«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ВИРТУАЛДЫ ПАЛЕОЛИТ МУЗЕЙІ» ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

11 желтоқсан, 2024

Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойына орай, тарих факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы «Қазақстанның виртуалды палеолит музейі» жобасы аясында университет құрамындағы Қазақстан палеолит музейінің виртуалды нұсқасын іске қосты.

Бұл жоба идеясының авторлары – тарих факультетінің деканы, тарих ғылымының докторы, профессор Досбол Байқонақов пен Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы, PhD Жұлдыз Бекбауова. Факультет деканы Д.Байқонақов жоба туралы пікірінде: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында цифрландыру және елімізде инновацияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударған болатын. Осы бағытта біз де аздаған үлесімізді қосу мақсатында университетте білім алып жатқан студенттер мен оқытушы-профессорлардан топ жасақтап, музейдің 3D турын немесе виртуалды нұсқасын жасауды ойластырдық. Бұл жобаның негізгі мақсаты – тарихи-археологиялық білімнің инновациялық базасын қалыптастыру, визуалды ақпарат беру және палеолит дәуіріне қатысты ғылыми зерттеулер мен білім беру материалдарын виртуалды форматта ұсынып, студенттер мен зерттеушілер үшін интерактивті оқу ресурстарын симуляция тәжірибесінде ұйымдастыру. Осы жобаны іске асыруға атсалысқан барлық жандарға алғысымыз шексіз», – деп атап өтті.

Жобаны ұйымдастырушылардың бірі, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Берекет Кәрібаевтың айтуынша, Қазақстан палеолит музейінің маңызы зор. Музей 2000 жылы профессор Ж.Таймағамбетовтің бастамасымен құрылған болатын. Оның негізін Х.Алпысбаев, А.Медоев, Б.Әубәкіров, О.Артюхова т.б. мамандардың көп жылдар бойы жинаған 500 мыңнан астам артефактілері құрайды. Бұл музейге академик А.Деревянконың жетекшілігімен 1992 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан-Ресей кешенді археологиялық экспедициясының бірлесіп алынған жазба материалдары қойылды. Экспонаттар мен фотоматериалдар хронологиялық тұрғыдан тізбектеліп, бес бөлімге топтастырылды. Музей Қазақстанның палеолит және неолит дәуірінің ескерткіштері орналасқан карталармен жабдықталды. Жоба жетекшісі – Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы, PhD Ж.Бекбауова жобаның төмендегідей ерекшеліктерін атап отыр.

  • Ғылыми жаңалығы. Еліміздегі ЖОО музейлер арасындағы алғашқы студенттік виртуалды тур жобасы болып табылады. Музейді ашуға үлес қосқан ғалымдар туралы мәліметтер мен еңбектер виртуалды тур тақтасында сілтеме арқылы өтуге болатын функциясы жобаның ғылыми жаңалығын арттырады (көрсетілген функция Қазақстандағы виртуалды тур жасалған музейлерде қолданылмаған);
  • Интерактивтілік. Виртуалды ортада қолданушылар палеолит кезеңінің маңызды орындарын, тұрақтары мен құралдарын интерактивті түрде зерттей алады. Бұл жүйе пайдаланушыларға тарихты белсенді түрде танып-білуге мүмкіндік береді.
  • Визуализация. Заманауи графикалық технологияларды пайдалана отырып, палеолит дәуірінің өмірі мен мәдениетін көрсетеді. 3D модельдер мен анимация арқылы артефактілерді қозғалыс кейпіне енгізіп, көрерменге шынайы әсер қалдырады. Музейдегі фотосуреттер, тұрақтар мен артефактілер туралы арнайы жасалған анықтама батырмасын басу арқылы толық ақпарат алу қолжетімді болады. Сондай-ақ аудиодыбыстау арқылы музей туралы ақпаратты екі тілде тыңдауға болады.
  • Кросс-дисциплинарлық байланыстар. Жоба тарих, археология, антропология, ақпараттық технология саласын, жасанды интеллекті және т.б. ғылым салаларының қиылысуында дамып, аудиторияны кеңінен қамтиды.
  • Қашықтан қолжетімділік. Виртуалды жоба интернет арқылы әлемнің кез келген бұрышынан қолжетімді, бұл бағдарламаны кең аудиторияға ұсынуға мүмкіндік береді. Мектептегі оқушылардан бастап, студент, магистрант және докторанттар, сондай-ақ тарих, археология, палеолиттану, мезолиттану, неолиттану т.б. ғылым салаларына қызығушылық білдірген барлық ізденушілерге қолжетімді.
  • Көптілділік. Жоба қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде ақпарат береді. Бұл мүмкіндік мәдениеттер арасында байланыс көпірін  жасайды.

Жоба жетекшісі Жұлдыз Бекбауова жобаны құрастырушылар тарих, ақпараттық технологиялар, биология және биотехнология факультеттерінің білімгерлері екенін де атап кетті. Олар: ақпараттық технологиялар факультетінің 1-курс студенттері: Данияр Аронов, Арман Төлеген, Болат Тыныс. Сонымен қатар Технологияларды коммерцияландыру және креативті индустрия орталығының жоба менеджері  Эльвира Үмбетжанова мен Археология, этнология және музеология кафедрасының  «Этнология және антропология» білім беру бағдарламасының 1-курс докторанты Жанар Баянова айтарлықтай үлес қосты.

Жоба барысында мәтін теруге атсалысқан студенттер: тарих факультетінің 1-курс студенттері Айғаным Тілеубек, Назерке Арысбай, Дамира Нұрпейіс, биология және биотехнология факультетінің 1-курс студенті  Меруерт Самет. Мәтін аудармасын жасағандар – ақпараттық технологиялар факультетінің 1-курс студенті Ділда Нұрбек пен биология және биотехнология факультетінің 1-курс студенті Анай Ұлан.

Жобаны  қазақ тілінде дыбыстаған – Қазақстан палеолит музейінің жетекші маманы Балғынбек Демесін және ағылшын тілінде дыбыстаған биология және биотехнология факультетінің 1-курс студенті Зарина Мэлс.

«Қазақстанның виртуалды палеолит музейі» жобасы – бұл тек оқыту мен зерттеу платформасы ғана емес, сонымен бірге мәдени мұраны сақтап, инновация мен тарихтың ұштасқан алаңы. Ол заманауи технологияларды пайдаланып, адамзат тарихының алғашқы кезеңдерінің құпияларын ашуға көмек береді.

Виртуалды нұсқа: «Қазақстанның виртуалды палеолит музейі» жобасы

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі