- Басты бет
- Жаңалықтар
- Анкара қаласындағы Қажы Байрам Уәли Университетінде және Кония қаласындағы Нежметтин Эрбакан Университетінде шетелдік ғылыми тағылымдама
Анкара қаласындағы Қажы Байрам Уәли Университетінде және Кония қаласындағы Нежметтин Эрбакан Университетінде шетелдік ғылыми тағылымдама
Шетелдік ғылыми тағылымдама докторанттар үшін кәсіби біліктілігін арттырып, ғылыми зерттеу жұмысын тереңдету үшін аса маңызды. Біз «8D02215 – Мәдениеттер сұхбатындағы философия» білім бағдарламасы аясында Түркия елінде Анкара қаласындағы Қажы Байрам Уәли Университетінде және Кония қаласындағы Нежметтин Эрбакан Университетінде шетелдік ғылыми тағылымдамадан өттік.
Заманауи зерттеу орталықтары, озық ғылыми базасы, жоғары білікті оқытушы-профессорлық құрамы бар аталмыш Университтердегі және басқа ғылыми орталықтардағы мол ғылыми әдебиетпен танысу және тәжірибе алмасу білім алып жатқан докторанттарға өз білімін жетілдіруге игі ықпалын тигізді.
Бұл тағылымдама бізге ғылыми жұмыстарымызды жаңа әдіснамалық құралдармен толықтыруға, зерттеу сапасын арттыруға және халықаралық тәжірибе жинақтауға үлкен мүмкіндік берді. Диссертациялық жұмыс мазмұны бойынша шетелдік ғылыми кеңесші проф. Ахмет Ташқыннан және проф. Яалдыз Фыраттан кеңес алынып, жүйелі ғылыми-зерттеу жұмысының жоспары бекітілді. Диссертациялық жұмыстың тарауларындағы негізгі нәтижелері туралы ғылыми талдау жасалды.
Тағылымдамадан өтудегі негізгі мақсат диссертацияның мазмұны бойынша жүйелі ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу үшін шетелдік ғылыми кеңесшіден және басқа да шетелдік ғалымдардан жүйелі түрде кеңес алу, сондай-ақ, зерттеу жүргізу әдістерін жетілдіру болатын. Диссертацилық зерттеу тақырыбымыздың ортағасырлық түрік мұсылман ғұламаларының мұрасымен байланысты болуы, түркі мұсылман әлеміне ортақ рухани мұраларымыздың өзара сабақтастығы түркиялық әріптестерімізбен бірлесе атқаратын зерттеулердің жаңа көкжиектерін ашты. Түркиялық ғалымдардың рухани мұраларды сақтау, зерттеу, насихаттау және зайырлы ғылым әдіснамасын қолдана отырып, заманауи қоғам талаптарына сай игеру тәжірибесі аса бай екені мәлім. Бұл бізге игі ықпалын тигізіп, докторлық зерттеу жұмыстарымызды талқылап, тәжірибе алмасу арқылы зерттеуімізді жаңа деңгейге көтерді. Сондықтан, ғылыми тағылымдамадан өту тәжірибесі ғылыми жобаларды халықаралық деңгейде жүзеге асыруға үлкен серпін береді деп айта аламыз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Түркия еліндегі Анкара қаласы Қажы Байрам Уәли Университеті және Кония қаласы Нежметтин Эрбакан Университеттері арасындағы серіктестік, білім беру мен ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты нығайту жайлы келісімдердің болуы біздің бұл сапарымызды ұйымдастырып және тиімді атқарып шығуымызға септігін тигізді.
Докторанттар үшін мұндай тағылымдамалар ғылыми зерттеу дағдыларын жетілдіруге, халықаралық ғылыми қауымдастыққа интеграциялануға және кәсіби кеңістік аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл тәжірибе доктаранттарға зерттеулерлерінің нәтижесін әлемдік деңгейдегі танытуға, ұлттық рухани құндылықтарымыздың жалпыадамзаттық құндылықтармен үйлесімін паш етуге және Қазақстанның ғылыми әлеуетті арттыруға септігін тигізеді. Бүгінгі жаһандану заманында Қ. А. Ясауи, Қорқыт ата сияқты түркі дүниесіне ортақ ғұламалардың адамды сүйю идеясына негіздеп жалпы адамзатқа ортақ рухани келісім, адамгершілік даму жолдарын нұсқап және осы ортақ мақсат-мүддеге жауап беретін өміршең этикалық идея ұсынуын әлемдік деңгейде насихаттау аса өзекті болып отыр.
Маңызды әрі құнды тағылымдамадан өтуге ықпал жасап, көмек көрсеткен жетекшілерімізге, университет басшылығына және Қажы Байрам Уәли Университеті және Нежметтин Эрбакан Университеттері профессорларына бізге әрдайым қолдау білдіріп, кеңес беріп отырғаны үшін алғыс білдіреміз.
Мейрманов А. , Чермұхамбетов Е. «мәдениеттер сұхбатындағы философия» мамандығының докторанттары