АЭС салуда қай елдің әлеуеті жоғары?

Референдумнан кейін Қазақстан атом электр станциясын салатын болды. Ендігі мәселе – станцияны салатын елді немесе ол елдің реакторын таңдау. Мемлекет басшысы: «Станцияны бір ел салмайды, консорциум құрамыз, сол консорциум салады», – деген пікірін білдірді. Меніңше, реактордың өзін бір ел салатын шығар. Станция салуға ниет білдірген төрт елде қандай реакторлар бар, енді соларға тоқталайық.
Франция. Бұл ел дүниежүзі бойынша Америка Құрама Штаттарынан кейін ең көп атом энергиясын өндіреді. Ал атом энергиясының үлесі жалпы энергетикасында ең көп ел (70 пайыздан жоғары), 17 АЭС 56 реактордан тұрады. 60 Гвт энергия өндіреді.
Реакторларды құру және қызмет көрсетумен 2001 жылы ұйымдастырылған AREVA айналысады. Компанияның бас акционері – Француз мемлекеттік атом энергетикасы комиссариаты. Бұл атом энергиясын өндіретін барлық қызмет түрлеріне жауапты жалғыз компания. Француз реакторларының негізгі түріне айналған Су-су реакторлары (PWR-pressurized water reactor). Францияның барлық белсенді реакторлары екінші буынға жатады. Айта кетейік, шартты түрде барлық реакторларды төрт буынға бөледі: І буын – алғашқы салынған реакторлар, қазіргі кезде толығынан тоқтатылған. II буын реакторлары негізінен барлығы да жұмыс істеп тұр. Оған 2000 жылдарға дейін салынған реакторлар жатады. Бүгінде салынып жатқан реакторлар III буынға жатады, II буынға қарағанда қауіпсіздігі жоғарылау және технологиясында да өзгеріс бар. Үшінші буынның III+ түрі бар, қауіпсіздікке көп көңіл бөлінген, әрине, сондықтан қымбаттау. Франция PWR (111) не EPR (111+) реакторын ұсынатын шығар. Франция біраз елге реактор салып берген, осы күні де салып жатыр. Франция өзіне керекті уранның 24 пайызын Қазақстаннан алады.
Оңтүстік Корея. Мұнда төрт атом электр станциясы жұмыс істейді. Әр станцияда төрт немесе одан да көп энергия блогы бар, ал үш станция энергия блоктарының санын көбейтуді жоспарлап отыр. Атом энергетикасы – Оңтүстік Кореядағы энергияның негізгі көзі. Биыл (2024 жылы) 26 реакторы болды. Атом электр станциясының жалпы электр қуаты 23,1 ГВт құрайды. Әр атом электр станциясында бірнеше энергия блоктарын орналастыру техникалық қызмет көрсетуді тиімдірек етуге және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Оңтүстік Корея APR-1400 (Advanced Power Reactor 1400 MW electricity) реакторын ұсынуы мүмкін – Korea Electric Power Corporation (KEPCO) әзірлеген жаңартылған Су-су ядролық реакторы. Бұл реактор реакторлардың ІІІ буынына жатады. Оңтүстік Корея бірнеше елге осы реакторды салған және сала бермек. Бұл экономика жағынан тиімді деп саналады.
Қытай. Бұл елдің атом энергетикасы (Тайваньды қоспағанда) жалпы қуаты 50,8 ГВт болатын 18 атом электр станциясында орналасқан 56 белсенді өнеркәсіптік ядролық реакторға ие. Сондай-ақ 14 блок салынуда және шамамен 30 жоспарланған. Жалпы, электр энергиясын өндірудегі атом энергетикасының үлесі 4,94 пайызды құрады. Реактордың ең көп қолданылатын түрі – CPR-1000. 2021 жылы ІІІ+ буын реакторы іске қосылды.
Ресей. Биылғы қаңтарда жұмыс істеп тұрған 11 атом электр станциясында жалпы белгіленген қуаты ~30 ГВт 37 энергия блогы болды.
Ресей 2030 жылға дейін жалпы белгіленген қуаты 21,4 ГВт болатын 10 атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Ресейдің Үндістан, Бангладеш, Армения, Қытай, Иран, Түркия, Болгария, Белоруссия, Египет, Венгрия, Финляндия және Орталық Еуропаның бірқатар елдерімен АЭС салу туралы келісімі бар. Ресей бұл жағынан алдыңғы орында. Бізге Ресей ВВЭР-1200 реакторын ұсынуы мүмкін. Жоғарыда аталған мемлекеттерде осы реакторлар салынған. Қалай десек те, Ресей консорциум құрамындағы негізгі ойыншы болатыны айқын.
Тұрғара ТҮСЕЕВ,
физика-математика ғылымдарының докторы,
Жылу физикасы және техникалық физика кафедрасының доценті
Басқа жаңалықтар

