Асқақ арман мен қайсар рух жемісі

Тәуелсіздік – біздің ұрпақтың бағына бұйырған үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында Парламент депутаттары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңын қабылдады.
1991 жылы 16 желтоқсанда әлем картасында жаңа, жас – Қазақстан Республикасы пайда болды. Қазақ елі ғасырлар бойы ата-бабаларымыз арман еткен тәуелсіздікке қол жеткізді. Тәуелсіздік мерекесі әр жылдың 16 желтоқсанында атап өтіледі. Егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Сөйтіп, 1991 жылы 16 желтоқсан республиканың Тәуелсіздік күні ретінде бүкіл әлемге танылды. Бұл – қазақ тарихындағы ғасырлар бойы аңсаған арманның орындалған күні. Тәуелсіздік – ең алдымен, қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі.
Қазақстан 1991 жылы 21 желтоқсанда ТМД-ға қосылғанын мәлімдеп, Алматы декларациясына қол қойды. Мемлекеттің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1992 жылғы қаңтарда еліміздің ішкі істер әскері құрылды.
Қазақстанның тәуелсіздігін ресми түрде алғаш 1991 жылы 26 желтоқсанда АҚШ мойындады, одан кейін Қытай, Ұлыбритания, Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран Ислам Республикасы және т.б. мемлекеттер мойындады. Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілігін ашты. Тәуелсіз мемлекетке айналу қазақ халқына үлкен серпіліс, күш берді, республикамыздың өз еркімен алға ұмтылуына, мемлекет болып өркендеуіне дара жол ашылды.
Қазақстан 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ-ның толық құқылы мүшесі атанды. БҰҰ-ның 46-шы сессиясының шешімімен ұйымның 168-ші мүшесі болып тіркелді. 1992 жылғы 4 маусымда Жоғарғы Қеңестің сессиясы республиканың жаңа Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті. Сол жылы 11 желтоқсанда Мемлекеттік Әнұранның мәтіні бекітілді (2006 жылы 7 қаңтарда «Мемлекеттік рәміздер туралы» жарлыққа толықтырулар мен өзгерістер енгізілді). Сонымен қатар Халықаралық валюта қорына, Халықаралық реконструкция және даму банкіне, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық даму ассоциациясының, Инвестицияға кепілдік беретін көпжақты агенттіктің, Инвестициялық таластарды шешу жөніндегі халықаралық орталықтың, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мүшесі болды. Дүниежүзі қазақтарының басын біріктіру мақсатында Қазақстанда 1992-2017 жылдар аралығында шақырылған бес құрылтайдың тарихи маңызы ерекше. Бұл басқосу қазақ халқының жаңа мыңжылдыққа біртұтас ұлт ретінде нық қадам басқанының белгісі болды.
Ұлттық валюта – теңге 1993 жылы 15 қарашада айналымға енді. Қай елдің болсын валютасы сол елдің заманауи саяси-экономикалық жағдайын және жаһандық дәрежесін сипаттайды. Жаңа, тәуелсіз Қазақстан Республикасы халықтың жаңа тиімді тұрмысын қалыптастыру жолындағы күрделі экономикалық реформаларды сәтті жүзеге асыра алды.
Ал Семей ядролық полигонының жабылуы Қазақстан тарихында ғана емес, тұтас адамзаттың тарихында маңызды орын алды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы Қазақстанның бірінші президентінің ядролық қарудан бас тарту жөніндегі ұсынысын мақұлдап, 29 тамызды «Халықаралық ядролық қару-жараққа қарсы күрес күні» деп жариялады. Қазақстан әлемдегі ауқымы жөнінен төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Сондай-ақ Қазақстан ТМД-да алғашқылардың бірі болып ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шартқа қосылды. Ал 1994 жылы ядролық қаруды Қазақстан аймағынан мүлдем жоюға келісті.
Сонымен қатар тәуелсіз Қазақ елінің ішкі саясатында елдің тұтастығын нығайтып, нарықтық экономикаға көшу, көпұлтты елдің бірлігін сақтауда барлық мүмкіндіктерді пайдалану міндеті тұрды. Ал сыртқы саясаттағы басты міндеттер қатарында Қазақстанның дүниежүзі елдерімен байланыстарын дамытып, алдыңғы қатарлы өркениетті мемлекеттердің қатарында болу және елдің қауіпсіздігін қорғау, әлемде бейбітшілікті сақтай отырып, ядролық соғысты болдырмау тұрды. Қазақ елі халқының ерік-жігері осындай аса маңызды міндеттерді жүзеге асыруға бағытталды. Шетелдермен бейбіт қарым-қатынас орнатқан, абыройы асқақ, оңы мен солын ажырататын елге айналды. Мәселен, табысты жүргізілген сыртқы саясаттағы жетістіктердің арқасында Қазақ елі БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ, ИКҰ және т.б. беделді халықаралық ұйымдардың мүшесіне айналып қана қоймай, мемлекетаралық қарым-қатынастарда да еліміздің мәртебесін көтеретін саяси оқиғаларға, тарихи кезеңдерге де бастамашы болды. Астана қаласында 2010 жылы 1-2 желтоқсан күндері ҚР төрағалығымен ЕҚЫҰ-ның 56 мемлекетінің басшылары елордамызда бас қосып, бірауыздан Астана доктринасын қабылдады. Қазақстанда 2011 жылы алғаш рет қысқы Азия ойындары өтті. Қазақстанның намысын қорғаған спортшылар 70 медаль иеленді. Олардың 32-сі алтын, 21-і күміс және 18-і қола. Қазақ елінде 2017 жылы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында Астана қаласында өткен EXPO-2017 көрмесін тамашалауға төрткіл дүниеден 3 миллион адам келді. Ал көрмені өткізуге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты. Осындай және тағы басқадай тарихи оқиғалар еліміздің халықаралық деңгейдегі үлкен беделінің нәтижесі.
Гүлнар БЕСТІБАЙҚЫЗЫ,
т.ғ.к., профессор
Басқа жаңалықтар

