1,5 млн теңге шәкіртақы берілді

17 желтоқсан, 2024

Тарих факультетінің «Ғылыми тарих» маман­ды­ғы бойынша оқитын студенттері үшін есте қалар­лық­тай оқиға болды. «Отбасы Банк» АҚ төрағасының орын­ба­сары Нұрлан Ақшанов факультетке келіп, 3-4 курстың 10 студентіне жалпы көлемі 1,5 мил­лион теңге көлемінде шәкірт­ақы­ны салта­нат­ты түрде табыс етті.

Қаржыгер Нұрлан Сағын­дық­ұлын тарих факультетімен байланыстырған жағдай – ол анасы Тұраш Қабжанованың 1969-76 жылдары универ­си­тетіміздің тарих факультетінде сырттай оқып, «тарихшы және қоғамтану пәнінің оқытушысы» мамандығын иеленіп, зейнетке шыққанға дейін орта мектеп­тер­де тарих пәнінің мұғалімі болуы еді. Осыдан екі жыл бұрын о дүниелік болған анасы Тұраш Қабжанқызының туған күні 23 қараша болғандықтан, осындай көлемдегі шәкірт­ақы­ны анасының рухына тағзым етіп және ол кісінің білім алған «тарихшы» мамандығын құр­мет­теп, 1,5 млн теңге көле­мін­де «Тұраш Қабжанқызы атын­дағы шәкіртақы» тағайындаған екен.

Нұрлан Сағындықұлы шә­кірт­ақыны иеленетін студент­тер­ді мынадай талап бойынша анықтауды өтінді: 1) үміткердің ауылдық-селолық жерде туып-өсуі; 2) үміткер ғылыми сайыс­тарда жүлделі орындарға ие болуы; 3) үміткердің сабақ үл­ге­рімі жақсы болуға тиіс. Ал біз төртінші талапты қосуды өтін­дік. Ол – үміткердің факуль­тет­тің қоғамдық-саяси және мә­де­ни өмірінде белсенділігі бо­­­латын. Біздің өтінішіміз қа­былданды.

Осылайша шәкіртақы тура­лы ақпарат қазан айының ба­сында студенттер арасына таратылды. Бір айдың ішінде 20-дан аса өтініш түсті. Үміт­кер­лерді таңдау үшін Қазақ­стан тарихы кафедрасынан арнайы комиссия құрылды. Үміткерлерге қойылатын төрт талап бойынша 3-4 курс сту­денттері арасынан 10 студент көп ұпайға ие болды. «Тұраш Қаб­жанқызы атындағы шә­кірт­ақыны» тапсыру оның туған кү­ні – 23 қарашаға белгіленді.

«Ғасырды бағындырған ға­лым» У.Х.Шәлекенов атындағы залда шәкіртақыны тапсыру рәсімі өтті. Салтанатты жиын­ды өзім кіріспе сөзбен аштым. Ал шәкіртақы тағайындаған қар­жыгер Нұрлан Сағын­дық­ұлы анасы туралы өте са­ғы­ныш­пен әңгімеледі. Оның айтуы бойынша, Қабжановтар әулеті Павлодар облысының Ертіс ауданы өңірінде XIX-XX ғғ. шенінде ағартушылық және қайырымдылық істерімен ай­на­лысқан екен. Қабжан ақса­қал Омбыда білім алып, ел арасында білім берген. 1920 жылдың соңы мен 1930 жыл­дың басындағы өкіметтің «со­ла­қай» саясаты кесірінен бұл әулет те көп зардап шегіпті.

Соғыстан кейін дүниеге кел­ген Тұраш Қабжанқызы же­ті­жылдық мектептен соң, Пав­лодар педагогикалық учи­ли­ще­сінде оқып, туған ауы­­­лын­дағы бастауыш мек­теп­тің оқытушысы болып жұмыс істейді. Көп ұзамай оны жер­гілікті басшылық мектеп ди­рек­торы етіп тағайындайды. 1969 жылы ол Алматыдағы жалғыз университет, бұрынғы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың тарих факультетіне келіп оқиды. Оны бітірген соң, ауы­лындағы мектепте мұғалімдік қызметін жалғастырады. Со­дан құрметті еңбек дема­лы­сы­на шыққанға дейін осы қыз­метте болады.

Өткен ғасырдың 90-жыл­да­рындағы қиыншылықтар ке­зін­де Тұрар Қабжанқызы мектепте жұмыс істей жүріп, бала­ла­ры­ның бәріне жоғары білім алу­ларына мүмкіндік берген екен. Қаржыгер анасының қайраты мен мейірімділігіне таңғалып, риза екенін айтты. Өзін осындай дәрежеге жеткізген анасының атында шәкіртақы тағайындағанын және оны «Ғылыми тарих» маман­ды­ғы­ның студенттеріне арнағанын, сондай-ақ шәкіртақы жыл сайын анасының туған күні – 23 қарашада табысталатынын жет­кізді.

150 мың теңгеден шәкірт­ақы иеленген студенттер жү­рек­жарды сөзін айтып, риза­шы­лықтарын білдірді. Өздері дайындаған концерттік бағ­дар­­ламасымен ана туралы ән шырқап, қонақтарды риза етті.

Берекет КӘРІБАЕВ,

академик,

Қазақстан тарихы кафедрасының

меңгерушісі