ҚазҰУ-да 42 жаңа білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда

25 желтоқсан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Ғылыми кеңес өтті. Жиында Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Бақыт Рахымбекова «Білім беру бағдарламаларын өзектендіру» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ Ғылыми кеңес мүшелеріне «Университеттегі инклюзивті ортаның жай-күйі мен даму перспективалары туралы» тақырыбында презентация ұсынылды.

Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры  Б.Рахымбекова өз сөзінде университетте білім беру процесін жетілдіру мақсатында білім беру бағдарламаларының тиімділігіне жүйелі талдау жүргізіліп жатқанын атап өтті. Талдаудың негізгі параметрлері оқыту нәтижелерінің МЖМБС талаптарына, ұлттық және салалық біліктілік шеңберлеріне және кәсіби стандарттарға сәйкестігі; жұмыс берушілер мен стейкхолдерлердің бітірушінің құзыреттілік моделін сараптау және валидациялау; мониторинг және аккредиттеу қорытындылары бойынша тұрақты жетілдіру болып табылады.

Білім беру бағдарламаларын өзектендіру алгоритмі факультеттердегі фокус-топтармен қазақстандық және халықаралық тәжірибені талдауды, жаңа оқу жылына контингентті болжауды, кадрларды даярлау бағыттары бойынша академиялық комитеттермен жаңартылатын білім беру бағдарламаларын талқылауды және бекітуді  т.б. қамтиды. Мысалы, бакалавриатта «Қаржылық сауаттылық негіздері» пәні ЖББ циклін таңдау компонентіне енгізілді. Шешім ҚР ҚМ ОӘК отырысында, 2023 жылғы 20 желтоқсандағы Астана қаласындағы хаттамада қабылданды. Ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистратура және докторантура бойынша білім беру бағдарламалары оқытушы үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының есебінде бекітілген кәсіби стандартқа сәйкес жаңартылды (ҚР ХӘҰ 2023 жылғы 20 қарашадағы №591 бұйрығы). Сондай-ақ 9 кредиттік пәнді 5 және 6 кредиттік пәнге ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Жалпы, ағымдағы оқу жылында университетте 568 ОП іске асырылуда, оның ішінде 477 жаңартылған және 42 жаңа білім беру бағдарламасы, шетелдік жетекші серіктес университеттермен қосдипломдық жеті білім беру бағдарламасы бар. Бақыт Рахымбекова: «Білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша барлық міндеттерді сәтті жүзеге асыру оқытушылар, студенттер және жұмыс берушілер арасындағы белсенді ынтымақтастықты қажет етеді. Білім беру бағдарламалары тек заманауи ғана емес, тәжірибеге де бағытталып, барлық мүдделі тараптардың пікірлерін ескеру маңызды», – деп атап өтті.

ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев оқытудың инновациялық әдістерін енгізу және оқу үдерісіне заманауи технологияларды қолдану қажеттігін айтып, технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында студенттерге еңбек нарығының талаптарына сәйкес келетін өзекті білім мен дағдыларды қамтамасыз ету үшін білім беру бағдарламаларының мазмұнын қайта қарау және жаңарту мәселесіне назар аудартты. Осылайша білім беру бағдарламаларын жаңарту еңбек нарығында табысты бәсекеге түсе алатын және қоғамның дамуына үлес қоса алатын жоғары білікті мамандарды даярлаудың негізгі факторына айналады.

Ғылыми кеңесте сондай-ақ «Университеттегі инклюзивті ортаның жай-күйі мен даму перспективалары туралы» тақырыбында «Инклюзивті орта» ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғайния Тажина баяндамасын ұсынды. Ол ерекше қажеттіліктері бар студенттер үшін қолжетімді білім беру ортасын құрудың ағымдағы бастамалары мен жоспарлары туралы баяндады, бұл барлық студенттер үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудегі маңызды қадам екендігін жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі