Шығыстанушылардың алқалы жиыны өтті

15 желтоқсан, 2015

Конференцияның пленарлық мәжілісінде Алматыдағы Иран Ислам республикасы мен Египет Араб республикасы Мәдени орталықтарының директорлары, мәдени атташелер Ибрахим Хамдан, Маджид Камрани конференцияға Египеттен арнайы келген Әл-Азхар университетінің профессоры Али Али Ахмад Шағбан, Каир университетінің профессоры Абул Хасан Махмуд Бакри, Ираннан Шахид Бехешти университетінің профессоры Амир Чинари, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Аударма ісі теориясы мен практикасы кафедрасының меңгерушісі А.А. Султангубиева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті Ы.М. Палтөре баяндама жасап, жалпы шығыстану және қазақстандық шығыстануды дамыту жолдарына қатысты құнды пікірлер мен ұсыныстар айтты.

Пленарлық жиыннан кейін конференция қонақтары факультет оқытушылары дайындаған оқу құралдарының көрмесін тамашалап, Шығыс мұражайындағы экспонаттарды қызықтады.

Осы конференция аясында Каир университетінің профессоры Абул Хасан Махмуд Бакридің Мысыр мамлюктеріне арналған ғылыми семинары болып, оған конференция қонақтары белсенді қатысып, өздерін қызықтырған мәселелер төңірегінде пікір алмасып, мысырлық ғалымнан өздерін толғандырған мәселелерге қатысты тұшымды жауаптар алды.

Конференция жұмысы екі секция бойынша жалғасып, онда оқытушы-ғалымдар Шығыс тілдері, әдебиеті мен тарихын оқытудың инновациялық технологияларын оқу үдерісінде тиімді пайдалану жолдары туралы тәжірибе алмасты. Баяндамашылар өз тұжырымдарын жаңа технологияларды қолдана отырып, аудиторияны баурап алды. Қызықты баяндамалар ретінде Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті Ж.Р.Сейтметованың «Араб тіліндегі бейнематериалдарды аударма сабақтарында қолдану», осы кафедраның аға оқытушысы А.Боранбаеваның «Лингвомәдениеттану пәнін оқытудағы фразеологизмдердің маңызы», қытайтану кафедрасының профессоры Ф.Н.Дәулеттің «Шығыс тілдерін оқыту барысында интербелсенді әдістерді қолдану жолдары», Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушысы Л.Д.Нурсеитованың «Жапон тілін оқыту әдістері: шетелдік ғалымдардың жапон тілін оқыту әдістерінің тәжірибелері негізінде», Түрксой кафедрасының аға оқытушысы Г.Б.Жанатаеваның «Шығыс елдері тарихын оқытуда инновациялық бағыттардың тиімді қолданылуы» атты баяндамаларын атауға болады.

Қазақстан шығыстану ғылымының даму барысы және оның өзекті мәселелеріне қатысты баяндамалар да конференция тақырыбын ашып, оқытушы-ғалымдарды толғандырып жүрген келелі мәселелер төңірегінде салиқалы ойлар айтылып, тартымды ой-тартыс, пікір-талас тудырды.Бұл секцияда Түркиядан Эгей университеті Түркі әлемі-ғылыми зерттеу институтының ғалымдары Вильдан Кочоглу мен Шима Доған, Башқұртстаннан Стерлитамак университетінің доценті Л.М.Хусаинова, отандық бірқатар ғылыми-зерттеу институттардың ғалымдары қатысып, шығыстану ғылымын дамытудың жолдары туралы ой бөлісті.

Конференцияның соңында секциялар жұмысына қорытынды жасалып, қазақстандық шығыстануды әлемдік деңгейге жеткізу жолдарына жөн сілтейтін қаулы қабылданды.