ҚазҰУ ғалымдары Малайзияда тағылымдамадан өтудеFarabi University

ҚазҰУ ғалымдары Малайзияда тағылымдамадан өтуде

6 желтоқсан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің Рекреациялық география және туризм кафедрасының қызметкерлері Путра Малайзия университетінде ғылыми тағылымдамадан өтуде.

Тағылымдамаға кафедраның аға оқытушылары Нұрұлы Елдар мен Ақмарал Сапиева, докторант Аида Қалиева, магистрант Динара Нұрқызы қатысуда. Малайзияның үздік бес университетінің қатарына кіретін және QS World University Rankings 2025 рейтингінде 148-орында тұрған UPM университеті тағылымдама аясында кәсіби біліктілікті арттыруға, халықаралық әріптестікті дамытуға және бірлескен ғылыми бастамаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік береді. 

Тағылымдама университеттің орман шаруашылығы және қоршаған орта факультетіне барудан басталды. ҚазҰУ қызметкерлері Рекреация және экотуризм кафедрасының өкілдерімен кездесу өткізіп, кафедраның ғылыми бағыттары бойынша Dr. Sam Shor Nahar Yaakob-тың баяндауын тыңдады. Сонымен қатар делегация университеттің білім беру және ғылыми инфрақұрылымымен танысты. 

ҚазҰУ қызметкерлері UPM Рекреация және экотуризм кафедрасы ұйымдастырған ерекше outdoor class форматына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл сабақ барысында студенттер теорияны тәжірибемен ұштастырып, арқанмен ағашқа өрмелеу, садақ ату, шатыр құру және басқа да командалық жұмысқа бағытталған рекреациялық іс-шараларды ұйымдастыру бойынша дағдыларын көрсетті. ҚазҰУ ғалымдары бұл процесті бақылап қана қоймай, өздері де белсенді қатысып, Қазақстанда білім беру бағдарламаларында қолдану үшін құнды тәжірибе жинады. 

Ресми кездесуде ҚазҰУ өкілдері факультет пен кафедраның ғылыми-білім беру қызметін таныстырып, 2024 жылы іске қосылған жаңа зертханалар мен ғылыми орталықтарды қоса алғанда, факультеттің жетістіктерін атап өтті. Кездесуге Dr. Sam Shor Nahar Yaakob, Dr. Noor Jalilah Jumaat, Dr. Mohd Aswad Ramlan, Dr. Zulkhairi Azizi Zainal Abidin, және Dr. Zamru bin Ajuhari сынды малайзиялық ғалымдар қатысты. Олар өздерінің білім беру бағдарламалары мен зерттеу жобаларын, әсіресе тұрақты туризм мен табиғи ресурстарды сақтау саласындағы тәжірибелерімен бөлісті. Кездесу барысында екі университет арасындағы болашақ ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды: бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, гранттық өтінімдер беру, оқытушылар мен студенттермен алмасу және тағылымдамалар ұйымдастыру. 

Тағылымдама бағдарламасы дәрістер, дала семинарлары және табиғи мұра нысандарына бару сынды түрлі іс-шараларды қамтиды. Екінші күннің маңызды оқиғаларының бірі «Тұрақты туризм және экологиялық әсерлер» тақырыбындағы дәріс болды. Дәріс оқыған спикер экожүйелерге зиян тигізбестен, экономикалық пайда әкелетін және әлеуметтік жауапкершілікке негізделген туризмді дамыту қажеттілігін атап өтті. Аталған тақырып БҰҰ-ның 11-ші («Тұрақты қалалар мен қауымдастықтар») және 15-ші («Құрлық экожүйелерін сақтау») Тұрақты даму мақсаттарына толық сәйкес келеді. 

Сонымен қатар ҚазҰУ қызметкерлері табиғи орман аумағында орналасқан және студенттердің академиялық тәжірибелері мен ғылыми зерттеулерге арналған база болып табылатын Sultan Idris Shah Forestry Education Center білім беру орталығына барады. Бұдан бөлек, UPM ұйымдастырған International Conference on Adventure and Ecotourism 2024 (Hornbill@ICAE) халықаралық конференциясына қатысу жоспарлануда.

ҚазҰУ қызметкерлерінің тек кәсіби құзыреттерін кеңейтіп қана қоймай, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, бірлескен зерттеулер мен туристік салада инновациялық әдістерді енгізу бағытында жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал ететінін атап өту қажет.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі