Дінтану, исламтану саласына қатысты жаңа аударма кітаптың таныстырылымы өтті
2024 жылы 20 желтоқсанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Дінтану мамандығының ашылуына 25 жыл толғанына орай «Ханафи мәзһабының фиқһ ғұламалары және өзге де мәзһабтардың әйгілі тұлғалары» атты кітаптың таныстырылымы өтті.
Ғылыми жиынның модераторы, философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейрбаев Дінтану білім беру бағдарламасының ашылғанына 25 жыл, Исламтану мамандығының ашылғанына 10 жыл толғанын атап өтті. Дінтану ғылымы мен дінтанулық білім берудің қалыптасуына тікелей күш жұмсаған ғалымдар М.С. Орынбеков және Б.Қ. Құдайбергенов, әрі қарай дінтанушы мамандарды даярлау мен тәрбиелеуді жалғастырған Н.Ж. Байтенова, Қ.М. Борбасова, Қ.А. Затов, Б.Қ. Бейсенов, Ш.С. Рысбекова, А.Д. Құрманалиева сіңірген еңбегіне тоқталып, алғысын білдірді. Осы жылдар аралығында Дінтану білім беру бағдарламасы бойынша барлығы 480 түлек бітіріп шыққан. 2014 жылы кафедра меңгерушісі Айнұр Құрманалиеваның бастамасымен жаңа «Исламтану» мамандығына лицензия алынып, мамандар даярлана бастады. Осылайша Дінтану және мәдениеттану кафедрасы Қазақстандағы діни тұрақтылықтың сақталуына үлес қосу үшін жүйелі түрде дінтанушы кадрлар шығарып келеді. Кафедра 20-ға жуық шетелдік және отандық университеттермен және мекемелермен байланыс орнатқан. Соның ішінде бұған дейін Түркия Республикасы Дін істері басқармасымен бірлесе отырып бірнеше ірі шаралар өткізілді. Екі ел арасындағы рухани байланыстарды күшейту, аударма мәселелерін шешу, классикалық шығармаларды қазақ тіліне аудару бағытындағы жұмыстар – факультетіміздің халықаралық деңгейдегі маңызды жобаларына жататынын ескерді. Б. Мейрбаев «Ханафи мәзһабының фиқһ ғұламалары және өзге де мәзһабтардың әйгілі тұлғалары» кітабының авторы Ахмет Өзелдің ғылымдағы орнына тоқталып, жаңа аударылған еңбекке қатысты: «Қазақ халқының дін тарихында Әбу Ханифа мәзһабының орны ерекше. Құндылықтары мен қағидалары қазақтың салт-дәстүрі мен діндарлығына терең сіңісіп, бүгінгі күні біздің рухани өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл еңбектің қазақ тілінде жарық көруі – біздің ұрпақтарымызға діни ілім мен шариғаттың мәнін, оның адамзатқа пайдалы тұстарын түсіндіруге үлкен мүмкіндік береді», - деді.
Астана қаласындағы Түркия Республикасы елшілігінің дін істері жөніндегі кеңесшінің өкілі Инан Өмер діни кітаптарды жазу, аудару, тарату ісінің жауапкершілігіне аса мән берді. Осындай игі істерді жүзеге асыруға қолдау көрсеткен барша ұйымдарға, атап айтсақ, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасына, Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетіне, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне, сондай-ақ Түркия Дін істері басқармасы мен Түркия Дін істері қорына алғысын білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дінтанулық зерттеулер және экспертиза орталығының жетекшісі, профессор Айнұр Құрманалиева аударма жұмысының спецификасына көңіл аударып, бұл еңбектің маңызы қазақ тілі діни терминологиясының толығуына септігін тигізетінін атап өтті.
Түркия мемлекетінің Алматы қаласындағы Бас консулдығының дін істері жөніндегі кеңесшілігінің өкілі Эмре Қарабатақ мырза Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен ынтымақтастықтың жарқын көрінісіне назар аударып: «Бүгінде түрік тілінен қазақ тіліне 43 түрлі кітап аударылып, жалпы саны 152 798 дана кітап басылды. Бұл дін білімін тарату бойынша маңызды қадамның жасалғанын көрсетеді. Түркия Дін істері қорының «Дін істері шәкіртақысы» бағдарламасы аясында қазақ бауырларымызға Түркияда білім алуына қолдау көрсету мақсатында шәкіртақылар ұсынылуы біздің мақсатымызды одан әрі күшейтуде», - деп білімді тарату және діни құндылықтарымызды қорғау жолындағы жұмыстардың жалғасатынына сенім білдірді.
Белгілі дінтанушы ғалым, университетіміздің профессоры Нағима Байтенова аталған еңбектің маңыздылығын тұжырымдап, бұдан алдын басталған ханафи туралы зерттеулерді тілге тиек етті. Аударма еңбегі арқылы исламтанушыларға жаңа зерттеу тақырыптарының ашылғанын айтып, сол арқылы келешек зерттеушілерді ғылым жолына ынталандырды.
Аударма жұмысының басталуына ұйытқы болған Нұр-Мүбарак ЕИМУ Ғылым және инновация департаментінің директоры Ықтияр Палтөре кітап авторы Ахмет Өзелмен сөйлесіп, аудармаға рұқсат алғаннан кейін аудару жұмысына 3 жыл жұмсалғанын, екі университет ғалымдарының бірлескен еңбегі екенін айтып: «Кітапта айтылған фиқһ ғалымдарының еңбектерінің ішінде әлі тахқиқ жасалмай, қолжазба күйінде кітапхана сөрелерінде жатқандары қаншама», - деп жас мамандарға қолжазба ісінде әлі де зерттеу сұрақтарының ашық жатқанын көрсетті. Келесі кезекте Түркиямен байланысты жалғастырып, тәпсір еңбектерін аудару туралы жоспарынан хабардар етті.
Философия, саясаттану және дінтану институтының Дінтану орталығының директоры Алмасбек Шағырбай кітаптың дінтану, исламтану мамандары үшін маңызын айта келіп, кітапта ханафи ғалымдарынан 388, ал басқа мәзһаб ғалымдарымен қосқанда, барлығы 431 ғалым қарастырылғанын, осы сынды еңбектер ұрпақтар сабақтастығының жалғасуына көмектеседі, деді.
Аударма тобының мүшесі Нұржан Абдуллаев, ҚМДБ өкілдері Азамат Фазылжанов пен Алдажар Сейтұлы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Ғылыми кітапханасының директоры Бақытжан Оразалиев, университетіміздің философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Құранбек, Өзбекстанның Самарқан мемлекеттік архитектура-құрылыс университетінің ғалымдары Қахраман Мамарахимов пен Бекзод Расулов жаңа кітаптың маңыздылығы жөнінде пікірлерін білдірді.
Шараға қатысқан дінтану, исламтану, мәдениеттанушы білімгерлер көптеген пайдалы мәліметтерге қанық болып, зерттеу бағыттарына қатысты құрметті ұстаздардан кеңес пен тәлім алды.
Дінтану және мәдениеттану кафедрасы,
Балтымова М.Р., Аманқұл Т.О., Елеусызбаева Н.М.