ҚАЗҰУ ФИЛИАЛЫНЫҢ ОМБЫДА АШЫЛУЫ – ТАРИХИ ОҚИҒА

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаевтың
"Ана тілі" газетінде жарық көрген сұхбаты
– Жансейіт Қансейітұлы, қазақ білімінің қара шаңырағының торқалы 90 жылдық мерейтойы құтты болсын! Тарихи датаға қандай табыспен жеттіңіздер?
– Қара шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 90 жылдық шежіресінде бірнеше даму сатысынан өтті. 1934 жылы іргетасы қаланған күннен бүгінге дейін қалыптасу, жетілу, өркендеу кезеңін еңсеріп келеді. Білім мекемесіне бастапқыда 54 студент физика-математика және биология факультеттеріне қабылданған. Екінші Дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін 14 мамандық бойынша кәсіби маман даярлай бастады. Соғыстан кейін университет қайта қанат жайып, жаңа факультеттер легі көбейді. Университетті Иван Лукьянец, Төлеген Тәжібаев, Асқар Закарин, Темірбай Дарқанбаев және Өмірбек Жолдасбеков сынды қазақтың марқасқа ұлдары басқарып, атақты Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сынды ұлтымыздың көрнекті тұлғалары дәріс оқығанын үнемі мақтанышпен айтамыз.
ҚазҰУ қалашығының бой көтеруіне халқымыздың қайраткер тұлғасы Дінмұхамед Қонаев тікелей басшылық жасады. Сондай-ақ академик Өмірбек Жолдасбековтің еңбегі зор. Ал қазақ руханиятының дамуына ерекше үлес қосқан Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Олжас Сүлейменов, Әзілхан Нұршайықов, Кемел Тоқаев, Сағат Әшімбаев, Мырзатай Жолдасбековтер алдыңғы толқын түлектеріміз. Университет түлектеріне қай заманда да сұраныс өте жоғары болған. Мәселен, ел тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары мемлекеттік қызметке ҚазҰУ түлектері мен оқытушылары жаппай шақырылды. Олардың барлығы жан аямай еңбек етіп, жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Қазіргі таңда да мемлекеттік құрылымдарда, еліміздің әр өңірінде, шет мемлекеттерде еңбек етіп жатқан мамандарымыз аз емес.
Университет 90 жылдық мерейтойында да биік беделін сақтап, үлкен жетістіктермен қарсы алып отыр. Биыл оқу орнымыз QS WUR халықаралық рейтингісінде өз көрсеткішін 67 позицияға жақсартты. Әлемдегі Топ–200 университет қатарына кіріп, 163-орынға табан тіреді. Ал Times Higher Education University Impact Rankings – 2024 халықаралық рейтингісінде Топ–401–600 орынға ие болды. Білім ордасы бірден 400 позицияға алға жылжып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. QS Asia University Rankings халықаралық рейтингісінде 29-орынға ие болды. ҚазҰУ Бейжің университеті, Сингапур ұлттық университеті, Корея университеті сияқты әлемдік университеттермен қатар Топ–30-ға енді.
2022 жылы білім ордасына «зерттеу университеті» мәртебесі берілді. Қазіргі сәтте университет ғалымдары жалпы құны 35 млрд теңге болатын 403 жобаны іске асырып жатыр.
2019 жылы Мемлекет басшысы Бейжіңде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, ынтымақтастыққа қол жеткізді. Нәтижесінде Орталық Азиядағы ең қуатты, жоғары өнімділігі 1,94 PFLOPS-ты құрайтын суперкомпьютер жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жеткізіліп, орнатылды. Әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің тізіміне кіретін суперкомпьютер жасанды интеллект технологиясы, мұнай-газ, энергетика, ауыл шаруашылығы, Жерді қашықтан зондтау, 3D модельдеу салалары бойынша деректерді топтастырады.
Оқу орнының 90 жылдығына орай, «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы бой көтерді. «Farabi Hub» орталығының ауданы 5 мың шаршы метр. Хаб креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобаларды жүзеге асырады. Мұнда телекоммуникациялар мен ақпараттық технологияларды өндіруде әлемде мойындалған ZTE, Binlin Electronic Technology, BASF корпорациясы және басқа шетелдік компаниялардың орталықтары, университет базасындағы ғылыми-зерттеу институттары орналасқан. Мерейтойлық жыл аясында география және табиғатты пайдалану факультетінде «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығы ашылды. Жаңа орталық құрамына Орнықты даму мақсаттарын іске асыратын 10 инновациялық зертхана кіреді. Атап айтқанда: климат және модельдеу, цифрлық картография және қолданбалы геодезия, GlobalSky – атмосфералық зерттеулердің инновациялық зертханасы, су ресурстарының сапасын сараптау, топырақ экологиясын және ландшафтылардың деградациясын геоақпараттық талдау, геодемографиялық және әлеуметтік-экономикалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған қосымша, «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасы іске қосылды. Жаңа орталық Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруінен болатын су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы, аймақтағы су тасқыны, жер сілкінісі сияқты табиғи қауіп-қатерлерге мониторинг жүргізеді. Орталық ғалымдары өткен жылғы көктемгі су тасқыны кезінде штаб құрамында Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында жұмыс істеп, ұсыныстар әзірледі. Сонымен қатар Өндірістік робот техникасы және роботтандыру бойынша инженерлік компетенция орталығы жаңадан жасақталды. Бұл орталық «Өнеркәсіп – 4.0» жүйесінде жұмыс істейтін кәсіби кадрларды даярлап, мемлекеттің өндірістік робот техникасы саласын дамытып, өндірісті автоматтандыру, цифрландыру мақсатын айқындайды. Соңғы үлгідегі телескоптармен жабдықталған «Фараби» заманауи обсерваториясы еліміздің жоғары оқу орындары арасында тұңғыш рет іске қосылды. Мұнда деректерді өңдеу, жинау және тарату, қашықтан басқару, фотометрлерді қолдану, ірі телескоптармен жұмыс істеу қарастырылған. Қытай Халық республикасы мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары Лю Гочжун ресми сапармен келіп, «5G/5.5G коммуникациялық технологиялар» зертханасын ашты. Жаңа ғылыми зертхана телекоммуникациялық байланыс жүйелерінің мамандарын даярлауға, жаңа технологияларды меңгеріп, интернет жылдамдығын жетілдіруге, 6G желісін енгізуге мүмкіндік береді. Биылғы жылдағы тағы бір жаңалық – химия және химиялық технология факультетінде Chemical Coating innovations ғылыми-өндірістік орталығы ашылды. Мұнда машина жасау өндірісі үшін гальваникалық қаптамалар шығарады. Бұдан бөлек, факультет ғалымдары заманауи Farabi Chem Science тоғыз ғылыми зертхана кластерін ашты. Кластердің мақсаты – металл және ағаш конструкцияларға арналған отқа төзімді жабындарды жасау, қоршаған ортаны ластаушы заттарды анықтап, химиялық ток көздеріне арналған жаңа материалдарды әзірлеу. Сондай-ақ отандық медициналық-биологиялық құралдар мен бактерияға қарсы қорғаныш жабындарын алудың оңтайлы әдістерін әзірлейді.
28 мыңнан аса студент білім алатын Фараби университеті халықаралық байланысты нығайтуға да айрықша мән береді. Білім ордасы Батыс және Шығыс Еуропа, Солтүстік Америка, Азия және Тынық мұхиты аймағындағы 700-ден астам жоғары оқу орындары және ұйымдармен тығыз серіктестік орнатқан.
Академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында жыл сайын мыңға жуық студент, магистрант, докторант шетел университеттерінде тағылымдамадан өтеді.
Сондай-ақ 850-ден астам оқытушы әлемдік оқу орындарында біліктігін арттырды. 54 мемлекеттен келген 4 мыңнан аса студент білім алады.
Биыл АҚШ-тың Penn State университетімен ІТ бағытында бірлескен ғылыми орталық құру туралы келісімге қол қойды. Францияның Экология және қоршаған орта институтымен «Орталық Азияны зерттеу жөніндегі археозоологиялық орталық» зертханасын бірлесіп ашты. ZooStan орталығының негізгі мақсаты – соңғы миллион жыл ішінде адам мен жануарлар арасындағы қарым-қатынас динамикасының призмасы арқылы өткен тарихты зерттеу. Көшбасшы университет Гонконг политехникалық университеті арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, Орталық Азиядағы Тұрақты даму орталығы жұмыс істей бастады. Орталық Азиядағы және «Бір белдеу – бір жол» жобасына қатысушы мемлекеттерде әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатын көздейді. ҚазҰУ ғалымдарының Қытай Халық республикасы Үрімжі қаласында жыл басында өткізген ғылыми-инновациялық көрмесіне Қытайдың 200-ге жуық жоғары оқу орны қатысты. Онда ҚазҰУ ғалымдары дәрілік өсімдіктерден жасалған биологиялық белсенді қоспалар мен фитошайларды, бекіре балықтарын түрлі аурулардан емдейтін жаңа антибактериалды препараттарды ұсынды. Сонымен бірге Қан тамырлары патологиясы орталығының ғалымдары көрмеде артериялық тамырлардың өткізгіштігін қалпына келтіруге арналған жаңа құрылғы мен инновациялық әдісін таныстырды.
Оқу орнының филиалдары Түркияның Ыстанбұл, Қырғызстанның Бішкек қалаларында жұмыс істейді. Жақында екі ел президенттерінің қатысуымен Ресейдің Омбы қаласында ашылды. Оқу ордасының базасында МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің және Қытай Халық республикасы Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы жұмыс істейді.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекет басшылары кеңесінің отырысы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің кездесуі аясында тағы бір ірі келісім жасалды. 2025 жылдан бастап ҚазҰУ ғарышқа наноспутник ұшырады. Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетімен микроспутниктік ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жоғарыда атап өткен мысалдардан бөлек, бірнеше өзекті мәселені зерттейтін ірілі-ұсақты зертханалар іске қосылып, білім алушылардың игілігіне жұмыс істей бастады.
– Оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастарға қандай әлеуметтік жағдай жасалды?
– Төрт жыл бұрын ҚазҰУ-ге қызметке келгенде, ең алдымен, еңбекақыны көбейту, оқу корпустары мен жатақханаларға жөндеу жұмыстарын жүргізу секілді кезек күттірмейтін шаруалар қолға алынды. Жылдан-жылға оқуға қабылданып жатқан білім алушылардың көбеюі жаңа оқу корпустары мен жатақханалардың салынуын қажет етеді. Сондықтан университет қалашығы құрылысының екінші кезеңін жүзеге асыру жоспары бойынша жұмыстар басталды. 2022 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңін бастау туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда жетіқабатты үш оқу корпусы мен 2 000 орынға арналған үш жаңа жатақхана бой көтеруде. Жалпы, болашақта 12 мың орынға арналған жатақхана, тоғыз оқу корпусы және профессорлық-оқытушылық құрамға арналған 1 080 пәтерлік 10 тұрғын үй салу көзделген. Сондай-ақ технопарк, заманауи университет клиникасы, әкімшілік ғимараттар салу жоспарланып жатыр.
Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы мен спорт-сауықтыру кешені қайта жаңғыртылып жатыр. Жоғары сападағы, заманауи үлгідегі ҚазҰУ стадионы УЕФА мен ФИФА ұйымдарының талаптарына сай күрделі жөндеуден өтті. Футбол алаңының жасанды жабындысы мен дренаж жүйесі әлемдегі Топ–3, Орталық Азиядағы Топ–1 талабына сәйкес келеді. Құрылыстар күрделілігі мен ауқымдылығына байланысты кезең-кезеңімен атқарылады. Білім алушыларды сапалы тағаммен қамтамасыз ету мақсатымен бірнеше асхана, кофехана желісін аштық. Одан бөлек, баспа және көшірме орталығы іске қосылды.
Студенттер үшін жатақханаларды жайлы орынға айналдыру және білім алушы жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді. Бұған дейін үш жатақханаға күрделі жөндеу жүргізіліп, сантехника және электр желісі тартылып, душ кабиналары қойылды. Жатақханалар 1970–1990 жылдары салынып, одан кейін күрделі жөндеуден өтпегендіктен, бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асады. Биыл студенттер үйлеріне жүргізілген жөндеу жұмыстары кезінде 16 жатақхана бойынша 800 есік ауыстырылды. Ас бөлмелеріне 120 тоңазытқыш пен 120 электр плитасы пайдалануға берілді. Бұған қосымша, 4 000 матрас, 4 000 жамылғы, 4 000 жастық, 4 000 жайма комплектісі жаңадан алынды. 735 шкаф, 1 065 тумба, 450 стол, 1 050 кітап сөресі, 1 065 орындық ауыстырылды. Қазіргі сәтте барлық факультеттегі оқу аудиторияларындағы жиһаздарды жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.
– Ф.М. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің филиалы ашылды. Мұны Ресейде ашылған алғашқы шетелдік оқу орнының филиалы ретінде айтып жатыр. Мамандар бізден бара ма? Жалпы, осы филиал жұмысы жөнінде айтып өтсеңіз...
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Ф.М. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалын ресми түрде ашты. Бұл тарихи оқиға Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында жүзеге асты. Ресейдегі тұңғыш ашылған қазақстандық жоғары оқу орнының филиалы талапкерлерді 2025 жылдың қыркүйегінде қабылдайды. Қазақстан мен Ресей үкіметі студенттерді оқыту үшін арнайы 200 грант бөлді. ҚазҰУ филиалы «Халықаралық құқық», «Қазақ филологиясы» және «Кеден ісі» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша бакалаврлар мен магистранттарды даярлайды. Болашақта қосдипломды білім беру бағдарламасы жүзеге асырылмақ. Жаңадан ашылған филиалда білім алушы жастарды қос университеттің оқытушылары оқытады. Дәрістер қазақ, орыс, ағылшын тілінде жүргізіледі. Болашақта шетелдік ғалымдарды тарту көзделіп отыр.
Қазіргі таңда университетте 16 факультетте 28 мыңнан аса студент білім алуда. Осы көрсеткіштің өзінен-ақ ғасырға жуық тарихы бар білім ошағының бүгінгі таңда еңсесі биік, тегеуріні мықты оқу ордасына айналғанын көруге болады. Еліміздің батыс өңірлерінен төтенше жағдайға байланысты білім алуға келген жастар мемлекеттік грантқа ие болды, олар оқуға қабылданып, жатақханамен толықтай қамтамасыз етілді.
– ҚазҰУ-ге грантқа тапсырған талапкерлер қандай мамандықты көп таңдайды? Ал ақылы оқуды таңдағандар қандай мамандықта көбірек оқығысы келеді? Мұндай статистика жүргізесіздер ме? Соңғы үш жылда уақыт талабына сай қандай мамандықтар ашылды?
– ҚазҰУ-ге грантқа тапсырған талапкерлер «Биологиялық және сабақтас ғылымдар», «Математика және статистика» білім беру бағдарламаларына көбірек қабылданады. Ал ақылы түрде білім алушылар «Құқық», «Халықаралық қатынастар және дипломатия» мамандықтарын таңдайды. Әлемде технология дамыған сайын жаңа мамандық түрлері пайда болып жатыр. Университетте соңғы үш жылда «Су дипломатиясы», «Ядролық инженерия», «Электроника және байланыс технологиялары», «Халықаралық бизнес», «Қолданбалы және есептеу математикасы», «Криптология» – үш деңгей бойынша бакалавриат, магистратура, докторантура, «Есептеу инженериясы», ҚР ҚМ «Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институты» РМУ-мен «Әскери журналистика» қосдипломдық білім беру бағдарламасы ашылды.
– Оқу ордасы халықаралық деңгейдегі зерттеу университетіне трансформацияланып жатыр. Бұл бағытта қандай жобалар іске асырылды?
– Білім ордасы экономиканың жаңа салаларын дамыту және өмір сүру сапасын арттыру үшін озық технологиялар мен ғылыми зерттеулерді пайдалана отырып, ғылым мен инновация саласындағы трансформацияны жүзеге асыруда. Соңғы жылдары университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру екі есе өсті. Бұл көрсеткішке ғылыми қызметте инновациялық әдістерді енгізуге стратегиялық назар аудару, сондай-ақ мемлекеттік органдар, ірі компаниялар және халықаралық ғылыми орталықтармен серіктестік байланыстарды кеңейту нәтижесінде қол жеткіздік. Тұрақты даму, экология, ақпараттық технологиялар, биотехнологиялар, медицина және энергетика саласындағы жобаларға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Сонымен қатар ҚазҰУ әлемдегі жетекші университеттермен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен белсенді ынтымақтастық орнатуда. Бұл халықаралық тәжірибе мен білімді ғылыми-зерттеулер процесіне интеграциялауға мүмкіндік береді. Осы серіктестіктер аясында университет климаттың өзгеруі мен медициналық зерттеулер сияқты ғаламдық мәселелерді шешуге бағытталған ірі халықаралық жобаларға қатысады.
Қазіргі таңда ҚазҰУ-де ғылыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін 25 ғылыми журнал бар. Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің басылымдар тізбесіне 21 журнал кіреді. Таяуда Scopus және Web of Science халықаралық дерекқорларына кіретін «Туваның жаңа зерттеулері» журналымен бірлесіп басып шығару туралы келісімшартқа қол қойылды. Бұл маңызды қадам ғалымдарымызға халықаралық деңгейде өз зерттеулерін жариялау мүмкіндігін ашады. ҚазҰУ-дің бес ғылыми журналы Scopus дерекқорына, ал алты журналы Web of Science дерекқорына енгізілген. Жақында ғана International Journal of Biology and Chemistry журналы Scopus дерекқорының құрамына енді. Бұл университетіміздің ғылыми жарияланымдарының халықаралық деңгейде мойындалғанын және ғылыми қызметтің жоғары сапасын көрсетеді. 2023 жылы Journal of Problems in Computer Science and Information Technologies атты ағылшынтілді жаңа журнал ашылды. ҚазҰУ ғылыми журналдардың санын көбейтуді жоспарлап отыр. Жаңа журналдар университетіміздің ғылыми жұмысын нығайтып, оның ғылым саласындағы беделін арттырады.
Университет ғалымдары мен зерттеушілері халықаралық беделді Scopus және Web of Science базаларында индекстелетін басылымдарда жыл сайын 1 300-ден аса ғылыми жарияланым жариялап, қазақстандық жоғары оқу орындары арасында көшбасшылық позициясын нығайтып келеді. Сондай-ақ университет басшылығы ғалымдарға қолдау көрсету мақсатында арнайы сыйақы жүйесін енгізді. Мысалы, 2023 жылы жоғары рейтингілі (Q1 және Q2) ғылыми журналдарда жарияланған 396 мақала авторларына 130 205 764 теңге көлемінде сыйақы берілді. Мұндай шаралар университеттің ғалымдарына рейтингіні басылымдарда жариялануға мүмкіндік беріп қана қоймай, ғылыми жобалар мен гранттарға қол жеткізу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Бұл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әлемдік деңгейде беделін нығайтып, қазақстандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосуына ықпал етеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 90 жылдығына орай ғылыми іс-шаралар халықаралық, республикалық және университет көлемінде өткізілді. Атап айтатын болсақ, 78 халықаралық конференция, 22 республикалық, 31 халықаралық дөңгелек үстел, 19 республикалық дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Қазіргі таңда ғылыми-зерттеу орталықтары мен ғылыми-зерттеу институттары қарқынды түрде дамып жатыр. ҚазҰУ-де әлеуметтік гуманитарлық бағыт бойынша ҒЗИ саны – 10, ал ҒЗО – 24. Сонымен қатар тарих және халықаралық қатынастар факультеттерінде ғылыми-зерттеу орталықтарын ашу жоспарланған. ҚазҰУ-де бүгінде 22 диссертациялық кеңес жұмыс істейді және оның ішінде бір диссертациялық кеңес Ядролық физика институтымен бірлесе ашылды. Сонымен қатар 235 докторант және 270 магистрант ғылыми тағылымдамадан шет мемлекеттерде өтті.
2024 жылдың қараша айындағы статистикаға сәйкес, коммерцияландыруға арналған тоғыз гранттық қаржыландыру жобасы жүзеге асырылуда, жалпы сомасы – 2 миллиард 146 миллион теңге. 2022 жылы бұл көрсеткіш – 11 жоба, 2023 жылы 14 жоба болған. Сондай-ақ университет студенттері 24 стартап жобасын жүзеге асыруда. 2022 жылы студенттік бизнес-инкубатор жұмысының нәтижесінде алты студенттік стартап жоба іске қосылса, ал 2023 жылы жеті стартап жоба іске қосылды. Нәтижелерге сүйенсек, жоба санының артуы және студенттердің осындай жобаларға қатысуға қызығушылығы анық байқалады. Үш жылды салыстырар болсақ, ғылым мен техниканы коммерцияландыру жұмысының нәтижелері ғылыми-техникалық және стартап жобаларының санының тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді.
– Докторанттар, оқытушы-профессорлар құрамының еңбекақысына үстемеақы қосылатынын құзырлы органдар хабарлады. ҚазҰУ-дің ОПҚ еңбекақысы оқу орны тарапынан ынталандырыла ма?
– Біз үшін ғылым мен жоғары білім саласын дамытуда оқытушы-профессорлық құрамның атқаратын жұмыстары мен алға қойған айқын мақсаттарының мерзімінде орындалуы аса маңызды. Оқытушы-профессорлық құрам білім беру, ғылыми жұмысын сапалы атқару үшін әрдайым ынталандырылады. Scopus, Web of Science базаларына енетін журналдарда жарық көрген мақалалары үшін еңбекақысына үстемеақы төленеді.
– Сіздің түркология саласында, қазақ тілінің мәселелері жөніндегі табысты ғылыми еңбектеріңізді білеміз. Қазір қай бағытта ізденіп жүрсіз? Жалпы, қызмет ғалым қаламына кедергі болмай ма?
– Таяуда «Түркі-моңғол лексикалық параллельдерін тарихи-генетикалық тұрғыдан ажыратудың теориялық қағидалары мен критерийлері» атты монографиялық еңбегім Түркі академиясы арқылы жарыққа шықты. Бұл өзі көп зерттеле қоймаған тың тақырып. Түркі-моңғол тарихи этнолингвистикалық ықпалдастығы – тіл білімінің ең қызықты, бірақ сонымен бірге күрделі мәселелерінің бірі. Тіл ғалымдарының, тарихшылардың, этнографтардың т.б. ерекше қызығушылығы болса да, жалпы түркі-моңғол этнолингвистикалық байланысы және оның ішінде қазақ-моңғол қарым-қатынасы арнайы әдебиеттерде теориялық, сондай-ақ қолданбалы аспектілері әлі де жеткілікті деңгейде қамтылған жоқ. Бұл мәселенің бір ұшы алтай тілімен ортақтастығының әрі күрделі, әрі шым-шытырық жағдайына келіп тіреледі. Осы жерде бір ескеретіні – зерттеушілердің алдында алтайтану түйткілдерінің барлық ауытқымасын түсіну, түркі, моңғол, тұңғыс-манчжур, сондай-ақ басқа да кейбір тілдердің туыс-туыс еместігі туралы қалыптасқан теорияларды анықтау сияқты аса маңызды міндет тұр. Бұл жұмыстың өзектілігі тілдердің тарихи дамуы мен жетіліп, байи түсуі салыстырмалы-тарихи зерттеудің ең серпінді процестердің бірі ретінде өзара тығыз ықпалдастық пен әрекеттесуге әкелген тілдердің лексикалық үдерістері жалпы лингвистикалық мәселе екенімен де ерекшеленеді.
Қазақ тілінің тарихи лексикологиясының көптеген мәселесінің шешімі, шынында да, басқа түркі тілдерінің көпшілігі сияқты толық жинақталмаған, жүйеленбеген әрі оның үстіне моңғол тіліндегі лексикалық жалғаулардың өзекті мәселесі де қазақ тіліндегі сәйкес тілдік деректердің толық еместігі қиындық тудырады, қолжетімсіз материал болып саналады. Сондықтан қазақ тілі тарихи лексикологиясының көптеген мәселесі жеткілікті түрде дамымаған күйінде қалып отыр және бұл салада одан әрі зерттеуді қажет етеді. Сондықтан осы саладағы тың зерттеуді одан әрі жалғастырамыз. Алдыңғы зерттеушілердің мол тәжірибесін ескере отырып, алтай инициалдық теориясына сыни шолу жасау барысында түркі, моңғол және тұнғыс-манчжур тілдерінің жалпы лексикасын салыстырмалы-тарихи салғастырмалы зерттеудің бағыттары белгіленді. Моңғол және тұңғыс-манчжур тілдеріндегі түркизмдерді, сондай-ақ тұнғыс-манчжур тілдеріндегі моңғолизмдерді анықтау үшін оларды анықтау әдістерін нақтылаудың және толықтырудың маңызды қадамдары жасалды. Кітап түркі және моңғол тілдерінің лексикасына тән және кірме сөздерді жүйелі түрде ажыратуға айтарлықтай үлес қосады. Жұмыс лингвистерге, соның ішінде алтай тілдерін зерттеушілерге арналды. Сондықтан біздің алдымызда әлі талай зерттеу жұмысы тұр. Ғылымға шын берілген адамға қызмет ешқашан кедергі болған емес. Бәрі адамның өзіне байланысты, уақытыңды тиімді пайдалана білсең, ғылыммен де айналысуға, қызметіңді де адал атқаруға болады.
– Әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен
Ерлан Жүніс
Басқа жаңалықтар

