
Азаматтардың заң ережелерін дұрыс түсінуі – конституциялық-құқықтық реформалардың нәтижелігінің алғышарты. Мемлекеттің заңнамасы нақты құқықтық реттеу субъектілеріне, жалпы, қарапайым халыққа түсінікті, қолжетімді болуы керек. Заңнама нормасын халықтың дұрыс түсініп, оны дұрыс қолдануы үшін заңның мазмұны, яғни заң шығару тілі қарапайым, әдеби тілге неғұрлым жақын болуға тиіс.
Сондықтан заң ережелерін қоғам мүшелерінің дұрыс ұғынып, заң нормаларын дұрыс қолдануы, практикалық қызметте оларды дұрыс басшылыққа алуы, тиісінше жүргізіліп жатқан құқықтық реформалардың нәтижелігі үшін заң шығару тілін жетілдіріп, дамытып отыру қажет. Заңның тілін дамытып, кәсібилендіру заңның мәтінінде ережелердің нақтылығы мен анықтығын және толықтығын үйлестіруге қажет. Өз кезегінде ол құқық қолдану практикасында оның өздігінше талқылануы мен бұрмалануы мүмкіндігін жояды.
Заң мазмұнын қоғам мүшелері дұрыс түсініп, практикада дұрыс орындалуы өз кезегінде заң шығарушылар алдында заң тіліне қатысты біршама талап қояды. Атап айтқанда заң тіліне қойылатын алғашқы талап – оның анықтығы. Тілі анық, айқын болғанда ғана заң бағытталып отырған субъектілерге түсінікті болады. Нәтижесінде дұрыс ұғынылып, жүзеге асады. Тиісінше, заң нормасының түсінікті болуы заң мазмұнының, яғни заң ережелерін жазу тілінің барлық қоғам мүшелерінің оны нақты, дұрыс ұғынуына мүмкіндік беретіндей анық, қарапайым болуы. Демек, заңның мазмұны қарапайым, халық түсінетіндей жеңіл тілмен мәтінделуі керек. Бұған ең алдымен заң шығару процесіне қатысатын субъектілердің заңның мазмұнын қалыптастыруда қолданатын сөздің қарапайымдылығы, жеңілдігі арқылы ғана қол жеткізуге болады. Олай болса, қабылданатын заңның мәтінінде құқықтық қатынас субъектілеріне түсінікті, күнделікті өмірде жиі қолданылатын қарапайым сөздер мен сөз тіркестерін, терминдерді қолдану керек. Тиісінше, заң актісінің жобасын қалыптастыруда, оны қабылдауда арнайы білімі жоқ тұрғын халық үшін белгісіз болып табылатын заңи, салалық терминдерді, сөз тіркестерін пайдалануға мүмкіндігінше аз жүгіну қажет. Қарапайым халыққа түсініксіз ондай терминологияны асыра пайдаланбаған жөн. Ал күнделікті қолданылатын тілде мағынасын нақты және біржақты түсінуге мүмкіндік беретін толыққанды терминдер болған жағдайда заңнамада кәсіби ұғымдарды тіптен қолданбаған абзал.
Заң тілінің анықтығы мәтінде көрініс тапқан сөз, термин, сөз тіркестерінің нақтылығы, заң шығарушы ойының толық аяқталған болуы.
Заң тіліне қойылатын екінші талап – заң тілінің нақтылығы. Заң нормаларының түсініктілігі мен нақты болуы, заңның мәтіндік мазмұнының заң шығару процесіне қатысушы субъектілердің заңи реттеу мақсатына, идеяларына нақты сәйкес келуі заңның тілін, оның сапасын жетілдірудің негізгі бір міндеті деуге болады. Заң мәтінінде қолданылған әрбір термин, сөз тіркесі, сөйлем әртүрлі мағынада ұғынуға, түрліше түсінуге жол бермейтіндей абсолютті түрде нақты анықталып, нақты мазмұндалған болуы тиіс. Тиісінше, бұл талап заң тілінің нақтылығы құқықтық ережелердің мәнін дұрыс, бір ғана мағынада әрі толық түсінуді мүмкін ететін біржақты тілдік көріністі білдіреді. Заң нормаларының бір ғана мағынада түсінетіндей болуы туралы жалпылама түрде «Құқықтық актілер туралы» заңының 24-бабында баяндалған. «Құқықтық актілер туралы» заңында заңдар мен жалпы құқықтық актілер ережелерiнің барынша қысқа, нақты мағынаны қамтитындай болуы әрі түрліше түсіндіруге жатпайтын бір мағынаны қамтуға тиiс екені бекітілген.
Бір мағыналық талабы заңның мәтінінде сөздерді, сөз тіркестерін дұрыс қолдану арқылы және олардың арасында қисындық байланыстың болуы негізінде ғана сақталады деуге болады. Олай болмаған ретте заң нормалары мазмұнының анық әрі нақты еместігі, тиісінше оның түсініксіздігі орын алады.
Заң тіліне қойылатын үшінші талап – оның қысқа болуы. Заң мәтінін құруда оны өте ұзын, құрмалас сөйлемдермен мазмұндамаған дұрыс. Олай деу себебіміз – күрделі мәтіндік сөйлемдердің салдарынан заң өзінің мәнін, түпкілікті мағынасын жоғалтуы әбден мүмкін. Демек, заңдардың жобасын әзірлеуде пайдаланылатын терминдер, тиісінше сөйлемдер мүмкіндігінше қысқа да нұсқа болғаны дұрыс. Терминдер ретінде екі және одан да көп сөзден тұратын ұзын сөз тіркестеріне жүгінбеуге тырысу керек.
Заң тіліне қойылатын төртінші талап – оның терминологиялық бірыңғай болуы. Терминологиялық бірыңғайлық талабы заң актісінің мазмұнын құруда біртұтас терминология мен біртұтас заңи тұжырымдарды, бір ыңғайландырылған тілді пайдалануды, қолдануды анықтайды. Тиісінше, мағыналық жағынан бір терминге бір түсінік, яғни бір анықтама сай болуы тиіс. Сол секілді бір түсінік, бір анықтама бір ғана терминмен белгіленуі керек.
Жоғарыда аталғандарға қоса, заң тілінің анықтығы мен түсінікті болуы үшін заң жобаларын жасауда, қабылдауда жаргондар, көне, ескірген сөздер де қолданбаған жөн. «Құқықтық актілер туралы» заңының 24-бабының 3-тармағында осы аталғандарға қатысты құқықтық актілердің мәтінінде ескірген және көпмағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттердi, метафораларды қолдануға әрі сөздердi қысқартуға жол берiлмейтіні нақты бекітілген. Әрі заң мәтінінде сөздерді қысқартып пайдалануға болмайды. Өйткені ондай сөздер қоғамның құқықтық санасына теріс әсер ететін болады, құқықтық реттеу сапасын, заңнаманың реттеушілік мүмкіндігін әлсіретеді.
Олай болса, мемлекетімізде жүргізіліп жатқан конституциялық-құқықтық реформалардың нәтижелігі, тиімділігі үшін заң ережелерін қоғам мүшелері дұрыс ұғынатындай мазмұндау керек. Тиісінше, заң тілін жетілдіру, дамыту қажет. Мақсат – құқықтық реттеудің толықтығы мен нақтылығын және анықтылығын үйлестіруді қамтамасыз ету.
Қарлығаш ҮСЕИНОВА,
Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқығы кафедрасының меңгерушісі, доцент, з.ғ.к.
Әйгерім ЖАРБОЛОВА,
аға оқытушы, з.ғ.к.
Басқа жаңалықтар

