Қазақ поэзиясының жаңа көкжиегі

24 желтоқсан, 2024

Иран астанасы Тегеранда «Кітап – шекарасыз елші» атты ерекше мәдени-әдеби шара өтті. 

Тегеранда орналасқан Эко­номикалық ынтымақ­тас­тық ұйымы (ECO) жанын­дағы Мәдени институттың ұйымдастыруымен және Иран­ның кітап және әдебиет үйі, «Кітап» телеарнасы, Иран­ның Кітап ақпарат агент­тігі (IBNA) және ЭЫҰ ай­мағындағы универ­си­тет­тердің ынтымақтастығы ая­сында өткен әдеби се­ми­нарда қазақ ақыны Мақпал Жұмабайдың өлең-жыр­ла­ры­ның парсы тіліне ауда­рыл­ған кітабының тұсау­ке­сері болды. Қазақ ақынының өлеңдерін парсы тілінде сөйлеткен – шығыстану факультеті ирантану бөлі­мі­нің 1-курс магистранты Гау­хар Омарханова.

Қазақ поэзиясының шет­­­елде насихатталуы – қа­зақ әде­биетіндегі маңызды қа­дамдардың бірі. Семи­нарда әлемнің түрлі елде­рі­нен кел­ген ақын, аудар­ма­шы, әде­биеттанушы және бас­пагерлер қатысып, қа­зақ әде­биетінің бай мұ­ра­сымен танысуға мүмкіндік алды. Г.Омарханова қазақ және парсы мәдениеті ара­сын­да­ғы тарихи байлан­ыс­тарды, парсы тіліне аударма жасау барысында Мақпал ақын­ның шығар­машылы­ғын­дағы нә­зік лиризм мен терең фи­ло­софияны мүм­кін­дігінше дәл жеткізуге ты­рысқанын, бұл тек аударма емес, мә­де­ниетаралық диа­лог­тың бір бөлігі екенін атап өтті.

«Мақпалдың мақамды жыр­лары» атты аударма кі­та­бына Мақпалдың махаб­бат, табиғат, өмір және адамн­ың ішкі рухани әлемі туралы 32 таңдаулы өлеңі енген. Парсы оқырмандары өлеңдердің парсы тіліндегі нұсқасының тілдік шебер­лі­гіне ғана емес, олардың қа­зақ даласының рухын жет­кі­зудегі тереңдігіне де таң­­­даныс білдірді. Ирандық әдеби сыншы әрі зерттеуші Мұс­тафа Раззағи кітап жай­лы өз пікірін білдіріп, «Қазақ ақыны Мақпалдың өлеңдері Г.Омарханованың аудар­ма­сында ерекше мәнге ие. Аудармашы тек түпнұсқа­ның мағынасын дәл жеткізіп қана қоймай, кейбір өлең­дер­де өзінің ақындық ше­берлігін де көрсете білген. Ол сөздерді қолданудағы ше­берлігі арқылы ұйқас пен ыр­ғақты сақтап, түп­нұс­қа­ның әсемдігін екінші тілде қай­та тірілткен», – деп атап өтті.

Бұл үрдіс қазақтың жас буын ақындарының шығар­ма­шылығын аудару арқылы мәдениетаралық диалогты тереңдету және екі ел ара­сындағы әдеби байла­ныс­тарды нығайту үшін ма­ңыз­ды қадам болмақ.

Гүлбақыт ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының аға оқытушысы