Тіл – ұлттың жаныFarabi University

Тіл – ұлттың жаны

3 желтоқсан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құрылға­ны­на 90 жыл толған ме­рейтойы аясында танымал түлекте­рі­міз­дің жас білімгерлермен қауышуы құптарлық жайт екені белгілі. 

Осы орайда, Қазақстан хал­­қының тілдері мерекесіне және ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұр­сынұлының туған күніне орай, филология факуль­те­тінде Қа­зақ әдебиеті және әдебиет тео­­риясы кафедра­сы­ның ұйым­­­дастыруымен белгілі жа­зушы, ҚР Мемле­кет­тік сый­лы­ғының иегері, факультет түлегі, тіл жанашыры Бексұлтан Нұр­же­кеұлымен кездесу өтті. Оқыр­­ман жүрегінен кеңінен орын алған жазушы шығар­ма­шылығына қызыққан факультет ұжымы мен студенттері бел­се­не қатысты.

Ахмет Байтұрсынұлының  тіл білімі саласындағы орасан ең­бегінің маңыздылығына тоқ­тала келіп, көрнекті қаламгер Бексұлтан Нұржекеұлы жиынға қатысушыларға тіл тазалығын бұзбау мен оны сақтаудың аса қажеттілігін түрлі мысал кел­тіре отырып түсіндірді. Жазушы тілдің құдіреттілігі, оның өмір­шеңдігі турасында біршама сөз қозғады. Қазақ тілінің, қа­зақ тіл білімінің өткені мен бүгінінің арасында айыр­ма­шы­лық барын, көптеген қателерді тү­зету ендігі жастардың, бо­ла­шақ зерттеушілердің міндеті еке­нін алға тартты. Қазақ тілі­нің жалғамалы тілдердің қа­та­рынан, яғни бастапқы түбір қосымша жалғанған кезде еш өзгеріссіз жазылуы тиіс. Алай­да бүгінгі күнгі емленің ұлттық тіл заңдылығын, қолданысын сақтауда, келер ұрпаққа ама­нат­тауда қыруар еңбек күтіп тұрғанын тілге тиек етті. Тілдегі орфографиялық, орфоэпиялық заңдылықтардың бұзылуына алаңдаушылығын жеткізді. Бүгінгі күні қазақтілді дик­тор­лардың да тілдің әуезділігін сақ­тауға қосар үлесінің мол­дығын айтып өтті.

Бексұлтан Нұржекеұлы – әйел тақырыбында жиі қалам тер­бейтін жазушы. Көптеген туындыларына арқау болған да осы тақырып. Жазушының сту­дент­тер арасында жиі оқы­латын «Бейтаныс әйелдің құ­пия­сы», «Әй, дүние-ай!», «Бір өкі­ніш, бір үміт» т.б. шығар­ма­лары да кездесуде тілге тиек етілді. Тарихи тұлғалар өмі­рі­нен сыр шерткен қаламгердің дерек пен дәйекті дұрыс сөй­летудің, ұлт тарихының қалың қат­парлы тұстарын зерттеу мен зерделеудің көкейкесті мә­селелерін дұрыс пайым­дау­дың маңыздылығына тоқ­тал­ды. Бексұлтан Нұржекеұлы сту­денттер алдында тарихқа да көз жүгіртті. Тарих сахнасынан орын алған түркітектес ұлы тұлғалардың тұрлаулы істері туралы пайымы көпшіліктің көңілінен шықты.

Жазушының жеке шығар­ма­­шылық әлемі, ондағы кейіп­кер­лер тағдыры мен про­то­тип­тері жайлы да сөз қозғалмай қал­ған жоқ. Өзінің шы­ғар­ма­лары туралы, қозғаған тақы­рып­тары мен көтерген мә­се­ле­лері жайлы, көркем шығарма жазудағы шеберліктің орны мен маңызы жөнінде айта ке­ліп, болашақ ақын-жазу­шы­лар­ға ақыл-кеңесін де аямады. Жазушылыққа, шығар­ма­шы­лыққа қызыққан студенттер өз сұрақтарын емін-еркін қоя білді, оған жазушы тарапынан тұшымды жауап берілді.

Шоқан ШОРТАНБАЙ,

Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы  кафедрасының

аға оқытушысы

Айсұлу ОРЫНБАСАР,

«Әдебиеттану» мамандығының

3-курс студенті