Фараби университеті жанындағы АБАЙ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНА 15 жыл

5 желтоқсан, 2024

2024 жылы 5 желтоқсанда Фараби университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының құрылғанына 15 жыл толуына орай «Абай ілімі  және ХХI ғасыр» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік мәжіліс өтті.  Мәжілісті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – Ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Нұрматқызы Айтжанова кіріспе сөзімен ашты. Ең алдымен, Жәмила Нұрматқызы Абай ҒЗИ директоры, профессор Жанғара Дәдебаевқа әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы - Ректоры Ж.Қ.Түймебаевтың арнайы құттықтау хаты мен кәдесыйын тапсырды. Проректор Ж.Айтжанова Абай ғылыми-зерттеу институты 15 жылдық мерейлі шағын Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойы аясында атап өтіп отырғанын айта келіп, бұл он бес жылдың Абай институты үшін де, Қазақ ұлттық университеті үшін де жемісті жылдар болғанын атап өтті. Ж.Н.Айтжанова «Осы 15 жыл ішінде  Абай институты үлкен асулардан өтіп,  өзекті де маңызды ғылыми нәтижелерге жетіп, қазақстандық абайтану ғылымына зор үлес қосты. Жалпы институттың ғылыми-зерттеу бағыты тек абайтану ғылымымен шектелмейді, Абай институтында өзге де қоғамдық-гуманитарлық ғылым салаларының тоғысында маңызды зерттеулер жүргізіліп келеді. Абай ҒЗИ-да орындалған ғылыми жобaлардың нәтижелері аса ауқымды, бұл - біздің университетіміз үшін жалпы гуманитарлық ғылымдар саласы үшін мақтаныш етерлік ғылыми табыс» дей келіп, Абай ҒЗИ ұжымына шығармашылық табыс тіледі, алғысхаттар тапсырды.
Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебайұлы 15 жыл аясында Абай ғылыми-зерттеу институтында атқарылған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесіне тоқталды. Институт басшысы Абай ҒЗИ-дың жұмыс бағыттары туралы айта келіп, соңғы жылдарда орындалған іргелі ғылыми жобалардың нәтижелері ретінде «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» 50 томдық басылымын,  «Абайтану антологиясы» 10 томдығын,  «Абай кісілік кодексін», «Абай институтының еңбектері» сериясымен шыққан 23 кітапты, Абай ҒЗИ веб-сайтындағы бейнедәрістерді, «ҚазҰУ-90» тақырыбындағы бейнефильмдер, презентацияларды, «Абай ғылыми-зерттеу институтына 15 жыл» атты арнайы жинақты және басқа да интеллектуалдық инновациялық өнімдерді көрсетті.
Алғашқылардың қатарында сөз алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің деканы, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Баян Өмірбекқызы Жолдасбекова Абай ҒЗИ-дың 15 жыл бойы филология факультетімен аса тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқанын атап өтіп, ҚазҰУ-дың мерейтойы аясында жарық көрген «Табысқа толы  - 90 жыл» сериясымен шыққан кітаптарды, факультет атынан арнайы сыйлығы мен алғысхатын тапсырды.


ҚазҰУ-дың тарих факультетінің деканы  Д. Байқонақов,      журналистика факультетінің деканы Қ.Әуесбайұлы, Фараби кітапханасының директоры Ж. Арекенова Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры Жанғара Дәдебайұлына және осы институттың ұжымына құттықтау сөздерін арнады. 


Мәжіліске қазақстандық және шетелдік ғалымдар, ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары мен ғалымдары, докторанттар, магистранттар қатысты. Абай ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкерлері  – профессор Дандай Ысқақұлы, профессор Қансейіт Әбдезұлы Абай институтының тарихы мен роліне тоқталып өтті
Қырғыз Республикасынан Ш. Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры,  профессор Абдылдажан Ахматалиев, Әзірбайжаннан Баку славян университетінің профессоры, әдебиетші ғалым Низами Тагисой  қатысып, Абай ҒЗИ-мен шығармашылық байланыстары жөнінде айтты. Республикадағы іргелі гуманитарлық ғылыми мекемелер басшылары, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір (онлайн), ҚР БҒМ ҒК М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары Альмира Қалиева, ҚазҰУ жанындағы Түркітану және алтайтану институтының директоры Нұрсұлу Шәймерденовалар Жанғара Дәдебайұлының абайтану мен әдебиеттануға сіңірген елеулі еңбегіне тоқталып, жылы лебіздерін білдірді.  ҚазҰУ жанындағы Әл-Фараби орталығының ғылыми кеңесшісі, профессор Жақыпбек Алтайұлы,  философия факультетінің профессоры Тұрсын Ғабитов  Абай шығармашылығында Әл-Фараби дүниетанымының орны ерекше екендігін, екі ойшылдың мұрасын тығыз байланыста зерттеу керектігіне тоқталды.


Мәжілісте елімізге белгілі ғалымдар мазмұнды да өзекті баяндамалар жасады. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының профессоры Қанипаш Мәдібай «Профессор  Ж. Дәдебаевтың «Абай ілімі» оқу құралының ғылыми-әдістемелік маңызы» атты баяндамасында ғалымның Абай іліміндегі концепцияларды нақты әрі жүйелі түрде дәйектеп жеткізгенін айтты. ҚазҰУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Анар Салқынбай Абай институтының директоры Жанғара Дәдебайұлы енгізген  «Абай ілімі» пәнінің адам баласын,  қоғам айнасын түзейтінін, келешек ұрпақтың қамы үшін маңызды екенін атап айтты. ҚазҰУ жанындағы «Қазақ философиясы» Ғылым және білім орталығының директоры Гүлжихан Нұрышева Абайдың экзистенциализмі тақырыбында баяндама жасады. ҚазҰУ жанындағы ОӘС РОӘК Ғалым хатшысы, философия ғылымдарының докторы, профессор Ақмарал Сырғақбаева  Абай ҒЗИ-ға табыс тілей отырып, ҚазҰУ-да оқу үдерісіне енгізілген «Абай ілімі» пәнінен ашық сабақтарға қатысқандығын, аталмыш пәннің жас буынды рухани тұрғыдан тәрбиелеудегі ерекше мән-маңызы  мен өзектілігі  жөнінде пікірін айтты. 
«Абай ілімі және ХХІ ғасыр» тақырыбындағы ғылыми тағылымға толы бұл мәжіліс Фараби университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының  құрылғанына  15 жыл толуына арналды. Мақсаты – Абай ғылыми-зерттеу институтында абайтану ғылымы саласында атқарылған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін таныстыру, алдағы міндеттерды бағдарлау. Мәжіліс модераторы, филология ғылымдарының кандидаты, Абай ҒЗИ -дың қауымдастырылған профессоры Л.Мұсалы Абай ҒЗИ атынан қатысушыларға алғыс білдірді және мәжілісте баяндалған сөздердің  «Абай институтының электрондық басылымдары» сериясының кезекті жинағында жарияланатындығын хабарлады.