Ғылымға сіңген еңбегі зорFarabi University

Ғылымға сіңген еңбегі зор

12 желтоқсан, 2024

Экономикалық ғылымдар саласында терең із қал­дыр­ған, Қазақстанның экономикасын дамытуға зор үлес қос­қан, экономика ғылымының докторы, профессор Болат Мұхамедиев 75 жылдық мерейтойын атап өтуде. Өзінің сан қырлы ғылыми зерттеулері мен педагогикалық қыз­ме­тімен ол экономиканы зерттеу әдістемелерін жетіл­ді­ріп, эконометрикалық модельдеу, инвестициялар, моне­тар­лық экономика және кедейлікпен күрес салаларына баға жетпес үлес қосты.

Болат Мінтайұлының ғы­лы­ми қызметі экономика ғы­лы­мы­ның алуан түрлі салаларын қамтиды. Ол белгісіздік жағ­дайында экономикалық шешім қабылдау, макроэкономикалық көрсеткіштердің өзара бай­ла­нысын модельдеу, жаһандану жағдайындағы ұлттық эконо­ми­каның тұрақтылығы мен тиім­ді дамуының модельдерін жасау бойынша іргелі зерт­теулер жүргізді. Ерекше атап өтуге тұрарлық жетістіктерінің бірі – эконометрикалық әдіс­тер­­ді қолдана отырып, Қазақ­стан­дағы кедейлік деңгейін тал­дау. Оның зерттеулері ел­дегі аймақтық теңсіздіктерді, мұнайдан түскен кірістердің әлеу­меттік тұрғыдан әділ бө­лін­беу мәселелерін анықтады. Бұл зерттеулердің нәтижелері Дүниежүзілік банктің баян­да­ма­­ларында жарияланып, ха­лық­аралық деңгейде мойын­дал­ды.

1966 жылы Бүкілодақтық олимпиаданың үш кезеңінің қорытындысы бойынша Б.Мұ­ха­медиев Новосібір мемле­кет­тік университеті жанындағы физика-математика мектеп-ин­тернатының 10-сыныбына қа­былданды. Мектепті аяқ­таған соң, бірнеше түлек жо­ға­ры оқу орнына емтихансыз қа­был­дану мүмкіндігіне қа­ра­мастан, Мәскеуге барып, Мәс­кеу физика-техникалық инс­ти­ту­тына (МФТИ) түсуге шешім қабылдады.

1967 жылы Болат Мінтайұлы Мәскеу физика-техникалық инс­­титутына оқуға түсті. Бас­қа­ру және қолданбалы мате­матика факультетінде оқып жүріп, төртінші курстан бастап, алтыншы курсқа дейін уақыт бөліп, КСРО Ғылым академия­сы­ның Есептеу орталығында жұмыс істеді. Оның ғылыми жетекшілері танымал ғалым­дар – академик Н.Н.Моисеев пен профессор Ю.П.Иванилов болды.

1973 жылы МФТИ-ді аяқта­ған соң, Б.Мұхамедиев КСРО Мемқұрылысы жанындағы Ор­талық ғылыми-зерттеу және жобалау-эксперименттік инс­ти­тутына жіберілді. Кейін ол Қа­зақстанға көшіп, Қазақ мем­лекеттік университетінде кіші ғылыми қызметкер ретінде жұ­мыс істеді. 1974 жылы МФТИ ас­пирантурасына түсіп, бас­қа­ру үдерістерін иерархиялық эко­номикалық жүйелерде мо­дельдеу үшін ойын теориясы әдістерін зерттеді. 1977 жылы МФТИ-де «Математикалық ки­бер­нетика» мамандығы бойын­ша кандидаттық диссертация қорғады.

Сол жылы Б.Мұхамедиев ҚазМУ-дың Қолданбалы тал­дау кафедрасына оқытушылық қызметке қабылданды. 1995 жылы Макро-микроэкономика және математикалық әдістер ка­федрасын басқарды. 2008-09 жылдары Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универ­си­тетінің экономика және бизнес фа­культетінің деканы болып та­ғайындалды. Кейін Макро-ми­кроэкономика кафедра­сы­ның меңгерушісі қызметіне орал­­ды.

1999 жылы «Экономикалық-математикалық әдістер» ма­ман­дығы бойынша докторлық диссертация қорғаған ол көп­экстремалды оңтайлан­дыру мен коалициясыз ойындардағы тепе-теңдік жағдайларын табу әдістерін әзірледі. Оның бұл әдістері қазіргі таңда да эко­но­микалық зерттеулерде ке­ңі­нен қолданылады.

Болат Мінтайұлы көптеген ха­лықаралық жобаларға же­тек­шілік етіп, Қазақстан эко­но­микасын жаһандық ғылыми қауым­дастыққа танытты. TEMPUS-IV бағдарламасы, NES-HESP және GDN аясында жү­зеге асырылған зерттеулерінде ол инновациялық экономиканы дамыту, ақша-несие сая­са­ты­ның тиімділігін арттыру және инвестициялардың ке­дей­лік дең­гейіне ықпалын ба­ғалау та­қы­рыптарын зерттеді. Жа­по­ния, Қытай, Ресей және басқа да елдердің ғалым­да­рымен бір­­лесіп жұмыс істей отырып, «Жаңа Жібек жо­лын­дағы эко­но­микалық даму» сияқ­ты ірі жо­баларға қатысты. Осы зерт­теу­лер арқылы Қа­зақ­стан эко­­­но­микасының әлемдік нарық­та­ғы орны мен әлеуетін ғылыми тұрғыдан айқындауға үлес қос­­ты.

2022 жылы Б.Мұхаме­диев­тің жетекшілігімен «Орталық банктердің тәуелсіздігі және инфляция бойынша мақсат­тар­ға қол жеткізу» атты жоба ҚР Ұлттық банкінің гранты бо­йынша орындалды. Сонымен қа­тар 2023-24 жылдары Ұлттық банк гранттық қаржыландыруы аясында «Кризистен кейінгі кезеңдегі тұтынушылық сұ­ра­ныс (халықаралық және қазақ­стан­дық тәжірибе)» ғылыми жо­басы жүзеге асырылды.

Қазіргі уақытта Б.Мұ­ха­ме­диевтің басшылығымен ҚР Ғы­лым және жоғары білім ми­нис­трлігінің гранттық қар­жы­ландыруы аясында «Мұнай кі­рістерін жинақтау мен ағым­дағы қажеттіліктер үшін пай­да­ланудың Қазақстанның әлеу­мет­тік-экономикалық дамуына әсері» тақырыбында ғылыми жоба орындалуда.

Болат Мінтайұлы жас ма­ман­дарды даярлауға ерекше кө­ңіл бөлді. Оның жетек­ші­лі­гі­мен екі докторлық, 11 канди­дат­тық және 9 PhD дис­сер­та­циялары қорғалды. Оның дә­­­рістері экономика, макро-ми­­кроэкономика, эконо­метри­ка­лық модельдер және моне­тар­лық саясат салаларын қам­­тыды. Бүгінде ол жас ға­лым­дар үшін нағыз үлгі тұтар тұлға.

Көрнекті ғалымның 200-ден астам ғылыми мақаласы мен кі­таптары жарыққа шықты. Олардың ішінде Scopus және Web of Science базаларының Q1-Q2 квартилдерінде индекс­тел­ген шетелдік жур­нал­дар­дағы мақалалары бар.

Профессор көптеген ма­ра­паттарға ие болды. 2023 жылы Б.Мұхамедиевке «Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді, 2015 жылы «Құр­мет» орденімен, 2005 жылы ҚР БҒМ «Қазақстан ғылымын да­мытуға қосқан үлесі үшін», 2014 жылы «ҚР білім беру ісінің құр­метті қызметкері» төс­бе­л­гісімен, 2009 жылы «Әл-Фа­раби атындағы ҚазҰУ дамуына қосқан айрықша үлесі үшін» үл­кен алтын медалімен мара­пат­талды. Ол бірнеше рет ҚР БҒМ «Жоғары оқу орнының үз­дік оқытушысы» гранты мен ғы­лым және техниканың да­муы­на ерекше үлес қосқан ға­лымдар мен мамандарға ар­нал­ған мем­лекеттік ғылыми стипен­дия­ның иегері атанған. Ғылым мен бі­лімге сіңірген ең­бегі ар­қы­лы ғалым тек Қа­зақ­станда ға­на емес, халықаралық дең­гей­­де де жоғары бағаға ие болды.

Экономика және бизнес жо­ғары мектебінің ұжымы мен шәкірттері профессор Болат Мінтайұлын 75 жасқа толған мерейтойымен шын жүректен құттықтайды! Сіздің білім мен ғылымға сіңірген еңбегіңіз мәңгілік құндылық ретінде ке­йін­гі ұрпаққа үлгі болып қала береді.

Экономика және бизнес жоғары мектебі

Экономика кафедрасының ұжымы мен шәкірттері