Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев шетелдік студенттермен кездесу барысында қазақ тілін үйренген шетелдік студенттерге ризашылығын білдіріп, тіл үйренуге қызығушылық танытқан барлық жастарға Қазақстанда қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті. Сондай-ақ ректор шетелдік студенттерді университеттегі қоғамдық және мәдени шараларға белсенді қатысуға шақырды. Университетімізде оқып жатқан шетелдік студенттерге қазақ-ағылшын сөздігін және түркі тілдеріне ортақ сөздер жинағын сыйға тартып, қазақ тілінде терең білім алып шығуларына тілектес екенін білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқу үшін «Флагман» бағдарламасы бойынша АҚШ-тан арнайы келген Хлоя Эджингтон мен Эрол Алган қазақ тілінде еркін сөйлейді. Хлоя Эджингтон 2020 жылы Висконсин-Мэдисон университетіне оқуға түсіп, қазақ тілін сол білім ордасында үйрене бастаған. Кейін Қазақстанға келіп, 4-курсты ҚазҰУ-да жалғастырды. Бүгінде Хлоя Эджингтон ҚазҰУ-дың филология факультетінде «Флагман» бағдарламасы арқылы келген шетелдік студенттерге сабақ береді. Хлоя Эджингтон бес тілде еркін сөйлейді.
«Мен Америка Құрама Штаттарының азаматымын, Вирджиния штатында тудым. Қазір Алматы қаласында тұрып жатырмын, ҚазҰУ-да «Флагман» бағдарламасы бойынша ассистент болып сабақ беруге көмектесемін. Өткен жылы осы университетте қазақ және орыс тілдерін оқыдым. Әлі де үйреніп жүрмін. Оның алдында үш жыл Висконсин-Мэдисон университетінде осы тілдерді оқыған болатынмын. Менің ол жақтағы ұстазым Гүлнәр апай қазір Висконсин-Мэдисон университетінде ағылшынша сөйлейтін адамдарға арналған оқулық жазып жатыр. Қазақстанға қазақ және орыс тілдерін үйрену үшін келдім. Мен әртүрлі тілдерді білгім келеді. Басқа елдердің адамдарымен араласып, танысқым келеді, басқа елдерде тұрғым келеді. Сондықтан қандай да болсын тілді үйренуге құштармын. Менің анам неміс тілін үйретті, қазір түркі тілдерін меңгергім келеді, мысалы, қазақ тілінен басқа, әзірбайжан тілін де үйренудемін. Мені басқа елдердің тілдері өте қатты қызықтырады. Ағылшынша сөйлейтін адамдарға түркі тілдерінде сөйлеу өте қиын, өйткені АҚШ-та қазақ, өзбек, татар тілдерінде ешкім сөйлемейді. Мектептерде ағылшын, неміс, испан, француз сияқты еуропалық тілдер ғана оқытылады. Маған осындағы университет мұғалімдері бұл жағынан жақсы көмек көрсетті. Алға қойған мақсатым – қазақ және орыс тілдерінен ағылшын тіліне аудармашы болғым келеді. Қазақ тілін әзірше орташа үйрендім, бірақ әлі жетілдіремін деп ойлаймын. Қазір Америкадан тоғыз айға тіл үйрену үшін осында оқуға келетіндерге көмектесіп жүрмін. Сонымен қатар өзім де білімімді жетілдіремін. Қазақ отбасында тұрамын. Ол тілді ғана емес, жергілікті халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрлерін біліп, үйрену үшін өте маңызды. Бірақ қазақ тілі – өте әдемі тіл, тарихи тіл. Мемлекеттік тілде сөйлейтін адам барлығымен жақсы қарым-қатынас орната алады. Ал университет туралы айтсам, біріншіден, оның орналасқан жері әдемі. Екіншіден, оқу орнының ұстаздары өте беделді. Мен Қазақстанда екі жыл тұрдым. Жергілікті тұрғындар өте кеңпейіл, қонақжай. Оларға алғысымды айтамын. Қазақстан менің екінші үйім сияқты, әлі де осында тұрып өмір сүргім келеді», – дейді Хлоя Эджингтон.
«Флагман» бағдарламасы бойынша Қазақстанға Америка Құрама Штаттарынан қазақ тілін үйренуге келген Эрол Алган – Индиана университетінің студенті. Қазір ол 4-курсты ҚазҰУ-да жалғастыруда. Америкалық студент қазақ, түрік, орыс тілдерін меңгерген. Эрол Алган қазақ тілін тереңдеп оқуға жағдай жасап жатқан оқу ордасына және жан-жақты қолдау көрсетіп отырған оқытушыларына университет газеті арқылы алғысын білдірді.
«Мен Аризона штатында туып-өстім. 2020 жылы Индиана университетіне оқуға қабылдандым, онда екі мамандық бойынша – халықаралық қатынастар және фольклорды оқыдым. Сонда жүргенде орыс және қазақ тілдерін кәсіби деңгейде оқытатын «Флагман» бағдарламасы туралы естідім. Менің университетімде қазақ тілі сабағы беріледі, сөйтіп, екі жыл бұрын қазақ тілін үйрене бастадым. Сол бағдарлама арқылы бүгінде ҚазҰУ-дың филология факультетінде оқып жүрмін. Қазақ тілі маған ұнайды. Синонимдері көп, мән-мағыналы астарлы сөздерге бай, адам өз ойын еркін жеткізе алады. Сондай-ақ үйлесімді мақал-мәтелдер, тәрбиелік мәні бар дана сөздер көп, осы жағы маған қатты ұнайды. Мен алдымен түрік тілін үйренгенмін, қазақ тілі мен түрік тілінде ұқсас сөздер көп, сондықтан қазақ тілін игеру маған аса қиын болған жоқ. Осындағы қазақ достарыма ризамын, біз сабақтан тыс кездерде бірге футбол ойнаймыз, қайда болсақ та, тек қазақ тілінде сөйлесеміз. Халықаралық қатынастар факультетінде оқып жатқандықтан, арманым – Орталық Азиядағы мемлекеттердің біріне елші болып келу. Егер елші болу қолымнан келмесе, университетте жұмыс істейтін шығармын, мүмкін, аудармашы болармын деген ойым бар. Қазақстанда тұрып жатқаныма қуаныштымын, мені армандарыма жетелеген университетке ризамын», – деп Эрол Алган өз ойларын ортаға салды.
Қайыржан ТӨРЕЖАН