Микробіліктілікті арттырудың заманауи үрдістері
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Жер ресурстарын басқару, қоршаған орта және қатты қалдықтар: Орталық Азиядағы білім және бизнес» жобасы шеңберінде «Заманауи кезеңдегі микробіліктілікті әзірлеу» атты халықаралық семинар өтті.
Жобаны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрліктерінің қолдауымен Еуропалық одақ және Орталық Азия елдері бірлесе жүзеге асыруда.
Жиынның мақсаты Орталық Азия университеттерінде тұрақты даму саласындағы микробіліктілікті арттырудың заманауи үрдістерін талқылауға бағытталған.
Жиында сөз алған ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсенов: «Біз үшін Erasmus+ бағдарламасы тек оқытушылар мен студент алмасу ғана емес, бұл – білім беру мен ғылыми зерттеулердің сапасын арттырудың стратегиялық құралы. Соңғы жылдары ҚазҰУ Erasmus+ түрлі бастамаларына белсенді қатысады және нәтижесінде ICM (inter-Institutional cooperation Mobility) бағдарламасы бойынша жасалған 86 шартты атап айтуға болады. Бұл шарттар біздің академиялық ортамызға әлемдегі жетекші университеттермен және ғылыми орталықтармен білім мен тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік береді», – деді.
Жиынға Қазақстандағы Erasmus+ Ұлттық кеңсесінің үйлестірушісі Лаура Палуанова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің өкілі Аманбек Рамазанов, Astana IT University бірінші проректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаев және басқа да отандық және шетелдік ғалымдар қатысып, Жер және табиғи ресурстарды тұрақты басқару бойынша микробіліктілікті әзірлеудің заманауи үрдісін талқылады.
Сондай-ақ олар 2030 жылға қарай университеттерде және жұмыс берушілер үшін Тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы өзекті құзыреттерді айқындады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі