Бейбітшілік пен жасампаздық бірлігі

25 қазан 1990 жылы «Тәуелсіздік туралы» декларация қабылданған күн ретінде тарихтан белгілі. Осы норма ҚР «Тәуелсіздік туралы» заңының қабылдануына негіз болған басты құжат. Қазіргі жас буын аталған мереке бойынша көптеген мәселе бар екенін айтып жүр. Біріншіден, ол қалай мемлекеттік мереке болып енді? Екіншіден, бұрын болған мемлекеттік мереке неге араға бірнеше жыл салып мереке ретінде тойланбай келген? Бұл сұраққа сан қырлы жауап қайтаруға болады. Мемлекеттік биліктің саясаты, елдегі әлеуметтік ахуал т.б. деген сыңайлы.
Егер заңгер ретінде қарастыратын болсақ, онда «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы №267-ІІ Заңының 3-бабында мерекелер қатарында Тәуелсіздік күні туралы мереке алынып тасталынған еді. Сондықтан бұрынғы мемлекеттік мереке болып тойланып келген 25 қазан – Республика күні бірнеше жыл бойы ұмыт бола жаздаған ұлтымыздың ең басты мерекесі.
Дегенмен Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Заңы 2022 жылғы 29 қыркүйектегi №143-VII ҚРЗ. 2-бап Ұлттық мерекелер. «Қазақстан Республикасындағы ұлттық мереке – 25 қазанда атап өтілетін «Республика күні» болып табылады» деген өзгертулер мен толықтырулар енгізу нәтижесінде бұрынғы мемлекеттік мереке қайтадан оралып отыр.
Алғашқы мәселе бойынша Қазақстан Республикасы өзінің егемендігін 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған ҚР «Мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» ҚР конституциялық заңы негізінде әлемге паш етті. Осы негізде «Тәуелсіздік күні» деп, осы заң қабылдаған күні мемлекеттік мереке қатарына қосылды. Мағынасы мен мәні жағынан бір-бірінен ажырағысыз осы екі қос норма Қазақ мемлекеті үшін ұлттық мәні зор заңнама. Оның қайсысы басым болу керек деген мәселе емес, қазақтың рухын, мәдениетін, салт-санасын егемендігіне қол жеткізуге негіз болған бастама, әрине, ол алғашқы декларация.
«Тәуелсіздік туралы» декларация қабылданғаннан кейін 1991 жылдың 15 наурызында Қазақ КСР Президенті «Наурыз мейрамы туралы» жарлығына қол қойды. Жарлыққа сәйкес, көктемгі күн мен түннің теңелу күні 22 наурыз – Наурыз мейрамы деп жарияланады. Жарлықтың мақсаты – жалпыадамзаттық құндылықтарды бекіту, республика халықтарының достығын, бауырластығын нығайту, халықтық дәстүрлерді жаңғырту болып жарияланды. Қазақ халқының ұлттық мейрамы – Наурыз туралы норма да осы «Тәуелсіздік туралы» декларацияны қабылдағаннан кейін ғана заңдық негіз алып, мемлекеттік деңгейде тойлана бастады.
1989 жылы 22 қыркүйекте «Қазақ КСР-де тілдер туралы» заңы қабылданды. Онда қазақ тіліне – мемлекеттік, ал орыс тіліне – ұлтаралық қатынас тілі, түрлі ұлт топтары тілдеріне жергілікті ресми тіл мәртебелері берілді. Тілдердің қоғамда пайдаланылуына өзара тең құқық берілді. Тілдердің тең құқықтылығын орнату үшін Қазақ КСР Министрлер Кеңесі 1989 ж. 12 желтоқсанда, 1990 ж. 22 наурызда, 13 сәуірде, 22 мамырда, 3 және 6 шілдеде «Қазақ КСР-де тілдер туралы» заңды күшіне енгізуге дайындау туралы алты рет қаулы қабылдаған.
Алайда осы өтпелі кезеңдегі заңдар мен тәуелсіздік туралы деректер, декларациялар, жарғылар, заң нормалары, оны зерттеген заңгер ғалымдар мен олардың еңбектері туралы мағлұматтарды жастарға жеткізу үшін аталған ақтаңдақтарды әлі де болса терең зерттеуді қажет етеді.
Осы тұста докторлық диссертация тақырыбын осындай құнды тарихи құқықтық реформалардың қайдан, қалай шыққандығы, оның шығуына себеп болған заңгер, қоғам қайраткерлері, оның Қазақ елі үшін атқарған еңбектерін тарих беттерінен қайта зерттеп, құқықтық баға берілуі керек. Жаңа мемлекет орнату оңай шаруа емес. Оны жастарымыз, кейінгі ұрпақ түсіну үшін ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының қазақ автономиясын құру барысында қабылдаған нормативтік-құқықтық актілері мұрағаттардан табылып, көпшілікке жету үшін аталған тақырыптар аясында қазіргі көзқарастағы тәуелсіз Қазақ мемлекетінің жастары зерттеп, құқықтық бағасын беру керек деп ойлаймыз. Осы орайда, болашақ докторлық зерттеу тақырыптарын таңдау барысында 1990 жылғы «Тәуелсіздік туралы» декларация, 1991 жылғы «Тәуелсіздік туралы» заңы, оның қабылдану процесі мен негіз болған себептер мен салдары толық, жан-жақты зерттеліп, құқықтық тұрғыдан талдауды қажет етеді.
Алдағы жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің ашылғанына 70 жыл толғалы отыр. Осы орайда, әріптестеріме, заң факультетінің барлық магистранттар мен докторанттарына осы аталған тақырыптар аясында диссертация тақырыбының тізбесін жасауды ұсынамыз. ҚР Конституциясы мен өзге де барлық заңдарының қалыптасуы мен дамуына негіз болған «Тәуелсіздік туралы» декларация мен «Тәуелсіздік туралы» заңы аясында ізденушілерді зерттеу жұмыстарына тарту, ғылыми еңбектеріне арқау болатын өзекті тақырыпты зерттеуге шақырамыз.
Нұрмұхамед МЫРЗАТАЕВ,
PhD докторы
Жұмақан АРЫНОВ,
т.ғ.к. аға оқытушы
Басқа жаңалықтар

