Түркияда ғылыми тағылымдамадан өттік
Докторанттар үшін ғылыми тағылымдама кәсіби дамуы мен білімін тереңдетудің маңызды кезеңі болып саналады. Біз де өз кезегімізде білім алып жатқан «Геоинформатика» мамандығы бойынша Ыстамбұл қаласындағы Йылдыз техникалық университетінде ғылыми тағылымдамадан өттік.
Геоинформатика – бұл географиялық ақпаратты жинау, өңдеу, талдау және визуализациялау үшін қолданылатын ғылым саласы. Қазіргі заманда геоинформатика тек география мен картографияда ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы, урбанистика, инженерия және қауіпсіздік сияқты көптеген салаларда кеңінен қолданылады. Бұл ғылым саласы жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдердің дамуы арқасында маңызды рөлге ие болып келеді.
Осыған орай, заманауи зерттеу орталықтары, озық ғылыми базасы, жоғары білікті оқытушы-профессорлық құрамы бар Түркиядағы жетекші оқу орындарының бірі болып саналатын Йылдыз техникалық университеті геоинформатика бағытында білім алып жатқан докторанттарға өз білімін жетілдіруге қолайлы орта ұсынады.
Бұл тағылымдама бізге ғылыми зерттеу жұмыстарымыздың сапасын арттыруға және халықаралық тәжірибе жинақтауға үлкен мүмкіндік берді.
Тағылымдамадан өтудегі негізгі мақсатымыз ғылыми зерттеулерді жүргізу әдістерін жетілдіру болатын. Осыған орай, бізге Геоматика/картографиялық инженерия кафедрасының профессоры Наджи Йастыклы және азаматтық құрылыс, инженерлік геоматика, фотограмметрия факультетінің деканы, профессор Жунейт Айдын өзіміздің ғылыми жобаларымыз бойынша Йылдыз университетінің заманауи зертханаларында тәжірибе жасауға көмектесті. Олар деректерді өңдеу, ГИС технологияларын қолдану, картографиялау және геодинамикалық талдау бойынша жаңа әдістерді меңгеруімізге мүмкіндік жасады. Тағылымдама барысында университеттің профессорларымен және басқа да зерттеушілермен байланыс орнатып, өзара тәжірибе алмастық. Геоинформатика саласындағы заманауи бағдарламалық қамтамасыз етуді қолдануды үйреніп, өз зерттеулерімізге инновациялық әдістерді енгізудің сәті түсті. Сонымен қатар түркиялық әріптестерімізбен бірге докторлық зерттеу жұмыстарымызды талқылап, тәжірибе алмасу арқылы зерттеуімізді жаңа деңгейге көтердік.
Тағылымдамадан өту тәжірибесі ғылыми жобаларды халықаралық деңгейде жүзеге асыруға үлкен серпін берді деп айта аламыз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Йылдыз техникалық университеті арасындағы серіктестік білім беру мен ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Мұндай тәжірибе алмасу Қазақстанның геоинформатика саласындағы жас ғалымдарының кәсіби біліктілігін арттыруға және халықаралық деңгейде мойындалған зерттеулерді жүзеге асыруға септігін тигізеді. Геоинформатика – қазіргі заманғы ғылым мен технологиялар саласындағы маңызды бағыттардың бірі. Ол тек табиғи ресурстарды тиімді басқаруға ғана емес, сонымен қатар экологиялық мәселелерді шешуге, қалалық инфрақұрылымды дамытуға және ғылыми зерттеулерді жетілдіруге көмек береді. Қазақстанда геоинформатика саласының дамуы елдің тұрақты дамуы мен экономикалық өсуіне де ықпал етеді.
Докторанттар үшін мұндай тағылымдамалар ғылыми зерттеу дағдыларын жетілдіруге, халықаралық ғылыми қауымдастыққа интеграциялануға және кәсіби желіні кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл тәжірибе оларға әлемдік деңгейдегі зерттеулер жүргізуге және Қазақстандағы ғылыми әлеуетті арттыруға септігін тигізеді. Геоинформатика саласын одан әрі дамыту үшін білім беру мен ғылыми зерттеулерді қолдау, заманауи технологияларды енгізу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту қажет.
Маңызды әрі құнды тағылымдамадан өтуге ықпал жасап, көмек көрсеткен жетекшілерімізге, университет басшылығына және Йылдыз университетінің профессорларына бізге әрдайым қолдау білдіріп, кеңес беріп отырғаны үшін алғыс білдіреміз.
Нұржан ЕРЖАНҰЛЫ,
Назым СҰЛТАНҒАЛИҚЫЗЫ,
«Геоинформатика» мамандығының докторанттары