі ұйымдастырылды.
Жастар форумы түбі бір түркі әлемі жастарының басын қосуға үлкен мүмкіндік берді. Мұндағы мақсат – түркітілдес халықтар арасындағы бауырластық, достық қарым-қатынасты арттырып, мәдени, тарихи, ғылыми ынтымақтастықты дамыту.
Тұңғыш рет өтіп жатқан форумның салтанатты ашылуына ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, ҚР ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Дархан Ахмет-Заки, ТүркПА бас хатшысы Мехмет Сурейя, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, «Отандастар қоры» халықаралық ынтымақтастық департаментінің басқарушы директоры Ержан Мұқаш, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек, түркі дүниесіне белгілі жазушылар, белсенді студенттер қатысты.
Халықаралық іс-шараны Сұлтан Раев құттықтау сөзбен ашып, түркі әлеміндегі жастардың игілігі үшін ТҮРКСОЙ ұйымы жүргізіп жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Түркі дүниесі жастарына арналған форумның Қазақстанда өтуінің өзіндік бір ерекшелігі бар. Себебі Қазақстан – күллі түркі дүниесінің кіндігі, қасиетті қара шаңырағы. Баршамыздың тамырымыз көне түркілерге барып тіреледі. Түркі дүниесінің өзіндік мол тарихы мен мәдениеті бар. Қазіргі жастар осы мәдениет пен тарихты, өркениетті, ата-баба жолын білуі қажет. Сондай-ақ барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, біз түркі дүниесін дамытуды ойластыруымыз керек. Осы жұмыстарды бірлесіп жүзеге асыруда бүгінгі форумның маңызы жоғары», – деді Сұлтан Раев.
Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев түркі жастары форумының ҚазҰУ-да өтуі үлкен мәртебе екенін айтып, жиынның маңыздылығын атап өтті. Ректор өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға ерекше назар аударатынын және үлкен үміт артып отырғанын алға тартты.
«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде: «Тұтас түркі жұртын тарихи тамырластық пен ортақ мүдде біріктіреді. Дарынды жастардың әлеуетін ашуға мүмкіндік жасау қажет. Ғылым-білім саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейткен жөн», – деген болатын. Біз ортақ мақсатқа жету жолында біріксек үлкен жетістіктерге жетеміз. Бүгінде түркі елдері арасындағы қарым-қатынасты дамытуда және жандандыруда жастарға артылар жауапкершілік жоғары. XXI ғасыр – заманауи технология мен ғылыми прогрестің кезеңі. Креативті идеялар мен жаңа бастамалардың қозғаушы күші де – жастар. Түркі әлемінің интеллектуал жастарының бас қосуы бүгінгі форумның маңыздылығын көрсетеді», – деді Жансейіт Түймебаев.
Шара барысында ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын Дархан Ахмет-Заки оқып берді. Хатта: «Форум жастар арасында білім, ғылым, инновация және мәдениет алмасу саласындағы мәселелерді талқылау үшін ерекше мүмкіндік береді. Түркі әлемінің жастары – біздің ортақ мұрамыз. Қазіргі таңда әлемде түрлі әлеуметтік, экономикалық және мәдени өзгерістер орын алуда. Сондықтан жаңа заманауи білім мен ғылымның талаптарына сай саналы, ой-өрісі кең, бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу өте маңызды. Министрлік тарапынан түркі елдеріндегі ЖОО арасындағы әріптестікті нығайту, тәжірибе алмасу және жастардың бір-бірімен байланысын арттыру үшін барлық жағдайды жасап келеді», – делінген.
ҚазҰУ-да өтіп жатқан іс-шараға қатысу үшін арнайы Моңғолиядан келген Абай Мұратұлы түркі жастарының басын қосатын халықаралық форумдар мен конференциялар көптеп өткізілуі қажет деп санайды.
«Форум жоғары деңгейде өтіп жатыр. Үш күнге жоспарланған шарада өзге елдің жастарымен пікір алмасып қана қоймай, түркі әлемінің тарихымен танысуға мол мүмкіндік алдық. Осындай форумдар көптеп өткізілуі қажет деп санаймын. Әр елдің болашағы – жастар. Түбі бір түркі елдерінің жастары бір арнада болуы қажет», – дейді Абай Мұратұлы.
Форум аясында журналистика факультетінде «ТҮРКСОЙ» медиа білім беру және зерттеу орталығы ашылды. Мұнда БАҚ саласындағы өзекті мәселелер зерттеліп, сараптамалар жасалады. Түркі әлемінің медиа өкілдерін жұмылдыратын орталықта ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел, конференция, баспасөз мәслихаты, ғылыми-әдістемелік мәжілістер ұйымдастырылады.
Үш күнге жоспарланған шара барысында түркі дүниесі жастарына арналған дөңгелек үстелдер мен пікірталас алаңдары өткізіліп, Алматының көрікті жерлеріне саяхат ұйымдастырылуда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі