Абель Полезенің ғылыми жарияланымдар стратегиясы

3 желтоқсан, 2024

Фараби ғылыми кітапханасында Дублин қалалық университетінің Халықаралық реттеу және қайта құру институтының аға ғылыми қызметкері, PhD докторы Абель Полезенің «Академиялық мансабыңызға қатысты стратегиялық ойлау: жариялау стратегиясын әзірлеу және қаржыландыру көздерін табу» тақырыбында ашық семинар өтті.

Жарияланымдық белсенділік – ғылыми-зерттеу қызметінің маңызды құрамдас бөлігі. Бұл бағытта табысқа қол жеткізу оңай емес. Мақаланы сауатты жаза білумен қатар, ғылыми зерттеулерді тұжырымдап, оны қай басылымға ұсыну керектігін, журналдармен қарым-қатынасты дұрыс орната білу керек. Жалпы, Scopus жүйесіне кіретін беделді әлемдік журналдарда жариялануды мақсат еткен жас ғалымның өзіндік стратегиясы болу керек.

Дублин қалалық университетінің Халықаралық реттеу және қайта құру институтының аға ғылыми қызметкері, PhD докторы Абель Полезе өз семинарын өзекті және маңызды тақырыпқа арнады. Шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және басқа да жоғары оқу орындарының жас ғалымдары, магистранттар, докторанттар мен студенттер қатысты. Семинар спикерін философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бекжан Мейірбаев таныстырды.

Абель Полезе – Дрезден техникалық университетінің (Германия) және Эдинбург университетінің (Шотландия) Мария Кюри стипендиаты. Еуропалық комиссияда (DG Research) саясаттанушы-сарапшы болып жұмыс атқарды, Американың (Гарвард, Торонто, Манизалес), Еуропаның (Париж, Будапешт, Дубровник, Мәскеу) бірнеше университеттерінде шақырылған профессор ретінде қызмет атқарды.

Абель Полезе – Scopus diaries и The (il)logics of academic survival күнделіктерінің авторы, онда академиялық бағыттардағы қиындықтар туралы тұрақты блог жазбаларын жазып, академиялық мансапқа қатысты ойларымен бөліседі. Профессордың ғылыми қызығушылықтары түрлі елдердің дамуының теориясы мен тәжірибесі, посткеңестік саясат пен қоғам және т.б. мәселелердің кең ауқымын қамтиды.

2021 жылдан бастап Абель Полезе ҚазҰУ-дың Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасында докторанттарға арналған Methodology of research in the social sciences пәні бойынша дәріс береді. Ол Scopus деректер базасында (Q1, Q2) индекстелген журналдарда алты мақала жариялады.

Семинар интерактивті диалог түрінде өтті. Спикер ғылыми басылымдардың кең ауқымын оңтайлы пайдаланып, дұрыс таңдау жасау жолдарын көрсетті. Ол ең алдымен жұмыс сапасына назар аудара отырып, үміткерлерді байыпты іріктеу жүргізетін Scopus базасы журналдарында жариялауды мақсат еткендерге арналған стратегияны талқылады. «Маған жас ғалымдар Scopus-қа қалай қол жеткізіп, мақала жариялауға  болатыны туралы сұрақты жиі қояды. Сонда мен оларға: «Scopus – бұл процесс емес, жұмыстың нәтижесі. Ал оның алдында ауқымды ғылыми жұмыс, керекті материалдарды жинау, зерттеу, қорытындылау және ғылыми деректерді сауатты әрі құрылымдарға бөліп жазуды білу керек. Табыстың кепілі ең алдымен жарияланатын жұмыстың сапасына негізделеді», – деп атап өтті Абель Полезе.

Семинар жүргізушісі ғалымның мансабы, ғылыми еңбектердің жемісін коммерцияландыру, мотивация мен жетістік туралы көптеген құпиялар мен талаптар туралы жас зерттеушілерге баяндады. Іс-шара соңында ол тыңдаушылардың барлық сұрақтарына жан-жақты жауап берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі