ҚазҰУ ғалымдары 36 млрд теңгеге 400-ден астам жобаны жүзеге асыруда

30 желтоқсан, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары бүгінде 36 млрд теңгеге 400-ден астам жобаны жүзеге асыруда. Университет зерттеушілері химия және химиялық технологиялар, нанотехнология және жаңа материалдарды әзірлеу, биомедицина және нейроғылым, тамақ өнеркәсібі және агроөнеркәсіптік кешен, молекулалық биология және генетика салаларында инновациялық жобаларды әзірлеуде.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ зертханалары жоғары технологиялық шешімдерді әзірлеу үшін негізгі алаңға айналуда. Химия ғалымдары іске асырып жатқан ауқымды жобаларының бірі – литий трибораты негізінде жасанды кристалдарды өсіру технологиясы. Бұл материалдар оптика және электроника сияқты озық салаларда жоғары мәнге ие, олардың құны 500 грамға дейінгі үлгі үшін 10 мың АҚШ долларына жетеді. ҚазҰУ осындай технологияларды меңгерген бірнеше әлемдік орталықтардың қатарына кіреді.

Сонымен қатар ғалымдар сирек кездесетін элементтердің минималды мөлшері бар флуоресцентті материалдарды алу технологиясын әзірлеп, арнайы  патент алды. Бұл материалдар фотоэлементтер өндірісінде қолданылады және соңғы өнімнің өзіндік құнын едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.

Литий-ионды батареялардың орнына университет ғалымдары натрий-ионды және магний-ионды аккумуляторлар түрінде балама ұсынады. Мұндай ғылыми әдіс энергияны қолжетімді етіп, экологияға кері әсерін тигізбейді. 

ҚазҰУ отандық өнеркәсіптік кәсіпорындармен, «ҚазЭлектроПривод», Қарасай машина жасау зауытымен және «Кировец» зауытымен белсенді ынтымақтасады. Университет мамандары коррозияға қарсы, сәнді, ыстыққа төзімді және тозбайтын жабындарды жасау үшін электрохимиялық технологияларды әзірлеп шығарды. Бұл материалдар ҚазҰУ-дың халықаралық сапа стандарттары бойынша жасақталған жаңа ғылыми-өндірістік орталығында шығарылады.

«Lanxess» (Германия), «Сибур» (Ресей) және «Synthos» (Польша) сияқты халықаралық компаниялармен бірлесе отырып, ҚазҰУ ғалымдары бутадиен-нитрилді каучукты гидрлеу үшін жаңа катализаторлар әзірледі. Бұл әртүрлі салаларда сұранысқа ие серпімді және жұмсақ резеңке шығаруды қамтамасыз етті.

Мұнай өнеркәсібінде университет «ҚазТрансОйл» АҚ-мен бірге мұнайдың реологиялық қасиеттерін жақсарту және оны эмульсиялау әдістерін жасап шығарды. Бұл технологиялар «Қуатамлонмұнай» кәсіпорнында сынақтан сәтті өтті.

ҚазҰУ-дың полимерлі материалдар саласындағы әзірлемелері де жоғары көрсеткішке ие. Оқу ордасының ғалымдары табиғи тастан асып түсетін полимерлі композиттер жасады. Бұл материалдар құрылыс пен өнеркәсіпте қолданылады.

ҚазҰУ-дың ұлттық нанотехнологиялық зертханасында фуллерендер, графендер және графен оксиді сияқты бірегей көміртекті наноматериалдарды әзірлеу және өндіру бойынша зерттеулер белсенді жүргізілуде. Бұл материалдар жоғары физика-химиялық қасиеттерге ие, сонымен қатар өте сезімтал сенсорларды құруға, жабындар мен үйкеліске қарсы қоспалардың өнімділігін жақсартуға және пиротехникалық материалдарда қолдануға кең перспективалар ұсынады.

Зертхананың маңызды жетістіктерінің бірі – жоспарлы наноқұрылымның механикалық емес технологиясын жасау. Бұл технология материалдардың бетінде нанорельефті жоғары дәлдікпен жасауға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл металдарда нақты және голограммаларды қалыптастыру үшін қолданылады. Озық нанотехнологияларды қолдану арқылы жасалған голографиялық қорғаныс элементтерінің бұл түрі контрафактілермен күресуде күшті қару болады. Олар банкноттарды, бағалы металдардың құймаларын және басқа да бағалы тауарларды жалған ақша жасаушылардан тиімді қорғайды.

Зертханаларда фуллерендер мен олардың туындыларын синтездеу және қолдану бойынша зерттеулер де іске асырылады. Фуллерендер коррозияға қарсы және антиоксиданттық қасиеттерге ие, бұл металдарды қоршаған ортаның теріс әсерінен қорғауға арналған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында нейроғылымды дамытуға арналған Қазақстанда алғаш рет Ми институты ашылды. Институт бес бағытқа бағытталған: когнитивті, есептеу және мінез-құлық нейроғылымы, нейролингвистика және жасушалық, молекулалық нейроғылым. Оның мақсаты – ми мен сананы зерттеу үшін әлемдік деңгейдегі заманауи зерттеу базасын құру.

Сонымен қатар ҚазҰУ инновациялық биомедициналық шешімдерді сәтті әзірлеуде. Олардың ішінде Қазақстанның өсімдік шикізатынан биологиялық белсенді қоспалар, жаралар мен күйіктерді емдеуге арналған гидрогельдік маскалар мен мазьдар, сондай-ақ хирургиялық жіптер мен импланттарға арналған бактерияға қарсы жабындар бар. Бұл жабындар шетелдік аналогтарға қарағанда тиімдірек және бағасы қолжетімді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары денсаулық пен тамақ өнеркәсібіне арналған бірегей өнімдер әзірледі. Университет зерттеушілері бие мен ешкі сүтінен жасалған «Арғымақ» атты йогурт пен сүзбе дайындап шығарды. Бұл ас қорытуды жақсартады және иммунитетті күшейтеді. Өнімдер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен арнайы патент пен сертификат алды. 

Сондай-ақ ҚазҰУ ғалымдары өсімдік майларын гидрлеу үшін палладий және платина катализаторларын жасау арқылы тамақ өнеркәсібінде жетістіктерге жетті. «Масло-Дел» комбинатындағы сынақтар бұл катализаторлардың транс-изомерлері аз майларды өндіруге мүмкіндік беретінін көрсетті.

Білім ордасында ауыл шаруашылығы саласында озық технологияларды әзірлеуге ерекше көңіл бөлінеді. Ғалымдар көпжылдық бидай өсіру бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ол өнімділікті арттыруға, экожүйені қорғауға және топырақтың құнарлылығын сақтауға қабілетті. Зерттеушілер микроорганизмдерге негізделген жем қоспасын алады. Бұл инновациялық өнім мал шаруашылығының өнімділігін жақсарту арқылы жемшөптің тағамдық құндылығын арттырады.

Сонымен қатар ҚазҰУ-да сапасыз қоңыр көмірлер мен микробтық консорциум негізінде кешенді тыңайтқыштар әзірленді. Олар топырақтың құнарлылығын қалпына келтіруге және ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыруға көмектеседі, бұл экологиялық қауіпсіздік пен агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына ықпал етеді.

Қазіргі уақытта заңсыз аулаудың көптігі, судың ластануы және тіршілік ету ортасының жойылуы салдарынан бекіретұқымдастар толық жойылу қаупінде тұр. Сондықтан оларды аквакультураларда өсіру жолға қойылған. Бірақ оның да кері әсері жоқ емес. Өйткені бекіре балықтары инфекциялық ауру тудыратын бактериялардың «құрығына» жиі түседі. Бекіре балықтарын сақтап қалу үшін университет ғалымдары «Бекіре балықтарының ауруларын емдеуге арналған жаңа антибактериалды препараттар» дайындады. Бұл өнімді балық аулау кәсіпорындары, оның ішінде өндірістік аквакультура кешендері мен балық өсіру шаруашылықтары, сондай-ақ балық өсірушілер тұтына алады.

Осы ғылыми жетістіктердің барлығы ҚазҰУ-дың әлемдік ғылыми аренадағы позициясын нығайтып қана қоймай, технологияларды коммерцияландыру үшін мүмкіндіктер ашады, бұл университетті инновациялардың жетекші орталықтарының біріне айналдырады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі